Бүгін Ақтау қаласында Жеңістің 74 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері Абдуғали Рысбаев және Павел Козловқа арналған ескерткіш тақталардың ашылу салтанаты өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Ұлы Отан соғысы ардагері Абдуғали Рысбаев тұрған 27 шағынаудандағы 26 үйге және Ұлттық ұлан ардагері, полковник Павел Козлов тұрған 2 шағынаудандағы 37 үйге ескерткіш тақталары орнатылды. Ескерткіш тақтайшаның ашылуына Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Елеусізов, Ақтау қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Қартбай және қала тұрғындары қатысты. Олар шара аясында ардагерлердің соғыстағы ерлігі мен ерен еңбегін атап өтті. Ал Маңғыстау облыстық полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Нағашыбай Жариев Ұлттық ұлан ардагері, полковник Павел Козловтың соғыстан кейін ішкі істер департаментінде қызмет еткенін айтты. Соғысқа 1944 жылы аттанған Павел Козлов Ленинград қаласын, Эстония, Латвия, Литва, Украина елдерін жаудан азат етуге атсалысқан. Жеңісті Мемель қаласын жаудан тазартуға бекінген тұста қарсы алған. Ардагердің дүниеден өткеніне бес жылдай уақыт болды. Ал Абдуғали Рысбаев 1939 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, Грузия елінде әскери борышын өтеді. Ол Ұлы Отан соғысына 1941 жылы аттанып, 251 полкте пулеметші болды. Соғыстан кейін балық аулау кәсібімен айналысқан және мұнай саласында қызмет еткен. Он бір жыл бұрын дүниеден өткен ардагердің есімі ұмытылмайды. Келген қонақтар ескерткіш тақта алдына гүл шоғын қойып, майдангерлерді еске алды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="79025,79056,79032,79034,79028,79030,79029,79027"]