Ұлы жеңіс күні қарсаңында Ақтау қаласындағы «Мәңгілік алаудың» жанынан «Мәңгілік даңқ» тақтайшасы орнатылды. Енді аймақ тұрғындары Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерінің суреттері мен олар туралы естеліктерді тақтайшаға іле алады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Тақтайшаның ені 2 метр болса, ұзындығы 5 метр. Отан үшін отқа түскен, қан майданда қайсарлықпен күрескен ардагерлердің ерлігін ұмытпау мақсатында орнатылған тақтайша 12 мамырға дейін тұрмақ. Енді әр азамат жеңіс үшін күрескен майдангерді суреттері арқылы көпке таныстыруға мүмкіндігі бар. Өткенге көз жүгіртсек, Ұлы Отан соғысы басталғанда Гурьев облысының Маңғыстау ауданында 46480 адам тұрған. Әскери бөлімдердің, әскери комиссариаттың күшімен жер-жерде әскери жасақтар құрылған. Ауданнан 1 батальон, 5 рота, 16 взвод, арнаулы тапсырмалар орындайтын 4 взвод, байланысшыларды, граната лақтырушыларды, атқыштарды дайындайтын взвод құрылды. Соғыс кезінде Гурьев облысының Маңғыстау ауданынан майданға 6 мыңнан астам жауынгер аттанып, олардың 4800-ге жуығы елге оралмады. Ал ардагерлер саны жылдан жылға азайып бара жатыр. Былтыр 22 ардагердің көзі тірі болса, қазір облыста 16 ардагер ғана бар. Ел басына күн туған кезде көзсіз ерлік көрсете білген ардагерлерге құрмет айрықша. Олардың ерлігі, батырлығы мәңгі ел есінде. Жеңіс үшін қасық қаны қалғанша күрескен майдангерлердің суретін тақтайшаға орнатыңыздар, жас ұрпақ батырлардың ерлігін біліп жүрсін.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті Ақтау қаласының әкімдігі ұсынды