Ертең сан мыңдаған адамға қуаныш пен үміт отын жаққан жеңіс туының желбірегеніне 74 жыл толады. Өлкемізден соғысқа аттанған алты мың ер азаматтың төрт мың сегіз жүзі майдан даласынан туған жеріне қайтып оралмады. Жат жердің топырағы бұйырған боздақтардың рухын жадымызда мәңгі сақтап, тағзым ету – бейбіт күн кешкен ұрпақтардың борышы. Өйткені олар біз үшін, келешек үшін кеудесін оққа тосты. Ал бүгінде аман-есен ауылға оралғандардың қатары сиреген. 57-полктің 193 атқыштар дивизиясында алғы шепте жүріп, фашистерге қарсы оқ боратқандардың бірі – қызандық Телбаев Тілембай ақсақал. Сұрапыл соғыс басталғанда қару ұстауға жарайтын ерлерді жаппай майданға алды. Телбай ақсақалдың үш ұлы да елмен бірге соғысқа аттанды. Бүгінде жасы тоқсаннан асса да жан сарайы сау ақсақал соғыста көрген қиыншылықтарының бірқатарын айтып берді. - Мен қатарлы ауылдың жігіттері 1942 жылдың тамыз айында майданға алындық. Бізді әуелі көлікпен Форт-Шевченкоға, одан әрі параходпен Гурьевке апарды. Маңғыстаудан барған және сол жерден мінген жауынгерлер бір пойыз болдық. Халық қаумалап, пойызды ұзақ уақыт ұстап тұрды, әзер дегенде қозғалып кеттік, екі күн терістікке қарай жүрдік. Қай жер екені есімде жоқ, бізді қару ұстауға бір ай жаттықтырған соң астаулы көлікке тиеп, майданға аттандырды. Ұрысқа қалмақ даласында кірдім. Бірнеше мәрте жараландым, бірақ бізді «Оң қолың мен екі аяғың, екі көзің сау болса, соғысқа жарайсың, сендер кетсеңдер, кім соғысады?» деп, сол маңайдағы жүрмелі госпитальде жарамызды таңып, майданға қайта аттандырып отырды. Мұндай жағдай менің басымда бірнеше рет қайталанды. Қарап отырсам, денемде оқ тимеген жер аз екен. Қан майдан- да көрген қиындығымды сұрайсың, қарағым, тіпті тереңдігі адам бойындай болып, қазылған 7-8 шақырым траншеяның ішінде өлген адам денелерінен аттап өтуді соғыста көрген ең жеңіл қиындығым десем болар. Сол мүрделерге сүрініп, азғантай сорпамды төгіп алып, аш қалған күндерім де болды. Ұрыста бірге барған жолдастарымның бірін де көрген жоқпын, жауынгер деген көп, сәт сайын бірі көз жұмып, бірінің қолы, бірінің аяғы жұлынып жатты. Киевтің ұзын мұнарасы көрініп тұрған жерде болған ұрыста жерлесіміз Сақтағанов Атшыбай қаза тауып, Әмиқұлов Жұмағұл бетін жапты. Танымайтындарымыз қаншама? Осы ұрыста мен де сол жамбасымнан ауыр жараландым. Тұруға дәрменім жоқ, жатқан жерімнен бір орыс жігіті 5-6 шақырым жерге қанымды саулатып, арқалап барды. Осы жігіт штабта қағаз жазып отыратын, оның тамағын алып келе жатып, жауынгерлер ішіп қоя берген соң жаным ашып, әкеліп беріп жүрдім, содан екеуміздің арамызда жақсы сыйластық пайда болды, соның арқасы ғой, болмаса мен қансыраған күйімде майдан даласында көппен бірге қала берер ме едім? Госпитальде ұзақ уақыт жатып, жамбасыма операция жасап, ауылға қайтарды. Ауылға келген соң ХІХ партсъезд колхозында жүргізуші, бертін келе жанар май қоймасында жұмыс жасадым. Жарақатымның ауырлығынан мені бірінші топтағы мүгедектікке шығарды, ақшаның тапшы кезі, жұмыста жүре бергім келіп, екінші топты сұрап алдым. Сөйтіп біраз жыл колхоздың жұмысына араластым, - деп сөзін аяқтаған ақсақал «Енді соғыс болмасын, біздің көрген бір күнгі қиындығымызды кейінгі ұрпаққа көрсетпесін», – деп тілек тілеп отырады екен. Бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені, мерекелік медальдары кеудесінде жарқыраған майдангердің айтары аз емес, бірақ көбі еміс-еміс еске түсіп, көмескіленіп қалғаны көрініп тұрды.
АЙ-РАХМЕТ