Маңғыстауда жыл басталғалы 60 өрт оқиғасы тіркелген. Тілсіз жаудан бір адам қаза болып, екі адам жарақат алған – деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Мұрат Мұxанов мәлімдеді. Айтуынша, өрттен 11 адам құтқарылған екен, 137 адам қауіпсіз орынға көшірілген. Жалпы өрттің басым көпшілігі, яғни 37% тұрғын үй секторына тіркелгендіктен электр құрылғыларын пайдалану қауіпсіздігін сақтау қажеттігін айтты. Қазіргі таңда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері және жергілікті билік пен жергілікті полиция қызметкерлері өрттің алдын алу үшін тұрғын үй массивтерінде рейд жүргізіп жүр. «Өрт көбінесе тұрғын үй массивтерінде тіркеледі. Жылу маусымы аяқталғаннан кейін тұрғындар неше түрлі электр пешті пайдаланады. Сондықтан қосымша жылыту құрылғысын пайдаланғанда абай болу керектігін ескертіп, түсіндіреміз. Сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырмаған жөн», - дейді Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары М.Мұxанов. Сонымен қатар Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс бөлімі бастығының міндетін атқарушы Рәтбек Демеуберген судағы қауіпсіздік талаптарын сақтауды ескертті. «Былтыр 10 адам суда қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан қаза тапты. Адамның жабдықталмаған су айдындарында шомылуы, суда қауіпсіздік ережесін бұзуы, суға түсу кезінде өзінің шамасына қарамауы, ішімдік ішіп суға түсуі, су маңында балалардың қараусыз болуы, сондай-ақ балық аулау кезінде ережені бұзуынан қайғылы жағдайларға тап болады. Айта кетейін, былтыр тіркелген 10 оқиғаның алтауы Ақтауда, Кендірлі демалыс базасында екеуі, ал қалған екі жағдай Форт-Шевченко қаласында тіркелген», - дейді ол. 1000 шақырымға созылған жағалауда суға түсуге арналған 30 учаске бар. Ақтауда 20 учаске болса, «Кендірлі» демалыс базасында 10 учаске орналасқан. Сондай-ақ 3 жағажай аймағы, 5 балалар лагері, 22 демалыс базасы бар. Қазіргі таңда Ақтау қаласы, Кендірлі демалыс базасы, Түпқараған ауданы және Құрық селосында Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының 4 құтқару бөлімшесі орналасқан.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті ұсынған Өңірлік коммуникациялар қызметі