Ғ.Құрманғалиев: «Бұл не деген батпан құйрық» дегендер көп болды
[ 2019 ] 19 сәуір, 10:54 | Қоғам
Ақпан айының соңында Маңғыстау облысында бастау алған «Жас прожект» әлеуметтік жобасына өтінімдер қабылдау аяқталды. Қайтарымсыз 1 млн. теңге грантты алуға жаңаөзендік жастар қаншалықты құлықты болды, жарты жылға созылатын жоба халыққа не бермек, жаңаөзендік жастардың көпшілігі қандай кәсіп түрін таңдады деген секілді сұрақтарды Жаңаөзен жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Құрманғалиевке қойдық.
- Ғани Дәулеткерейұлы, жалпы «Жас прожект» жобасының осыған дейін жастарға арналып жасалған бағдарламалардан айырмасы неде?
- Дұрыс айттыңыз, елімізде жастарды қолдау бағдарламалары өте көп. Бірі білім саласы болса, екіншісі баспана, енді бірі жұмыссыздық аясында. «Жас прожект» жұмыссыз жүрген жастарға білім мен қаражат бере отырып, олардың алда өз кәсібін ашуына жол салмақ. Қатысушыларға 1 млн. теңге қайтарымсыз грант және халыққа тегін қызмет көрсететін 6 ай бойына 40-60 мың теңге аралығында айлық төленеді. Тәжірибе көрсеткендей, жоба аяқталғасын қатысушылардың басым бөлігі әлеуметтік кәсіпті коммерциялық бағытқа ауыстырады. Осылайша, жастар жеке кәсібін ашып қана қоймай, мұқтаж жандарға көмектесу, қайырымдылық, мейірімділік секілді ізгі қасиеттерді бойларына сіңіреді.
- 2 айға созылған түсіндіру жұмыстарында қиыншылықтар болды ма? Себебі, көп жастардың берілетін соманың қайтарымсыз екендігіне күмән келітіріп, жобаға сенімсіздікпен қарап жатқанына өзіміз куә болдық.
- Басында сенімнен күдік басым болғаны рас. Жасыратыны жоқ, «Бұл не деген батпан құйрық, тегіннен тегін ештеңе болмайды. Ертең мемлекет қайтымын сұрайды әлі» деп сенбестік танытып, үрке қарағандар өте көп болды. Жобаның облыс бойынша үйлестірушілері, өзіміздің орталықтың мамандары күн-түн демей жастармен кездесулер өткіздік. Осының арқасында қатысуға ниет танытқандардың қатары бірте-бірте арта бастады. Кейін жастар бірінен-бірі естіп, өтінім қабылдайтын уақыт бітуге санаулы күндер қалғанда қатысамын деушілердің саны тіптен көбейіп кетті. Ұсыныстарды тіркеуде орталық мамандары демалыссыз жұмыс істеді. Жобаның жабылатын 15-ші сәуір күні тіпті түнгі сағат 23.00-ге дейін ұсыныстар енгіздік. Нәтижесінде 3000-ның үстінде жаңаөзендік жас қызығушылық танытып, 300-ден астам ұсыныс тіркелді. Конкурс қорытындысы мамыр айының 15-де белгілі болмақ. Осы орайда, мемлекеттік бағдарламаның ойдағыдай орындалуына зор үлесін қосқан Жаңаөзен жастар ресурстық орталығының қызметкерлері Серік Қожахметов, Жазира Ақбалаева, Нұргүл Өтешова, Гүлмира Теңелбаева, Қыдырқожа Аханов, Нұрлығасыр Тайжановқа ерекше ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын.
- Жаңаөзен жастары қай кәсіп түріне көбірек басымдық береді екен? Арасында ерекше жобалар болды ма?
- Негізінен жастар мал, құс, ауыл шаруашылығымен айналысқысы келеді. Тігін өнеркәсібін дамытып, тәттілер пісіремін деген қыз-келіншектердің де қатары көп болды. Есімде қалған өзгеше жоба – жылжымалы шаштараз. Яғни, мүгедек немесе өздігінен үйден шыға алмайтын жандардың үйлеріне барып қызмет көрсету.
- Рахмет! Ендеше, жобаның бірінші кезеңінің аяқталуымен құттықтаймыз. Жастарға берері мол дүние болса деп тілейміз. Барлық үміткерлерге сәттілік!
Сұхбаттасқан Айжан НАСЫРОВА
1069
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.