9 маусымда өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы—бүкіл әлем көз тіккен тарихи оқиға. Маңғыстау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы Достық үйінде еліміздің осынау басты саяси оқиғасына орай дөңгелек үстел басындағы кездесу өтті. Басқосуды ашып, жүргізіп отырған Маңғыстау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның ұлы жолды бастан өткергенін атап өтті. - Біздің еліміз экономикалық және әлеуметтік өзгерістердің ең перспективті динамикасы бар елдер қатарына жатады. Қазақстан Президентінің сайлауын өткізу тарихи дәуірде шешуші рөл атқаратын маңызды процесс, - деді ол. Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Жамбулат Тангиев ағымдағы жылдың наурыз айында жоғарғы билікті ауыстыру Негізгі заңның талаптарына сәйкес жүргізілгенін атап айтты. Сондай-ақ ол билік тұрақтылығының жоғары деңгейін, демократиялық институттардың пәрменділігін, саяси мәдениет пен азаматтардың бірлігін ерекше атап өтіп, биылғы сайлау елдің ішкі және сыртқы саясатының сабақтастығы мен болжамдылығын растауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. «Жанғыру жолы» облыстық жастар штабының төрайымы Антонина Огай елдегі тұрақты жағдайға сенім артатын отандық және шетелдік бизнес тақырыбына тоқталып, мерзімінен бұрын сайлау өткізудің маңыздылығы туралы өз пікірін ортаға салды. - Қазақстан Республикасының Президентін кезектен тыс сайлауын осы жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім–өз уақытында қабылданған тарихи шешім, - деді «Нұр Отан» партиясының жаныңдағы «Жас Отан» жастар қанатының төраға орынбасары Аружан Шайденова. - Өйткені ел тарихында мемлекет басшысын сайлау, оны әділ де ашық өткізу арқылы қоғам дамуының қалыпты жағдайда жалғасын табуына арқау болатыны баршаға белгілі. Елімізде тұрақтылық пен келісімнің үндестік табуы да, экономикамыздың өрлеуі де, Қазақстанның гүлденіп, әлемге танымал елге айналуы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізген салиқалы да салмақты саясаттың жемісі болды. Міне, осы үрдіс өз деңгейінде жалғасын табуы үшін биыл Президент сайлауын жоғары деңгейде өткізуге әрбір азамат атсалысуы қажет. Президентті анықтап, билік тізгінін ұстату–жауапкершілігі зор, халық тағдырын айқындайтын өте маңызды іс. Қазақстан жастары біздің еліміздің болашақ дамуына және болашақ мемлекет басшысына қатысты көптеген мәселелерге ие. Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлау жарияланғаннан бері Маңғыстау облысының «Жас Отан» жастар қанаты дауыс берудін маңыздылығын түсіндіріп, жастармен бірнеше кездесулер өткізді. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар жасадық. Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде. Тәуелсіздік—біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Ауызбіршілігі мығым елдің ала алмайтын асуы, аса алмайтын белі болмайтыны әрбіріміз білетін өмір қағидасы. Соны басшылыққа алып, бір-бірімізбен қол ұстасып, бір ұранды, бір бағытты ұстанып, кемел келешекке бірге аттануымыз керек. Шараға қатысқандар ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын халық үшін берері көп екендігін, және елдегі Елбасының бейбітшілік пен бірлікті ұстанымына әрдайым қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="78098,78095,78097,78096"]