Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Онды ауылына барды. Ауыл тұрғындарының қолдауымен ауылдан мешіт салу жөнінде бастама көтерілген болатын. Аймақ басшысы Онды ауылындағы іссапары барысында кәсіпкерлердің қолдауымен іргетасы қаланғалы отырған жаңа мешітке ат басын бұрды. Ералы Тоғжанов мешіттің жобасымен танысты. Сондай-ақ іргетасын құю рәсіміне қатысты. Мешіт құрылысына жеке кәсіпкерлер С.Мұсабаев, А.Меңдібаев, Қ.Әбдірахманов демеушілік көрсетіп отыр. Мешіттің жалпы жер көлемі – 256 шаршы метр. Мұнарасының биіктігі 18 метр, күмбезі 12 метр болса, қабырғасы 5 метр. Ауыл тұрғындарының ғибадат жасайтын құлшылық үйінің құрылысы осы жылдың қыркүйек айында аяқталмақ. Өңір басшысы аудан әкімі Тілек Көшмағанбетовке мешіттің инфрақұрылымын назарға алу жұмыстарын тапсырды. Онды ауылдық округі құрамына Онды ауылы және Бекі, Басқұдық елді мекендері кіреді. Онды ауылдық округінде барлығы 242 отбасында 1580 халық тұрады. Онды ауылдық округінде 1984 жылы пайдалануға берілген 320 орындық, 2006 жылы күрделі жөндеуден өткен орта мектеп бар. 2018 жылы 30 шілдеде Онды орта мектебінің атауы ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың қаулысымен жерлесіміз заңғар жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Кекілбайұлының атындағы орта мектеп болып бекіді. Ә.Кекілбайұлы атындағы орта мектепте 270 бала білім алады. Бекі елді мекенінде 1995 жылы ыңғайландырылған 50 орындық Бекі бастауыш мектебі ғимараты бар. Бекі бастауыш мектебінде 45 бала білім алуда. Одан соң Ералы Тоғжанов тұрғындармен кездесті. Жиында Онды ауылының әкімі Балтабай Балапан елді мекеннің әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Ауыл әкімінің айтуынша, селолық округ бойынша халықтың экономикалық белсенді бөлігі 589 адам, 2019 жылға осы сәуір айына жаңа форматтатағы 8 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. «5/50» бағдарламасымен жұмыстан босағандар саны – 10, оның 5-еуі жұмысқа орналасқан. – Онды ауылдық округінде құрылысы 1985 жылы пайдалануға берілген, 2009 жылы күрделі жөндеуден өткен 50 орындық «Құлыншақ» балабақшасында 50 бала мектепке дейінгі тәрбие алуда. Бекі ауылында мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу үшін 26 орындық «Қарлығаш» шағын орталығы жұмыс жасайды. Онда қазір 13 бала мектепке дейінгі тәрбие алуда, – деді өз сөзінде ауыл әкімі Б.Балапан. Ауыл халқына 150 орындық 1999 жылы салынған, 2009 жылы күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі және екі кітапхана мәдени қызмет көрсетеді. Онды мәдениет үйінде қазіргі кезде Онды халық театры, ән, домбыра, «Ақ-Кербез» ән-аспап ансамблі, Көңілді тапқырлар әзіл-сықақ, Жолболаевтар жанұялық ансамблі, «Алтынай» би ансамблі, «Ертөстік» балалар театры үйірмелері жұмыс жасайды. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына 2009 жылы күрделі жөндеуден өткен Маңғыстау аудандық ауруханасының құрамына кіретін, ыңғайландырылған ғимаратта орналасқан Онды селолық дәрігерлік амбулаториясы медициналық қызмет көрсетіп келеді. Амбулаторияда 7 төсектік күндізгі ем алу бөлімі бар. Онды дәрігерлік амбулаториясы құрамына Бекі елді мекені халқына қызмет көрсететін 1 медициналық пункт жұмыс атқаруда. – Ауылда «Қазпошта» ААҚ-ның Онды бөлімшесі халыққа мүлтіксіз қызмет етіп келеді. Байланыс бөлімшесі арқылы халықтың зейнетақысы, жәрдемақысы, еңбекақылары төленеді. Сонымен бірге газ, жарық, телефон төлемдерімен есептеседі. 2018 жылы шыны-талшықты телефон желісі тартылып, интернет байланысы орнатылды. Қазіргі кезде 65 жеке үй және 4 мекеме барлығы 69 нүкте интернет желісін пайдаланып отыр. Онды ауылында «Вeeline», «Ксell» байланыстары бар, – деді Б.Балапан. Ауылда пластикалық бұйымдар жасайтын, үй жанынан ашылған цех, азық-түлік сататын 6 дүкен жұмыс жасап тұр. Бекі елді мекенінде 1 азық-түлік дүкені, бір қоғамдық тамақтану орны (шайхана) жұмыс жасайды. 2018 жылы газ құю станциясының құрылысы аяқталып, жұмысын бастады. Тұрғындардың негізгі қызмет түрі – мал шаруашылығы. Ауылда барлығы 32 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Ауыл әкімінің мәліметінше, мемлекеттік бағдарламалар бойынша 2017 жылы 3 ауыл тұрғыны несиеге мал алса, 2018 жылы «Атамекен», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан ауыл тұрғындары Әмір Манаш 3 млн. теңге жылқы өсіруге, Бердияр Қайырғалиұлы 4 млн.теңге түйе малын өсіруге, Әзиз Құлбас 4 млн. жылқы малын, Қуаныш Сейдахметов 3,5 млн. ұсақ мал өсіру үшін несие алған. Бес ауыл тұрғыны «Бизнес бастау» курсын оқуда. Биыл табиғи мал азығын дайындайтын кәсіпкерлер өнімдерін ауылға 600-650 теңге аралығындағы бағамен сатуға меморандумға отырған. 2018 жылы 2 шаруа қожалығы малдарын жайылымға Үстіртке шығарды. Ауыл басшысы 2018 жылды қорытындылай келе бірқатар игі істердің атқарылғандығын баяндады. Басқұдық-Бекі ауыз суының екінші кезеңі аяқталып, Бекі елді мекеніне көше жарығы тартылғандығын айтты. Маңғыстау ауданы әкімі Тілек Көшмағанбетов тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында арнайы жоспарлар жасақталып, аудан мен ауылдардағы қордаланып қалған өзекті мәселелерді уақытылы шешу үшін осы жоспарға сай бірқатар жұмыстар атқарылып жатқандығын баяндап берді. Аудан орталығында 3 ауысымдық оқытудың алдын алып, өткен жылы жаңа 600 орындық мектеп пайдалануға берілген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында осы жылы ауданда екі мектеп, мәдениет үйі мен ауыл клубы күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарлануда. Жақында бастау алған «Бизнес 3 күнде» жобасына қажетті материалдар алынып, ауданда дайындық жұмыстары басталып кеткендігін атап өтті. Бұдан басқа да ауданда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Цифрландыру бағдарламасы аясында 2ГИС жүйесін іске қосу, көше жарықтандыруына «ақылды» шамдарды пайдалану, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа өткізу т.б жұмыстар ұйымдастырылуда. – Біздің басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын көтеру, тұрмыстық жағдайын жақсарту. Көмекке мұқтаж отбасылар, көп балалы отбасылар, жұмыссыз жастармен жұмыстар жүргізілуде. Жағдайы төмен отбасылар тізімі шығарылып оларға мекемелер, кәсіпкерлер арқылы түрлі қайырымдылық көмектер ұйымдастырылып жатыр. Алдағы уақытта да тек өлкеміздің өркендеуі, дамуы бағытында жұмыстар атқара беретін боламыз, – деді Маңғыстау ауданы әкімі Т.Көшмағанбетов. Жиын соңында өңір басшысы аудан әкімі мен облыстың басқарма басшыларына Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған республикалық іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне тиісті бірқатар жұмыстарды атқаруды тапсырды.
Зухра ӘБДІЛ-САТАР Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="78390,78388,78389,78391,78392,78393"]