©
Ардақты тұлға – тыл ардагерлері. Бұл адамдар соғыс кезі болсын, басқа да қиын кезеңдерде, ер азаматтары атқа мінгенде соларға күш-жігер беріп, арттағы отбасы мен ұрпақтарының өмірін жалғап, үмітін үзбеген, тарихта өшпес таңба қалдырғандар. Түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей, көздерінен жас құрғамай жүріп, соғысқа аттанған азаматтарының тілеуін тілеп, жеңісті жақындатуға зор үлес қосқандар. Солардың бірі Әнжім Сарбөпекқызы 1931 жылы Орынбор жерінде дүниеге келген. 1950 жылы Шәмбілов Мәшумен шаңырақ көтеріп, 5 ұл-қыз, 19 немере сүйіп отыр. Екінші дүние жүзілік соғыс – ел баласына күн туған заманда кейіпкеріміз қол қусырып, қарап отырған жоқ. Жасынан еңбекқорлығымен ерекшеленген Ә.Шәмбілова қара жұмысқа жегілді. Тылда еңбек етті. Нан мен қара суға зәру кезде жұмыстың ауыр – жеңілін таңдамады. «Ерлеріміз аман келсін» деген еңбектері өлшеусіз тыл қызметкерлерінің қатарында ол да болды. Отыз жасында жесір қалып, тағдырдың қиындығын, ерлігін еңсерген оны қазір перзенттері құрмет тұтып, алақанына салып, аялап отыр. «Жеңіс адамзатты фашизм қауіпінен құтқарды. Қазақ халқының бұл жеңіске қосқан үлесі зор. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп, бостандықты қорғаған қазақ батырларының есімі әрқашан ел есінде сақталады. «Барлығы майдан үшін, Жеңіс үшін!» деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Бұғанағы қатаймаған балаға дейін жұмысқа жегілгенде көкірегің қарс айырылатын. Бірақ амал нешік, ол кездегі бірінші мақсат жауды еңсеру еді. Көз жасымызды сүртіп қойып, «соғыстағылар аман келсінші» деген тілекпен, әр ісімізді тілімізді тістеп жүріп, атқаратын біздердің күнімізді ұрпағымызға бермесін. Қиындыққа көне білгеннің арқасында жеңіс туы желбіреді. Қазақтың әр азаматы бізге жеңістің қалай келгенін ұмытпауы тиіс. Ол күндер келмеске кетті ғой... Бірақ соның арқасында қазір ешқандай қайғымыз жоқ. Балаларымыздың қызығын көріп, қуанамыз. Аллаға шүкір! Қазіргі басты арманым да осы ұл-қыздарымның, немерелерімнің амандығы!» - деп көзіне жас алды Әнжім әжей. Тыл ардагерлері – жазылмаған дастан, айтылмаған ән, ашылмай жатқан сыр, оқылмай жатқан кітап. Осындай ардагер аналарымыздан, аталарымыздан кешегі өмір тарихын көздері тірі тұрғанда жазып, жария ету – бүгінгі ұрпақтың парызы деп білемін.Ш.ШАКЕНОВА