Дәурен бала күнінде суретші болуды армандапты. Үлкендердің «Өскенде кім боласың?» деген сауалына оның жаттанды жалғыз ғана жауабы дайын тұрады екен. Өзінің әзілдеп айтуы бойынша сурет салуды 2-3 жасында үйдің қабырғасына сызғылаудан бастапты. Анасы Жанболсын өзі сатып әперген ойыншықтардың бір-екі ойнағаннан кейін умаждалып, бас-аяқтары жұлынған күйі әр жерде шашылып жататынынан-ақ баланың ойыншыққа ешқашан тоймайтынын, одан да мектепке барғанша сурет салуды меңгере берсін деп ұлына қажетті құралдар әперіп, ең оңайы гүл салудан бастап, жан-жануарлардың, көкөніс, жемістердің, асхана ыдыстарының суреттерін бейнелеуге баулиды. 4 жастағы баланың қолынан не жөнді керім туынды шықсын?! Сонда да болса-дағы, кеңпейіл анасы баласының қисық-қисық, әйтеуір сияны құртып, жорғалатқан кейіптеріне миығынан күле отырып беретін бағасы бес болыпты. Сол қолпаштаудың күші Дәуренге оқушы кезде де, кейінірек теміржолшы Дәуренге де азық болғанға ұқсайды. Оқушы жігіттің білім ошағындағы сүйікті пәні сурет салу болыпты. Ол көбінесе табиғатты тірілткенді, табиғатты сөйлеткенді ұнатады. Оның қаламынан көз қарықтыратын, шабытына қарай нәзік әлеміңді әлемтапырық етіп, жаншып тастайтын шығармалар туады. Теміржолдан қолы қалт еткенде айналысатын сүйікті істеріне тосқауыл қойғысы жоқ. Арманындағы оқу орнына емтиханнан құлап түсе алмай, өзін басқа саладан іздеп кетсе де, «Қолым қайта-қайта суреткерлік салаға орала береді» деген Дәуреннің әттеген-айы, талантын уақытылы нығарлай алмай қалғандығы. – Мен ес білгелі сурет салғанды қатты ұнататынмын. Өсе келе бейнелеу өнеріне деген қызығушылығым арта түсті. Табиғат аясының әсем тұстарын көргенде бойымда ерекше сезім пайда болатын. Дереу қолыма қылқалам алып, бояулармен сол көріністерді қағаз бетіне түсіруге асығатынмын. Кейбір кездері өзімді қоярға жер таппай жүремін. Шабыт келеді. Сол кезде салған суреттерім ерекше болып шығады. Бірақ салған суреттеріме уақыт өте үңілсем, қателіктерім мен кемшіліктерімді байқап қаламын. Мектеп қабырғасында жүргенде көркемдік-безендіру жұмыстарына атсалысатынмын. Кітап- ханалардан танымал суретшілердің кітаптарын алып оқитынмын. Есейген шақта бірнеше суретші ағалармен танысып, сабақ алдым. Мектепаралық, қалалық көрме сайыстарына қатыстым. Біртіндеп өнерім шыңдала түсті. Арманым – бейнелеу өнерінің жоғары оқу орнына түсу еді. 2004 жылы мектеп бітіре салысыммен көркем сурет және бейнелеу өнері бойынша оқуға тапсырдым. Емтихан натюрморт салу және сызу бойынша болды. Екеуінен де жоғары балл алып, өкінішке орай қосымша екі пәннен орташа балл жинадым. Оның үстіне оқу орнына бөлінген грант аз еді, – дейді Д.Дүйсебаев. Сонда да болса өзін-өзі жұбатып, келесі жылы қайта тапсыруға бел буған жігіт әскер қатарына шақырылып, одан келгеннен кейін тағдыр жолы басқа бағытқа байқатпай бұрылып кете барады. Кедергілерге қарамастан суреткерлік жанрларға тиіп-қашып түрен салып келген Дәуреннің ішін жарып шыққан өзіне ұнамды туындысы – әкесінің портреті. Қазір де мультфильм және ертегі кейіпкерлерін, ұлт болмысын көрсететін дүниелерді тақырыптарына арқау етер кездері көп. Өйткені, «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дегендей, Дәуреннің суреткерлік өнерінен бар-жоғы 700-800 халық қоныстанған Болашақ станциясы тұрғындары, теміржолшылар қауымы жақсы таныс. Таныстығы арқасында әр жерлерге әрқандай тапсырыстар мен шақыртулар түсіп тұрады. Осы тұрғыда оны «арпа ішіндегі бір бидайға» теңесек күлкілі емес. Бұл теңеу Дәуреннің шаштараздық кәсібіне қатып кетеді. Себебі қадамын енді ғана қаз басқан ауылда кәсіпкерліктің лезде өркен жайып кетпейтіні түсінікті. Сондайда ауыл балаларына керек кезде қол келмейтін шаштараз мамандарының орнын жоқтатпаған осы Дәурен болыпты. Демалыс күндері есік қағып, «Шашымызды алып бересіз бе?!» деп томпиып тұратын балақайларға қалайша жоқ десін... Көрші-қолаңның сүйікті шаштаразына айналған теміржолшы ауыл ішінде баттиып көрініп тұрған, сұранысқа ие жұмыс – шаш қиюды демде меңгеріп, барлық ер адамдарға жұмыстан бос уақыттарында қызмет ете бастайды. Сөйтіп, көп ұзамай, өз алдына «Жаскен» аталатын шаштараз ашады. Қазақта: «Өнер егіз келеді» – деген ұғым бар. Ол рас та сияқты. Өйткені Дәурен жаңа айтылғандай, теміржолдан бөлек шаш қиюды, сурет салуды қос қанатым деп біледі. Ешбірінен ажырағысы жоқ. Дәурен Дүйсебаев негізі Қызылорда қаласының тумасы. 2008 жылы Маңғыстау облысына қоныс тепкен ол 2011 жылы Болашақ станциясының теміржол мекемесіне белгі беруші болып жұмысқа орналасады. Бұл аса маңызға ие станция 2013 жылдың мамыр айында Елбасымыздың қолдауымен салтанатты түрде ашылып, іске қосылған болатын. 2010-2013 жылдар аралығында Алматы қаласы «КУПС» оқу орнында «Теміржол көлігіндегі тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығы бойынша сырттай оқу бітіріп, жаңа станцияда жұмыс істей жүріп шыңдалған жас маман 2017 жылы пойыз құрастырушы лауазымына ауысады. Қазіргі уақытқа дейін осы станцияда еңбек етіп келеді. 2013 жылы отау құрып, бүгінгі таңда бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Жолдасы мектепте мұғалім. Дәуреннің бір түсінгені, қанша уақыт өтсе де, басқа мамандықтың пұшпағын илеп жүрсе де, оның өнерге деген шынайы махаббаты ешқашан өлмек емес. Бәлкім, бекзада өнердің ізінен қалмай қуғанда қолынан шыққан шығармалары халықаралық көрмелерде жалындай жарқырап тұрар ма еді?! Кім білсін!.. P/S: Әр төбені бір шалуды босқа далбалақтау сияқты көріп, бойдағы энергияны жан-жаққа шашыратпай тек бір арнаға тоғыстыратындар бір нүктеден көп нүктеге аяқ со- зумен әмбебап тұлға атанушылар теңбе-тең бе?!. Балалық шақтан орындалмай қалған асқар арманды және іште тұншыққан жүрек қалауын «өкпелетіп» алмауға жасалған батыл қадамдарды екінші нұсқаға тіресек қайтеді?!.
Әсел ТАҢАТАРОВА