Отан үшін отқа түскен батырлар қасық қаны қалғанша күресті. Қазақтың қайсар қыздары да қолға қару алып, туған елдің еркіндігі мен бостандығы үшін жанын пида етті. Өткен ғасырдың ауыр күндері естен кетпейді. Батырлар ерлігі ұмытылмайды. Міне, Жеңіс туының желбірегеніне 74 жыл толды. Ұлы Жеңіс күніне орай Ақтау қаласындағы «Мәңгілік алау» жанында «Батырларға тағзым» мерекелік шеруі өтті. Мерекелік шеру №1 қалалық емханадан бастап Қашаған Күржіманұлы ескерткішіне дейін жалғасты. Оған Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері, әскери қызметкерлер, аймақ басшылары мен тұрғындар қатысты. Шеруге жиналған 3000-нан астам адам қан майданда қаза тапқан батырлардың суретін ұстап орталық көшені жүріп өтті. https://youtu.be/K6QnKlb5EwU Содан соң Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов және ардагерлер ұрпаққа үлгі болған батырлардың құрметіне мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ үнсіздік минуты жарияланды. Шараға Украина фротында соғысып, Бессарабия мен Румынияны азат етуге қатысқан Бисен Боқаев, Теңіз күштерінің тегеурінді жауынгері Сухонос Станислав, Украина фротында қайсарлықпен күрескен Нұх Қапиз, майдангер, батыр ана Ольга Заривняк есімді ардагерлер келіп, Жеңіс күнін мерекелік қуанышпен қарсы алды. Ұлы мейрам қарсаңында облыс әкімі Ералы Тоғжанов сөз сөйледі. Ол жұртшылықты Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, ортамызда жүрген маңғыстаулық 16 ардагерге алғыс айтып, оларға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тіледі. Сондай-ақ шексіз құрмет көрсетіп, даңқын асқақтатып, есімдерін ұмытпауымыз керек екенін айтты. «Бұл мереке - жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен өңіріміздің гүлденуі де - осынау мерекенің жемісі. Қаһарман қайсарлықтың хас үлгісін көрсеткен қайтпас рух пен жалынды жігерлерінің жеңісі. Қымбатты ардагерлер, сіздер елімізді жаудан ерлікпен қорғай білдіңіздер. Ал бейбіт күндерде еліміз бен туған өлкеміздің игілігіне адал еңбек еттіңіздер. Ұлы Жеңіс үшін, өшпейтін ерлік үшін шынайы көңілден шыққан алғысымызды қабыл алыңыздар», - деді облыс әкімі Е.Тоғжанов. Сонымен қатар «Ерлік ұрпаққа ұран, елге мұра» атты театрландырылған қойылым сахналанды. Мерекелік шараны 10 мыңнан астам қала тұрғыны тамашалады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="79087,79086,79080,79094,79088,79084,79082,79089"]