ҚР Мәжіліс депутаттары Маңғыстау өңіріне жұмыс сапарымен келіп, бірқатар нысандарды аралады. Халық қалаулылары, ең алдымен, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» өндіріс орнында болып, кәсіпорын ұжымымен кездесті. Комбинат Ақтау қаласы мен жақын маңдағы кенттердің тұрғындарын, сондай-ақ өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарын ауыз сумен және шаруашылық сумен, жылумен және электр энергиясымен сенімді жабдықтайды. Комбинатта бүгінде 4 мыңға жуық жұмысшы мен мамандар қызмет істейді. Қазіргі уақытта кәсіпорынның 600 Мвт-тан аса электр қуатымен жұмыс істеу және тәулігіне 60 мың текше метрден астам дистиллят шығару мүмкіндігі бар. Халық қалаулылары кәсіпорын ұжымымен кездесу барысында еліміздегі негізгі басым бағыттарға, оның ішінде әлеуметтік қамсыздандыру саласына баса назар аударып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ерекше мән беріп келе жатқандығын жеткізді. Мәжіліс депутаты Сәкен Өтебаев жиында облыстың экономикалық-әлеуметтік ахуалына қатысты өзекті мәселелерді қозғады. Әсіресе қоғамда көп қозғалған тақырыптың бірі – атаулы әлеуметтік көмек мәселесі қаралды. «Көп балалы отбасыларға, аналарға көмек көрсетудің ішіне жәрдемақы, баспана, балабақша, мектеп мәселелері кіреді. Бірінші кезектегі маңызды мәселе – баспана. Мұнан кейін, көп балалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын көтеру. Бұл ретте көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін кезегі ерекше жағдайда қарастырылмақ» – дейді С.Өтебаев. Сәкен Өтебаев Жаңаөзен қаласында халықпен кездесу кезінде жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылу мәселесі де баса назарға алынғанын атап өтті. «Жаңаөзендегі жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі жіті қарастырылып жатыр. Мен Маңғыстауға әр келіп кеткен сайын үкіметтің алдында осы мәселені көтеріп жүрмін. Көпшілік адам мұнай саласында жұмыс істегісі келеді. Бірақ бұл салаға да жаппай жұмысқа қабылдай бермейді ғой. Мұнай кәсіпорындарының да өзіндік талап-шарттары, мәселелері бар. Біздің ойымыз – қоғамда басқа да салаларды дамытып, жұмыс көздерін ашу. Мен де, әріптестерім де бұл мәселені Үкіметте міндетті түрде көтереміз, талқылаймыз. Халық пен кездесуде көтерілген мәселелерді біз сауалнама, хат түрінде дайындап, үкіметке жеткіземіз», – деп сөзін түйіндеді С.Өтебаев. Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Анар Жаилғанова жиында еліміздегі сот-құқық саласындағы өзекті мәселелерді тілге тиек етті. «Еліміздің тұңғыш Президенті – Елбасы бізге нақты мәселелер қойып, соттарға халықтың сенімі артуы тиіс деген талап қойған болатын. Еліміздегі кез келген сот ісі қатаң заң аясында, белгіленген тәртіп-ережеге сай жүргізілуі қажет. Біз осы мәселелерді реттеуде, ең алдымен, кадр мәселелерін қарадық, сот жүйесін кімдер терең білуі тиіс, сот лауазымына үміткерге қойылар талаптар қандай, бірқатар мәселелерді заң жобасында қарастырдық. Сотқа деген халықтың сенімі біздің азаматтарымыздың сот шешіміне қанағаттануына байланысты. Сот шешімдері құқықтық әрі заңдық тұрғыдан әділ шығарылуы тиіс. Біз бұл бағытта көп күш жұмсап, жұмыс жүргіздік, сәйкесінше заң қабылданды. Қазір заман өзгерді, білім жаңғырды. Бүгінгі жастар шетелде білім алып, халықаралық тәжірибе жинауға мүмкіндік алды. Сот саласындағы жұмыстар да осындай жаңғыруды қажет ететіні – заңдылық. Құқықтық қатынастар да бүгінгі қоғамда жаңа пікір-таластарды тудырады. Сот өкілдері осыған дайын болуы тиіс. Біз елімізде дұрыс құқықтық қоғамдық қатынастар орнап, халықтың сотқа деген сенімі артуы үшін бұл жұмыстарды ұдайы жүргізе береміз», – дейді Мәжіліс депутаты Анар Жаилғанова. Кездесу соңында кәсіпорын ұжымы халық қалаулыларына өз ұсыныс-пікірлерін айтып, пікір алмасты. Бірқатар өзекті әлеуметтік мәселелер көтеріліп, айтылған барлық ұсыныс-пікірлер Мәжіліс депутаттарының назарына алынды.
Жайық НАҒЫМАШ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="78669,78670,78672,78673"]