Ақтауда 14 шағынаудан теңіз жағалауында күн көзінен қуат алатын «Смарт-орындық» орнатылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласы әкімдігіне сілтеме жасап. «Смарт-орындық» күнқағарға орнатылған күн панельдерінен электр энергиясын алады. Тұрғындардың орындыққа отырып ұялы телефондарын қуаттай алуға мүмкіндігі бар. Заманауи орындық 4 USB-зарядтау порты, қуаты 10 вт сымсыз зарядымен және жылдамдығы 150 Мбит\с, 4-20 метр қашықтыққа дейін созылатын 4G LTE интернет желісімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ сыйымдылығы 70 Аһ аккумляторымен жабдықталған. Сонымен қатар түнде адам "смарт-орындыққа" жақындаған кезде ақылды жарық өздігінен іске қосылады. Айта кетейік, "Келешек" ЖШС-тің бастамасымен "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы аясында орнатылған "Смарт-орындық" жобасы Ақтау қаласына сыйлыққа берілді. «Келешек» ЖШС мекемесінің айтуынша, алдағы уақытта мұндай орындықтардың санын арттыру жоспарда бар.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті ұсынған Д.ШАКИРОВ