7 мамыр Отан қорғаушылар күні ҚР Ұлттық ұланы 5548 әскери бөлімінде де кеңнен аталып өтті. Мерекелік шараға Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев, ауыл әкімдері, Ауған соғысы ардагерлері мен ауыл, қала ардагерлер ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Жаңаөзен қаласындағы орта мектептердің бастапқы әскери дайындық жаттығуларына аралсып жүрген белсенді топтар қатысты. «Ерлік – елдіктің тұғыры» атты шараның мақсаты мен міндетін айқындау үшін 5548 әскери бөлімі екінші жедел мақсаттағы рота командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Досжан Тоқтаровты әңгімеге тарттық. - Жаңаөзен қаласы әкімдігінің қолдауымен шаһардағы мектеп оқушылары арасында әскери саптық шеруден ұйымдастырылған жарыс болып жатыр. Ол біздің әскери бөлім базасында өткізілуде. Бұл сайыс белгіленген шарт бойынша үш басқыштан тұрады. Жарысқа қатысып жатқан топтар, біріншіден, өздерінің саптық әдіс-тәсілдерін, екіншіден, әскери саптық шерумен жүру, үшіншісі - әскери саптық ән айту шеберлігін көпшілік назарына ұсынуда. Әрине, мұның бәрін бағалап отырған арнайы қазылар алқасы бар. Қортындысы шығып, тиісті марапаттары шара соңында мерекелік концерттік бағдарлама кезінде тапсырылатын болады. Сол сияқты бүгінгі шеруге қатысып жатқан қонақтарға 5548 әскери бөлімі сарбаздары өздерінің күнделікті өміріндегі іс-тәжірибелерін бейнелейтін қойылым көрсетеді. Жалпы бүгінгі шараның нақты мақсаты - өсіп келе жатқан жасөспірімдерді әскери өмірге қызықтырып, үйретіп, бейімдеп, патриоттық рухта тәрбиелеу. Сондай-ақ бүгінгідей «Отан қорғаушылары күні», «Ұлы Жеңістің 74 жылдығына» арналған мерекелердің мүмкіндігін тиімді пайдалана отырып, жастарды әскер қатарында қызмет етуге, Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында ҚР Ұлыттық ұланы әскери институтына жастарды оқуға шақыруға үгіт-насихат жүргізу. Өйткені елдің тыныштығын қорғау – ердің ісі екендігін жастардың санасына сіңіру. Ертедегі батыр ата-бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, бізге аманаттап кеткен қазақтың кең байтақ жерінің қасиетін ұғындыру. Ұлтымыздан шыққан даңқты қолбасшыларымыздың ұлы істерін ұлықтауға үйрету. Қастерлі Тәуелсіздіктің әрбір тынысының қадірін білуге, оның мәнін терең түсінуге баулу. Иә, аға лейтенант Тоқтаров мырза айтқандай, мерекелік шеруге қатысқан мектеп оқушылары өз өнерін көпшіліктің сынағына салды. Сондай-ақ әрқайсысы өздеріне тиісті бағасын да алды. Мұнан кейін көрермендер назарына жаппай тәртіп бұзушылықтың алдын алу кезіндегі әскери қызметшілердің қойылымдық көрсетілімі ұсынылды. Олардың ішінде жауынгерлер жеке қорғаныс және арнайы құралдармен саптық әдіс-тәсілдерді көрсетумен бастады. Жауынгерлік тәртіптегі әскери қызметшілердің жаппай тәртіп бұзушыларға қарай арнайы құралдар қолданудағы тәжірибелері де көптің назарынан тыс қалмады. Әскери қызметшілер жауынгерлік тәртіпте шабуылдың әдіс-тәсілдерін де жасап көрсетті. Олар қорғану тәсілдеріндегі шеберлігін де паш етті. Сарбаздар клин жауынгерлік тәртібін қолдану арқылы жаппай тәртіп бұзушылардың тобын бұзып өтіп, дереу қоршау жауынгерлік тәртібіне көшіп, ұстап алу тобына жұмыс жасауға ыңғайлы жағдайды қалай тудыру керектігін де көпшілік алдында насихаттады. Мерекелік шараға жиналған жұрт, әсіресе, қызметтік иттердің өнеріне тәнті болды. Бір қарағанда кәдімгі хайуан болғанымен, бұл иттердің өз мамандығы, әрқайсысының өзіне тиісті атқаратын міндеті бар. Қажет болса, кейбіреулерінің адам баласының маңдайына бұйыра бермейтін атақ-абыройы, бедел-дәрежесі, марапат-жүлделері де бар екен. Мысалы, кинология қызметінің топ басшысы, сержант Ербол Қыдырғалиевтың «Кейси» атты қызметтік итінің міндеті – жарылғыш заттарды іздеп табу. «Кейси» Батыс өңірлік қолбасшылығы біріншілігінде жарылғыш заттарды іздейтін қызметтік иттер сайысында бірінші орынды жеңіп алған. Алматы облысы Қаракемер кентіндегі 6645 әскери бөлімі базасында Америка кинология қызметкерлерімен болған оқу-жаттығуына қатысып, біліктілігін шыңдап, америкалық мамандардың жоғары бағасына ие болған иттің есімі – «Дэтектив». «Дэтектив» - Атырау қаласында өткен Батыс өңірлік қолбасшылығы біріншілігінде, есірткі заттарын іздестіретін иттер сайысының жүлделі 2 орын иегері. Осы «Дэтектив» Жаңаөзен қаласы полиция басқармасымен бірлесіп жауынгерлік қызметке шығып, есірткі затын тасымалдайтын бірнеше адамды құрықтаған көрінеді. Ал арғы ататегі «Босс» атты неміс овчаркасының негізгі міндеті – із кесу. Бұл қызметтік иттің де Жаңаөзен қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде орасан пайдасы тиіп тұр дейді әскери бөлімнің мамандары. Сондай-ақ мерекелік шара барысында взвод командирі, лейтенант Бақытжан Орақбаев жетекшілік еткен топ өз шеберліктерін жиналған жұртқа паш етті. Негізінде бұл топтың міндеті – күрес әдістерін, перкуциялық технологияларды қолдану арқылы әлде қару-жарақсыз күшті ұтымды пайдаланып, жауынгерлік тапсырманы қойын-қолтық ұрыс арқылы қысқа уақыт ішінде орындап, жаудың көзін жою. Көріністе өнер көрсеткендердің ішінде Батыс өңірлік қолбасшылығында өткен қойын-қолтық ұрыс сайысы біріншілігінің жүлдегерлері, ефройторлар Алдоңғар Смағұлов, Бақдәулет Орынбасар, Мақсат Қамбар, Әмір Ұшақбаев сияқты ержүрек шапшаң сарбаздар болды. Көріністер аяқталғасын әскери бөлім басшылары төтенше жағдайлар мен әскери кезең орнаған кезде қолданылатын ауыр техникалардан бастап әртүрлі байланыс құралдары, қорғаныс жабдықтары, арнаулы киімдері мен жауынгерлердің дала батальондарында жүргенде жейтін азық-түліктеріне дейін жиналған жұртшылыққа көрсетті. Олардың қалай пайдалану тәсілдерін де түсіндірді. Бұған шаһар басшылары мен мектеп оқушылары да қызығушылықпен қарап, көп мәлімет алғандай болды. Әсіресе, жастар жағы пайдалану құралдарын, ыдыс-аяқтарды қолдарымен ұстап көріп, ықылас танытты. Оларға сол жердің жауапты әскери мамандары барынша түсіндіріріп, берілген сұрақтарына толық жауап беруге тырысты. Мұнан кейін мерекелік шараның екінші бөлігі әскери бөлімның мәдениет орталығында жалғасты. Ол жерге жиналған халықты Отан қорғаушылар күнімен Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев құттықтады. Көп ұзамай бәсекеде бағын сынап, қарсыластарынан басым түскен мектеп оқушылары мен оларды жаттықтырған ұстаз командирлерін шаһар басшысы марапаттады. Бірі алғыс хатқа ие болса, екіншісі диплом және бағалы заттарға қолдары жетіп, қуанышқа кенеліп, дос-жарандарының қаумалаған құттықтауларына бөленіп жатты. Сондай-ақ мектеп оқушылары мен әскери бөлім сарбаздары және сардарлары шырқаған патриоттық әндер мен билерге көрермен қауым сүйсіне қол соқты. Кейбір әндерді қызу қандылықпен тыңдаған жұрт, орындарынан тұрып, ән мен әншіге құрмет көрсетіп, өздері де қосыла шырқап тұрды. Бұл аталмыш мерекелік шараның қалай өткендігінің халық тарапынан берілген бағасы сияқты болды.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН