Екі күн бойы толассыз жауған жаңбыр Жаңаөзен жұртын әбігерге салды. Мұнайшылар мекенін су басып, жаңаөзендіктер толарсақтан су кешіп жүруге мәжбүр. Төтенше жағдайды жойып, көлшіктерге айналған көшелерді жөнге келтіру мақсатында шұғыл штаб құрылып, 70 арнайы техника мен 100-ге жуық адам жұмылдырылды.
Биылғы көктем Маңғыстау үшін жаңбырлы болды. Аспан жібі сөгіліп, жауын-шашын болған сайын жер құлпырып, көгереді. Алайда жерге ырзық болар жаңбыр маңғыстаулықтарды алаңдататын түйткілді мәселеп боп, өз зардабын тигізуде. Мұнайлы ауданында орын алған жағдайдан тұрғындар аяқ алып жүре алмай, қара батпаққа батқан. Жергілікті билік жағдайды қолға алуға тырысып, жерді судан тазарту жұмыстарына білек сыбана кіріскен. Оған 49 адам, 11 арнайы техника және 6 мотопомпа тартылды. Өзекті мәселені қадағалау мақсатында Мұнайлыға келген облыс әкімі Алик Айдарбаев аудан ахуалымен танысып, көшелерін көрді: -Жағдай жіті назарда. Әр үйдің ауласында арық қазу керек. Болашақта қатты жауын болса, осы арық арқылы су ағатын болады. Тұрғындардың өздері де қол қусырып отырмау қажет. Бұл мәселені бақылауда ұстаймыз,-деді аймақ басшысы. Ал Жаңаөзен қаласындағы нөсердің зардабы халықтың құтын қашырды. Көше, аулалар су астында қалып, оған барлық техникалар жегілсе де, толассыз жаңбырдың салдары орасан екен. Өкінішке орай, «Өзен» қосалқы станциясының ТН-4-110 тоқ күшінің артуынан электр қуатында кідіріс туындап, ағын суды тартып шығаратын сорғыштар істен шығып, «Өзенинвест» МКК кәріздік-сорғыш станциясының жұмысы тоқтатылды. Бұл қаладағы жағдайды ушықтырып, сорғыштарда су деңгейінің көтерілуіне әкеліп соқты. Қазір оның орнына Төтенше жағдайлар департаменті, коммуналдық қызметтер және «Өзенмұнайгаз» АҚ компанияның сорғыштарын пайдаланып, жұмыс жолға қойылды. Осы жүйелі жұмыстарды тексеруге келген облыс әкімі Алик Серікұлы қаладағы ең көп зардап шеккен жерлерге тоқтап, жауапты орган басшыларына тапсырмалар жүктеді. -Жұмыс жедел басталып, штаб құрылып, жағдай бірден бақылауға алынды. Осы іске қаладағы барлық техникалар тартылды. Ең бастысы, адамдар аман, жарақаттанушылар жоқ. Екі уақытша баспана зақымдалған екен, кейін қала әкімі мен мұнайшылар үйлерді жөндеуге көмектеседі. Жаңаөзен қаласында нөсерлі кәріз жүйесі жоқ. Барлық су астына түсіп, кәріздік желілеріне барып құйылып, нәтижесінде кәріздік-тазарту қондырғысын, сорғыш станциясын су басқан. Ендігі мақсатымыз – суды тартып, сорғыш станциясын жөндеп, қәріздік-тазарту қондырғысын іске қосу,-деді А.Айдарбаев.
Оның сөзінше, өңірдің барлық ауданында жағдай осы. Толассыз жауған жаңбырдан қала ішінде көлшіктер пайда болып, халыққа қолайсыздық тудырады. Бұл түйткілді мәселені шешу үшін дренаж жүйесін іске қосу керек. Оны іске асыру – болашақ еншісінде. -Судан тазарту жұмыстарын тез аяқтауға тырысамыз. Техникалар тапшы болғандықтан, ең маңызды жерлерде ғана судан тазарту жұмыстары жасалуда. Басқа аудандарда жағдай қалыпты,-деді облыс әкімі.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН