©
Барша мұсылмандар үшін маңызды да қасиетті саналатын Рамазан айы биыл көктемнің жаймашуақ кезі мамыр айына дөп келіп отыр. Ұлық мейрам биылғы жылдың 6 мамырында басталып, 5 маусымға дейін жалғаспақ. Ал мамырдың 31-інен маусымның 1-іне қараған түні қасиетті Қадір түнін қарсы алып, 4 маусымда ораза айт мерекесін тойлайтын болады. - Ораза – араб тілінен аударғанда өз нәпсісін тыю, жаман әдеттерден алыстау деген мағынаны білдіреді. Исламның бес парызының үшіншісі саналатын оразаны ұстаған жан күндіз ас пен судан тыйылып, жағымсыз әдеттерден арылады. «Бақара» сүресінде «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын дәлел ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам ораза ұстасын. Кімде-кім ауру болып, әйтпесе сапарда жүрсе, онда басқа күндері өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» делінген. Алла тағала Құранда ораза ұстау туралы «Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, ал ұстаған оразасы мен үшін, оның сауабын өзім беремін. Өйткені ол менің разылығым үшін таңнан кеш батқанша тағамнан, ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан бас тартты» деген. Күннің ыстығында ас-сусыз, қара кешке дейін астан бас тарту оңай емес. Дегенмен мұның Алланың разылығы үшін екені маңызды болса, екіншіден ғалымдар адамның қарнында 2 тәулікке жететін тамақтың болатынын дәлелдеген. Алла тағалаға адамға оның күш-жігері жетпейтін, әлі келмейтін нәрсені жүктемейді. Сондықтан да дені сау, ақылы түгел мұсылман баласының жылына 1 рет келетін ораза ұстағаны абзал, – дейді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Зиядолла Еміл. Рамазан – тек асты азайтып, тамақтан тартынатын ай ғана емес, бұл айда нашар әдеттерден, жағымсыз қылықтардан арылған жөн. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) «Ораза кезінде өтірік айтып, оны тоқтатпаса, оның тамақ пен сусыннан бас тартқанының Алла үшін қажеті жоқ» деген. Сондай-ақ Рамазан айында дауыс көтеріп, жаман сөздер айтуға, біреуді балағаттауға болмайды. Рамазан айында ораза ұстаушы- ның күн тәртібі де өзгеруі тиіс. Ерте оянып, тамақ та ерте ішіледі. Адам асқазаны тамақты таңертеңгі уақытта ішуге әдеттенеді. Құран кітапты қолға жиірек ұстап, сауапты істерде белсенді болуға тырысу керек. Намаз оқуға ниеттенген жандарға Рамазан айы – ең жақсы кез. Сондай-ақ мешітке келіп, қайырымдылыққа араласу да Рамазан айындағы ең ізгі шаралардың қатарынан болмақ. Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде биылғы Рамазан айында да жылдағы дәстүрмен күн сайын ауызашар ұйымдастырып, сауапты істерге мұрындық болу жоспарланып отыр. Сондай-ақ ай бойы мұқтаж жандарға көмек көрсетіліп, қайырымдылық шаралары қолға алынбақ. Тарауих намазы мамыр айының 5-жұлдызында оқыла бастайды.Анар ШАМШАДИНОВА