«Жерде жетім жыласа, көкте періште көзіне жас алады». Осындай ұстанымды берік ұстанған ата-бабаларымыз әзелден жесірін жабырқатпауға, жетімін жылатпауға тырысқан. Осы мақсатта «Жесір ерден кетсе де, елден кетпеген». Егер ері қайтыс болған балалы келіншектер күйеуінің жыл асы өткеннен кейін қайныларының, әлде қайынағаларының біріне міндетті түрде атастырылатын болған. Әйтпесе, сол руға – сын, сүйекке – таңба болып есептелген. Ондағы мақсат – марқұмның ағасы әлде інісі тумаласының құлаған шаңырағын қайта қалпына келтіріп, ошағының отын өшірмеу. Яғни, ағасынан қалған жетім мен жесірді қанатының астына алып, қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетіп, орнын жоғалтпауға тырысу. Сөйтіп жетімдерді жетілдіріп, үйлендіріп, қатарға қосып, өлген ағасының әлде інісінің шаңырағын қайта тіктеп, тумасының тұяғын тұқыртпай, ұрпағының жалғасуына, өніп, өсіп, өркендеуіне қолайлы мүмкіндік жарату. Бұл – бір. Екіншіден, тумаласынан қалған жесірдің қолын адалдап, ақ некесін қидырып, әмеңгерлікке алып, жеңіл жүріске түсіп кетпеуіне септігін тигізіп отырған. Құдай жарылқап, тілеуін беріп, әмеңгердің етегінен тағы да ұрпақ өрбіген. Олар – ағасынан қалған балалар мен өзінің бәйбішесінен болған балаларының атұстары атанған. Сол замандардағы «Аға өлсе – іні мұра», «Әмеңгерлік» деген ұстанымдарды берік ұстанған ата-бабаларымыздың адамгершілігінің, бауырмалдығының арқасында сүйкімді-сүйкімді ұлдар, белгілі-белгілі тұлғалар дүниеге келген. Үшіншіден, біздің ата-бабаларымыз досының, тумасының, жақын-жуықтарының ғана емес, жеріне көз тігіп, еліне опасыздық жасаған, тұлымдысын құл, бұрымдысын күн қылуға тырысқан жауларының да жетім қалған балаларын жапан түзде жалғыз қалдырып, жанын жабырқатып, жүрегін жаралап, жылатпаған. Жазмыштың маңдайға жазған тағдырлы талқысына тап қылмай, жастай жетім қалған жаудың шақалақтарын дорбаға салып, естайрағын ат артына мінгізіп әкеліп, өзінің қарадомалақтарына қосып, бағып-қағып, өсіріп-тәрбиелеп, еңбекке баулып, көрмеген, білмегендерін үйретіп, үйлі-күйлі, балалы-шағалы етіп жіберген көгенкөздер аз ба? Олардың ұрпақтары қазіргі кезде әбден сіңісіп, сегіз арыстың іргесі сөгілсе тынығып, тыныш жата алмайтын, еншісі бөлінбеген туысымызға айналғандығы да шындық. Демек қамқорлық, қайырымдылық сияқты қайырлы істер – ежелгі әруақты да, батыр ата-бабаларымыздың ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің бір бөлшегі ретінде санамызға сініп, қанымызға қалыптасқан асыл қасиеттерінің бірі. Әрине, қазір заман басқа, заң басқа. Дегенмен ертедегі ата-бабаларымыздың қан арқылы бойымызға дарыған асыл қасиеттерінің формасы өзгеріп, қайтадан жаңарып, жасарып, жаңғырып бүгінгі жастарымыздың бойынан көрініс тауып жатқанына қуанасың. Осындай себептерді басшылыққа алған жаңаөзендік жастар соңғы кездері түрлі қайырымдылық акцияларын өткізуді үрдіске айналдырды. Өткен жұма күні осындай қайырымдылық жәрмеңкесінің бірі қалалық орталық мешіттің алдындағы алаңда болды. Жәрмеңкенің ұйымдастырушылары – қала жастары арасынан жасақталған еріктілер тобы. Еріктілер тобының құрамында мұғалім, мұнайшы, кәсіпкерлермен бірге басқа салаларда еңбек ететін жастар да бар. !штерінде қайырымдылық істерді жандары қалайтын, сауапты істерді медет тұтатын жұмыссыз жастар да жүр. Бүгінгі таңда 50-ге жуық мүшесі бар еріктілер тобының армандары асқақ, мақсаттары айқын, беделдері биік, мерейлері үстем. Алаңда түрлі тәтті тағамдар мен ыстық тамақтар, көрікті бұйымдар мен қыз-келіншектердің әртүрлі орамал-шаршылары сатылымға шығарылған. Сатылған дүниелерінің бір бөлігі сол жерде тұрған қайырымдылық қорының арнаулы жәшіктеріне салынады. Оны еріктелер тобының мүшелері келген сатып алушы тұрғандарға түсіндіріп тұр. Сондықтан жәшікке тиісті қаржыны еріктілер емес, тұрғындардың өздері салып жатыр. Тіпті көшеден өтіп бара жатқан жүргіншілерде адам жиналған жерлерге бас сұғып, көңілдерінен шыққан ақшалай көмектерін де жәшікке салып кетіп жатыр. Бұл – халқымыздың кеңпейілдігін, мейірімділігін, парасаттылығын, бауырмалдығын тағы бір рет айқындай түскендей. - Мен осы еріктілер тобының да, «Өзенмұнайгаз» АҚ жас мамандар кеңесінің де мүшесімін, - деді өзін «ӨМГ» АҚ транспорт технологиялар басқармасының диспедчерімін деп таныстырған Әйгерім Өрбісінова. – Мен қатынасып жатқан топтардың мүшелері әртүрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен айналысады. «Өзенмұнайгаздың” өзінде 50-ден астам жастарды қамтыған. Мақсатымыз - мүжәлсіз отбасыларға, ардагерлерге көмек көрсету. Жалпы «Жаңаөзен қайырымды жандары» биылдың өзінде үш жәрмеңке ұйымдастырды. Ал еріктілер тобының бүгінгі ұйымдастырған жәрмеңкесі осы жылдағы біріншісі. Бүгінгі жәрмеңке - мұқтаж отбасыға баспана сатып алып беру үшін жүргізіліп жатыр. - Мен 12 жылдан бері «Бұрғылау» ЖШС-да оператор болып жұмыс жасаймын. Екі күн жұмыс істейміз, екі күн демалыс. Сосын жұмыстан бос күндері қарап отырмайын деп осындай жәрмеңкелер мен қайырымдылық акцияларына қатысамын, - дейді Қарлығаш Жамбосынова. – Жалпы жұмыстың арасында сауда жасаумен де айналысамын. Алматыдан достарым, таныстарым арқылы керекті киім-кешек, басқа да заттары алдырып сатамын. Мысалы, бүгінгі жәрмеңкеде 1500 теңгелік затымызды сатсақ, үстіндегі 500 теңгесін қайырымдылық жәшігіне салып отырамыз. Өзім «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерліктің қыры-сырын үйреніп, тиісті сертификат алу үшін осы күндері оқып жатырмын. Әрине, келешекте кәсіпкерлікпен айналысып кетуімде ғажап емес. Жалпы «Мемлекет кәсіпкерлік дамыған кезде дамиды» деген сөз бар. Сол үшін облыстағы белсенді жастардың қатарынан көрінуге тырысып жүрмін. Сондықтан осында келіп тұрмын. Осы еріктілер тобының бір мүшесі - Дәулет Мұсабеков. Ол бұл жерге жеңгесі, апасы және қарындастары үйде пісіріп дайындап алып келген тәтті торттар мен самсаларын әкеліп саттырып тұр. Одан түскен қаржының бір бөлегін қайырымдылық қорына өткермекші екен. Сондай-ақ, ол «Өркен» шағынауданындағы «Олжа» мен «Стамбұл» кафелерінен тиісті ас мәзірлерінің тізімін жасақтап қойғандарын, яғни олардан тамақтанған жандардың төлеген қаржыларының бір бөлігі міндетті түрде қайырымдылық қорына аударылатынын айтты. - 2018 жылы 11 қараша күні «Жаңаөзен-Құланды» тас жолының бойында жол апаты болды. Таңертеңгі сағат 7-лердің шамасында жұмысқа бару үшін көлік күтіп тұрған жұмысшыларды аялдамада көлік қаққан, - дейді осы еріктілер тобының жетекшісі Сәнім Оразова. – Сол адамдардың ішінде «Семсер» мекемесінде күзетші болып жұмыс жасайтын Берік Жәнетов деген азамат оқиға орнында қайтыс болған. Ол көзі тірі кезінде небәрі 50 мың теңге жалақысымен отбасын асырап бағып отырған. Артында көз жастарын көлдеткен жесірі мен жас жетім балалары қалған. Жұбайы да жүкті екен. Берік көз жұмғаннан кейін егіз баласы дүниеге келген. Ендігі бар ауыртпалық, яғни 5 перзенттің күтімі, өзі жұмыссыз, әрі баспанасыз қалған жас ананың мойнына шөгеді. Ол шын мәнінде өзінің туған анасының қолтығын паналап жүрген екен. Ерінің тапқан 50 мың теңгесі бірге жетсе, бірге жетпей өмір сүріп жатқан көрінеді. Енді одан да айырылды. Сосын біз, яғни Жаңаөзеннің қайырымды жастары бұл істі аяқсыз қалдырмауға тырысып, еріктілер тобының мүшелері бас қосып, осындай шаралар өткізіп, қаржы жинауға тырысып жатырмыз. Өткен «Амал мерекесінде» Отпан тауға барып та жастарымыздың жасаған азық-түліктерін, дүкен сөрелеріне шығарып тұрған өтімді дүниелерін сатылымға шығарып, азын-аулақ ақша таптық. Қазіргі күнге дейін жинаған қаржымыз 2 миллион теңгеден асып барады. Әрине, үйдің бағаларының қымбат екені баршаға белгілі. Сонда да Берік Жәнетовтің жесірі мен жетім қалған 5 баласына қолымыздан келгенінше 2-3 бөлмелі пәтер сатып алып берсек деген ниеттеміз. Біз сол үшін осындай игілікті шараларды жасап жатқан жайымыз бар. Халқымызға да рахмет. Әйтеуір, кез келгені қайырымды ісімізге түсіністікпен қарайды. Қолдауға тырысады. Мынау қалалық орталық мешіт басшылары да біздің бүгінгі ісімізді қолдап, мешіт алдындағы алаңда сауда жасап, қайырымдылық жәрмеңкесін өткізуге рұхсат берді. Иә, ертедегі ата-бабаларымыздың игілікті істерін қайта жаңғыртып, жаңартып, жалғастырып жатқан жаңаөзендік жастарға Алланың нұры жаусын! Дендері сау, отбасы, бала-шағалары аман болғай! Жасаған қайырымды істерінің шарапаты мен шапағаты Құдайдан қайтып, бала-шағалары сол сауапты істерінің дәргейінде бақытты ғұмыр кеше бергей!
Мұратбай ҰЛЫҚПАН