Абыройлы азамат, Маңғыстау жұртшылығына белгілі қаламгер, өңір журналистикасы саласының ардагері, облыстық «Маңғыстау» газетінің бұрынғы бас редакторы Мейрамбай Бисенбайұлы Қибасовты 1 мамыр – туған күн мерекесімен құттықтаймыз! Ол өмірінің ең өнімді кезеңін баспасөз ісін дамытуға арнаған танымал адам. Кешегі батыр аталарымыздың ерлігінің арқасында Жеңіспен аяқталған соғыстан кейінгі жылы Жаңғақтың ойында дүниеге келіп, атакүлдік Маңғыстаудың мұнай дариясы әлем назарын өзіне аудартқан даңқты дәуірінде еңбек жолын бастаған азамат. 1990 жылдың басынан «Жаңаөзен» газетінің жарық көре бастуы қоғамдық сананы өзгерткен өзгеше оқиға болды. Сол кезде саяси өмір белесінде белсенділік танытқан «Парасат» қоғамының мүшесі ретінде елдік, халықтық мәселені алға қойған басылымның арыны ауқымды қамтып, газеттің таралымы өсті. Бірлік пен бүтіндікті, татулық пен берекені ұран еткен басылым басшысының абырой-беделі асқақтаған шақтар еді ол. Редакция қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, пәтер бөлу ісінің ілгерілеуі сияқты оңды істердің игілігін көрген Темір Мыңжас, Талант Құсайын сынды аға буын өкілдері редактор Қибасовтың жақсылығын қазірге дейін ілтипатпен еске алады. Кейін облыстық газеттің бас редакторы қызметін атқарған ағамыз әділдік пен шыншылдықты тұғыр еткен ұстамынынан өзгермей өз табиғатын танытты, азаматтық батыл болмысын көрсетті. Мінезді, мәселені шұғыл шешуге бейім Мейрахаңның өрелі өлең мен өмірді мәнді еткен мамыражай мінезі туралы да көп нәрсе айтуға болар еді... Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның бірлік мерекесіне туған күні тұс келетін әріптес ағамызға мықты денсаулық, отбасылық бақыт, шығармашылық табыстар тілейміз. Өмір жыры жалғаса берсін, жақсы аға!
«Маңғыстау-Медиа» ұжымы