Жұмысшылардың денсаулығы, қоршаған ортаның, ауаның тазалығы, экологияның қорғалуы, еңбектің қауіпсіздігі – еліміздің ірі мұнай компаниялар тобының басты ұстанымы. Осы мақсатта жуырда Ақтау қаласында «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен оның еншілес ұйымдарының арасында еңбекті және қоршаған ортаны қорғау қызметтері директорларының 20-шы мерейтойлық форумы өтті. Аталған шараға ЕҚОҚ қызметіне жауапты 140-тан астам маман қатысты. Форум аясында қатысушылар биоэкономика мен биотехнология мәселелерін, осы саладағы инновация дамуын, экологиялық сақтандырудың құқықтық және заңнамалық көрінісін, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату және «жасыл» энергетика келешегін талқылады. «Қазмұнайназ» Ұлттық компаниясы» АҚ еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқарушы директоры Винсент Спинеллидің айтуынша мұнай компаниялары үшін қауіпсіздік және еңбекті қорғау көрсеткіштері бойынша 2018 жыл ең сәтті кезең болған. Мәселен, 2017 жылмен салыстырғанда адам өлімі 80%-ға, жарақат алу 32%-ға, жарақат алудың ірі оқиғалар саны 57%-ға, жол-көлік оқиғалары салдарынан жарақат алу 47%-ға, өрт саны 54%-ға азайған. «Біздегі әрбір жұмысшы қауіпсіздік шараларын мекеме үшін ғана емес, өзі, жанұясы үшін сақтау керек. Олардың әркез аман-есен отбасына оралуы біз үшін маңызды. Қоршаған ортаны қорғау бойынша атқарылар жұмыстарға келер болсақ, биылдан бастап «Жасыл кеңсе» тұжырымдамасын енгізуді жоспарлап отырмыз. Ол суды, жарықты үнемдеп, дұрыс пайдалануда, қалдықтарды орнымен бөліп, кадеге жартауда, т.б оң нәтижелерге септігін тигізеді деп ойлаймыз. Сонымен қатар, қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтап оны мекеме басшылары мен еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жұмысшыларымен бірлесіп, алдын алу және болашақта болдырмау шараларын ұйымдастыруды да қолға алып отырмыз. Форум қорытындысы бойынша қызметкерлер тарапынан болған ұсыныстар мен пікірлерді ескеріп, арнайы хаттама толтырып, жұмысымызды алға қарай дамытып, жалғастыратын боламыз», - дейді «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясының еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Басқарушы директоры Қайрат Сақтағанов. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Басқармасы атынан сөз алған компания бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Шолпан Илмұханбетова шараның маңыздылығына кеңінен тоқталды. «Біздің басты мақсатымыз – болашақ ұрпақ үшін осы қоршаған табиғатты сол күйінде, сұлу қалпында сақтап қалу және жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан экологиялық қауіпсіздік – бүгінгі таңда кез-келген заманауи өндірісте қолданылатын негізгі талаптардың бірі. Бұл ешқашан өзінің өзектілігін жоймайды, жойған емес. Әлемдегі экологиялық жағдайлардың жақсаруы қоғамның, адамның табиғатқа деген қарым-қатынасына, жанашырлығына байланысты. Сол себепті бүгінгі отырыста біз экологиялық сауаттылықты арттыру, қызметкерлердің денсаулығын сақтау, жасыл энергияны жандандыру, өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату, атмосфераға ластағыш заттардың шығарылуын азайту, өндіріс нысандарында автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу бойынша өзекті тақырыптар талқылайтын боламыз. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қазіргі уақытта 2020-2021 жылдарға арналған автоматтандырылған мониторинг станцияларын іске асыру бойынша жоба әзірлеуде. Сонымен қатар өндірістік қалдықтарды жою бойынша да үздіксіз жұмыстар жүргізуде. Мәселен, 2017-2018 жылдар аралығында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ аумағындағы «жасыл экономиканы» дамыту тұжырымдамасын орындау мақсатында он екі қоқыс полигонының алтауы жойылды. Қазіргі таңда екі полигонды жою жұмыстары жүргізілуде. Ал қалған төрт полигонды тазарту 2020 жылға жоспарлануда. Осылайша «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ компаниясы ластанған полигондарды жою бойынша өз міндеттемелерін орындап, аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға септігін тигізуде. Жалпы, «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясында еңбекті және қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша 20 жыл бойы атқарған жұмыстар оң нәтижесін беруде. Алдағы уақытқа жоспар көп, экологияның тазалығы, адамдардың денсаулығы мен еңбек қауіпсіздігі басты назарда бола бермек. Форумда 2018 жылдың қорытындысы бойынша үздік қызмет көрсеткен, жоғары нәтижеге қол жеткізген «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы қызметкерлері марапатталды.
Айгүл ОРЫНБАЕВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="78353,78351,78347,78350,78348,78352,78349,78346,78354,78355"]