Бүгін Ақтау қаласында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі тойланды. Қала тұрғындары мен қонақтары Каспий теңізі жағалауына жиналып, мерекелік көңіл-күймен бірлік күнін тойлады. Мерекелік шара еңбек ұжымдарының шеруімен басталды. Шеруге 33 ұжым, бес мыңнан астам адам қатысты. Олар №7 автожол бойымен «Айдын» мейрамханасынан амфитеатрға дейін жүріп өтті. Шара аясында Маңғыстау облысының дамуы мен кемелденуіне еңбек етіп жүрген ұжымдардың тарихы мен жетістіктеріне тоқталды, қалың көпшілікке таныстырды. Атап айтсақ, мұнай тасымалдау саласында негізгі рөл атқаратын ұжымдар, ірі компаниялар, сондай-ақ аймақтағы білім, ғылым және мәдениет ұжымдары және білім саласына елеулі үлес қосқан ардагер ұстаздар, Маңғыстау облысының білім басқармасы, облыстың мерейін асқақтатып жүрген дарынды оқушылар шеруде жүрді. Сонымен қатар облыстық мәдениет басқармасы, театр ұжымдары, ақ халатты абзал жандар да салтанатты шеруге мерекелік көңіл-күймен қосылды. Амфитеатрға дейін жалғасқан шеруден соң қала тұрғындары мен қонақтары «Ұлт бірлігі – ұлы байлық» атты мерекелік концертті тамашалады. Еліміз ұлт пен ұлыстың достығын нығайтып, бірлік пен ынтымақтың жібін үзбей келеді. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір ұлт-өкілдерінің бірлігі берік. Шара аясында Маңғыстау облысы әкіміне сөз берілді. Ол Ақтау қаласы тұрғындарын бірлік күнімен құттықтады. «Бұл күн бірлік, татулық күні, әрқайсысымыз үшін ерекше қымбат мейрам. 1 мамыр – біздің миллиондаған отандастарымыздың жүрегінен айрықша орын тапқан, рухани дәстүрге айналған айтулы күн. Елдігіміз бен егемендігіміздің діңгегі, татулығымыз бен достығымыздың ұйытқысы, Отанымыздың тірегі болып отырған осы – бірлік пен ынтымақ, ағайын! Бірлік пен ынтымақтың алмайтын қамалы, шықпайтын шыңы, аспайтын асуы жоқ. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік», - деген болатын. Расымен де, тәуелсіздік, тұрақтылық пен бірліктен асқан құндылық жоқ», - деді Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов. Сонымен қатар 15 шағынаудан теңіз жағалауында мерекелі күнге орай ұлттық-мәдени бірлестіктердің ұлттық тағамдар көрмесі, қолданбалы қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі, облыстық қуыршақ театрының мерекелік бағдарламасы халық назарына ұсынылды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" td_gallery_title_input="мерекелік шара" ids="78362,78371,78369,78370,78372,78368,78373,78374,78364,78365,78366,78367"]