©
Жуырда Маңғыстау облыстық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Келелі жиын барысында өңір дамуының бағыт-бағдары айқындалып, экономикалық өсім, әлеумет әл-ауқатын көтеру, халықты жұмыспен қамту және зор маңызға ие жобаларды мерзімді іске асыру мәселесі қызу талқыға түсті. Отырысқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев, қоғамдық кеңес мүшелері, басқарма басшылары қатысты. Жиынды қоғамдық кеңес төрағасы Құралбек Келжанов ашты. Ең алдымен, облыс әкімі бірінші орынбасарының есебі тыңдалды. Оның мәліметіне сүйенсек, Маңғыстау облысының 2016–2019 жылдарға арналған өңірлік даму бағдарламасы 6 бағыттан, 180 мақсатты көрсеткіштен құралған. Былтырғы қорытындыға сәйкес Маңғыстау облысы 78 көрсеткіштің 61-іне толықтай қол жеткізіп, 17-сі әр түрлі деңгейде орындалған. Соның ішінде жұмыссыздықтың алдын алу, халықты жұмыспен қамту мәселесіне аса назар аударылды. «2018 жылдың қорытындысы бойынша облыста жұмыс күшінің саны 320 мың адамды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 292 мың болған еді. Экономиканың әр түрлі саласында 305 мың адам жұмыспен қамтылған. Көрсетілген мезгілде жалдамалы қызметкерлер саны 282 мың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 22 мың 900 адамды құрады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. Соның ішінде жастар жұмыссыздық деңгейі 2,9 пайызды құрады. Биыл жұмыспен қамту орталықтарында жұмыссыз ретінде 13 мың 696 адам тіркелген. Былтыр Маңғыстау облысы бойынша 32 мың 500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған болатын. Мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды жүзеге асыру, шағын кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік нысандарды іске қосу есебінен былтыр 33 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Оның 29 мыңы – тұрақты жұмыс. Ал үстіміздегі жылы 30 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. 2019 жылдың бірінші тоқсанында жаңа өндірістерді ашу, шағын кәсіпкерлікті дамыту және инфрақұрылымдық нысандарды іске қосу есебінен 4 мың 301 жаңа жұмыс орны құрылды. Құрылған бос жұмыс орындары мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар бөлінісінде. Нақтырақ айтсақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 194, ҚР индустриалдық-инновациялық дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 273, «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша – 160, ҚР агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 58, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 87, өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында 165, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 524, ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 265, ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша 59, аймақтық дамыту бағдарламасы бойынша 956, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 1560, Маңғыстау облысындағы «Нұр капитал» шағын және орта бизнесті өңірлік қаржыландыру бағдарламасы бойынша 265 жаңа тұрақты жұмыс орындары құралады деп күтілуде», – дейді Әлихан Сұлтанмұратұлы. Оның сөзіне сүйенсек, биылғы жылға жұмыссыздықтың алдын алу және азайту мақсатында кешенді жоспар әзірленген. Яғни 21 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. 1 сәуірге кешенді жоспардың орындалуы 24,4 пайызды немесе 5109 адамды құрады. Ал жұмыспен қамту орталықтарына биыл 10961 адам жүгінген. Оның 82,6 пайызы – жұмыссыздар, 1,7 пайызы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 15,7 пайызы жұмыс іздеушілер ретінде тіркелгендер. «2017 жылдың наурыз айынан бастап «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламасы іске асып келеді. Осы бағдарлама аясында жұмыспен қамтуға тиісті қолдау көрсетіледі. Бағдарламаның бірінші бағыты – қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету. Мәселен, былтыр 1131 жас техникалық және кәсіптік оқумен, шәкіртақы, бір реттік ыстық тамақ және жолақымен қамтамасыз етілді. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 2018 жылы 1599 адам жіберілді. Жыл қорытындысы бойынша 1541 адам оқуды аяқтады. 935 адам жұмысқа орналастырылды. 2019 жылы техникалық кәсіптік оқытумен 1131 адам, ал қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 2283 адамды қамту жоспарланып отыр. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында 2018 жылы 365 адам 1,8 млрд. теңге көлемінде шағын несие алды. Үстіміздегі жылы жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 481 адам мемлекеттік грантты иеленіп, 406 адам шағын несиеге қол жеткізді. «Бизнес бастау» жобасы арқылы 500 адамды кәсіпкерлік дағдыларына оқыту жоспарланып отыр. «Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты– халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту. Үшінші бағыт бойынша 6325 жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жұмысқа орналасты. Жұмыс берудің жеке агенттіктері арқылы еңбек делдалдығын ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл шараға 55 млн. теңге қарастыру жоспарланды. Сонымен қатар Жаңаөзен қаласында жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін де бірқатар іс-шаралар қабылданды. Алдымен ашық есік күні ұйымдастырылып, қаланың 2639 тұрғыны қатысты. Облыстың 101 кәсіпорнының қатысуымен екі рет бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, қала тұрғындары үшін 1064, оның ішінде Жаңаөзен қаласы үшін 546 бос жұмыс орындары ұсынылды. Маңғыстау облыс әкімдігі мен «ҚазМұнайГаз» АҚ бірлесе «ӨзенИнвест» МКК-ның базасында қосымша 350 жұмыс орнын құрды. Облыстың ірі кәсіпорындарымен екі рет Жаңаөзен қаласы тұрғындарының жұмыссыздық мәселесі бойынша кездесулер өткізілді. Кездесуге 52 ірі кәсіпорын басшылары қатысып, 30-дан аса бос жұмыс орындары ұйымдастырылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде 549 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қоса Жаңаөзен қаласын перспективалық дамыту мақсатында 2025 жылға дейінгі жаңа кешенді жоспар қабылданды», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ә.Қыраубаев. Сонымен қоса қоғамдық кеңестің кезекті отырысында өңірдің өзге де әлеуметтікэкономикалық мәселелері талқыға салынды. Қатысушылар тарапынан күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелер туралы сөз қозғалып, ұтымды ұсыныстар тілге тиек етілді. Мәселен, қоғамдық кеңес мүшесі Жаңабай Сүйіндіков Маңғыстау облыстық экономикалық кеңесі жұмысын қайта жандандыру, нәтижесінде өңірдің стратегиялық даму барысын бақылау маңызын атап өтті. Әсіресе білім беру саласында біраздан бері қордаланған олқылықтарды сынай саралады. Өңірдегі үш ауысымды білім ордаларын жою ісіне баса назар аударды. Тағы бір басты жайт, Маңғыстау облысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қысқы мезгілде азық-түлік бағасын тұрақты ұстау үшін орталық қойманың қажеттілігін бірінші деңгейдегі мәселе ретінде әкімдік назарына салды. Сондай-ақ жоғары шағын аудандар аумағында денсаулық сақтау нысандары құрылысын қолға алу турасында өз ойын білдірді. «Қалада 1982 жылы салынған №1, 1984 жылы бой көтерген №2 емхана жұмыс жасайды. Бірі 30 мың, екіншісі бір уақытта 32 мың адамға медициналық қызмет көрсетуге қауқарлы. Қаңтардағы санақ бойынша Ақтау қаласы халқының саны 190 мыңға жуықтайды. Мәселен, Атырау қаласында 7 емхана жұмыс жасайды. Жаңа емханаларды салу бұрыннан сөз болып жүр. Десекте құрылыс жобасының жасақталып жатқанына төртбес жылдың көлемі болды. Тұрғын үйдің ең төменгі коммерциялық қабатында орналасатын емханалардың қызмет көрсету сапасы, материалдық-техникалық базасы мен қуаты қандай болмақ?! Бұл – қала халқын толғандыратын өзекті мәселенің бірі. Сонымен қоса арнайы экономикалық аймақта орналасқан «МедикалФарм» Ча-кур жобасы 11 жылдан бері қаржы тапшылығы салдарынан тұралап тұр. Мемлекет тарапынан қолдау таныту қажет деген ұсыныс бар», – дейді ол. Келелі бас қосуда Маңғыстау өңірінде тиімді бизнес тетігі ретінде агроаймақ құру, инженерлік инфрақұрылым желілерін тарту арқылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, егін алқаптарын кеңейту, топырақ құрамына кешенді зерттеуді іске асыру мәселелері бас көтерді. Өлкенің табиғи-географиялық мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, мал шаруашылығын өркендету ісі де қызу талқыдан тыс қалған жоқ. «Өңірде ауыл шаруашылығын дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар әкімдік назарына берілді. 2006 жылы Қарақия ауданында агроаймақ құру жобасы қолға алынғанымен, аяқсыз қалып қойды. Бүгінде облыста жұмыспен қамту мәселесі ушығып тұр. Егер агроаймақ құру сәтті жүзеге асса, жұмыс орындары көбейіп, ауыл шаруашылығының дамуына оң әсер етері сөзсіз», – деді МО «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңес мүшесі, «Agrorost» фермерлер ассоциациясының төрағасы Нұрсәуле Жайынбаева. Сонымен қатар қоғамдық кеңес мүшесі Жәнібек Қожық Бескемпір темір кен орнын игеру жобасының барысын және соны негізге ала отырып жергілікті геолог мамандарды даярлау, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесін ортаға салды. Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысын Құралбек Қошкелдіұлы қорытындылап, қаралған мәселелер бойынша тиісті ұсынымдар берілді.Голрох ЖЕМЕНЕЙ