©
Еліміздің ұшы-қиырсыз кең даласында туризмнің қандай түрін дамытам десек те, мүмкіндік мол. Әр сайында өзіндік бір тарихын бұғып, түртіп қалсаң тау-тасы да сөйлеп кеткелі тұрған Маңғыстау өңірі - тарихи орындарға бай өлке. Ал облысымыздағы тарихи ескерткіштердің 50 пайыздайы Түпқараған ауданында. Өңірдің қарашаңырағы саналатын аудандағы елді мекендердің әрқайсысының өз тарихы бар. Құпиясы ашылған сайын қызықтыра түсетін бұл орындар бір көрген жанды еріксіз тартады да тұрады. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаев өзінің «Туған жер» жобасын: «Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде? Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі», - деп түсіндірген болатын. Сан ғасырлық тарихын ішке бүккен аспан асты жәдігерлерге бай Түпқараған ауданының білім беру ұйымдары алға қойылған осынау мақсатты жүзеге асыру аясында біршама жұмыс атқарған. Екі жыл бұрын Түпқараған аудандық «Дарын» қосымша білім орталығында «Туризм және өлкетану» бөлімі ашылғалы осы бөлімінің жұмысына қатысатын аудан мектептерінің оқушылары үшін 1 миллион 800 мың теңгеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Осы уақыт ішінде аудан мектептеріндегі туристік-өлкетану бағытындағы 22 үйірмеге қатысатын оқушылар мұғалімдерімен бірге 50-ге тарта іс-шара ұйымдастырыпты. Бұл жұмыстардың облыстық білім басқармасының «Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығымен» бірлікте атқарылғаны белгілі. Ауданның М.Горький, Ғ.Айдаров атындағы мектеп-лицейлері мен З.Баймырзаев орта мектебі белсенді атсалысқан шараларда балалар туған жердің көрікті жерлерін танып, білумен қатар тарихи нысандарды таза ұстауды үйреніп, абаттандыру-көгалдандыру жұмыстарына қатысты. Бізді мектеп оқушыларының зерттеу жұмыстары қызықтырды. Белгісіз жерлерді табу, насихаттау және қайта қалпына келтіру, зерттеу жұмыстарымен З.Баймырзаев орта мектебінің жас өлкентанушылары айналысады екен. Олардың алғашқы зерттеулері Қызылөзен ауылынан 10 шақырым жердегі Бура ата қорымынан басталды. Бура ата қажылыққа барған зайырлы кісілердің бірі болған. Қасында жерасты мешіті бар. Мешіттің ішінде шашылып жатқан көптеген арабша кітаптар кездескен. Деректерге сүйенетін болсақ, бұл жерде бұрын діни сауаттылық жөнінде дәрістер жүргізілгенін көруге болады. Алдымен мектептің оқушылары мен ұстаздарынан құралған топ жерасты мешітін топырақтан аршып, тазалық жұмыстарын жүргізген. Содан кейін 22 шақырымдай "Мектеп – Қажы баба – Шалдуар – Бура ата – Ұзынқұдық бейіті – мектеп" тізбегімен туристік бағыт сызып, 1 күндік жаяу жорық ұйымдастырылды. Бура ата жерасты мешітіне барғанда ескі бейіттің басынан ескірген, артқы жағындағы бүтін беттерінде арабша, қазақша жазулары бар құран кітапшасын тапты. Оны Түпқараған аудандық мешітінің бас имамына хабарлап, мектепке алғызды. Қазір бұл кітап мектеп жанындағы «Баймырзаевтану» мұражайында сақтаулы. Ал М.Горький мектеп-лицейінде туризм-өлкетану жұмысы жаяу жорық жасау бағытында дамып келеді. Өткен жылғы шілде айында оқушылар география пәнінің мұғалімі Біржан Жұмашевпен бірге Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында ұйымдастырылған халықаралық деңгейдегі 8 тәулік, 205 шақырымдық «Жайық-Урал» экологиялық су жорығына қатысып қайтты. Сондай-ақ 2017-2018 жылғы көктемгі демалыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жас ұрпаққа экология, туризм және өлкетану бағытында білім беруді жетілдіру мақсатында білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған «Ұлы дала елінің орта ғасырлық шаһары - Түркістанға саяхат» тақырыбындағы республикалық экскурсияға қатысқан Шахта орта мектебінің бір топ оқушысы Түркістанға саяхат жасап келді. - Өлкетану бағытында ұйымдастырылатын осындай туристік жаяу жорықтардың пайдасы орасан зор, - дейді «Дарын» ҚБ орталығының директоры Гүлшат Қанжан. -Ең алдымен, оқушылар арасында сенім мен өзара түсіністік қалыптасады, балалардың салауатты өмір салтын ұстануына көмектеседі. Оқушылар мен жастарға патриоттық тәрбие беруде кіші Отанын, туған жерін зерттеп, тарихын тану арқылы ұлы Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға жол салынады. Сондай-ақ оқушылар бос уақытын тиімді пайдалануды үйренеді. 2017 жылдың қыркүйек айында 163 шақырым, 8 тәуліктік жаяу жорық жасады. Бағыт — Баутино – Тұщыбек ауылы (Маңғыстау ауданы). Бұл да жеңіл емес, бірақ оқушылардың жеңілден ауырға қарай қызығушылығының артуына септігі бар. Әлбетте, туған жер төсіндегі саяхаттар дені сау, мәдени-тарихи ескерткіштерді жақсы білетін патриот жастарымыздың қалыптасуына септесері сөзсіз. Жаяу жүрген балалар жолда кездескен елді мекен тұрғындарымен әңгімелесу арқылы ауданымызға қатысты біз білмейтін аңыз-әңгімелер жинақтаса, дала шөптерін теріп, гербарий құрастырса, олардың арасында емдік қасиеті бар шөптерді танып, ажырата алар болса, географиялық зерттеулер жүргізуге машықтанар болса, мұндай шаралардың көбейе түскеніне құмбылмыз. Балалар туризмін шындап қолға алған орталық шәкірттерінің жетістіктері де қуантарлықтай. Республикалық «Менің Отаным-Қазақстан» туристік слетінде топ мүшелері осы жасалған жұмыстарды қорғап, 1-орынға ие болды. Жалпы білім беретін пәндерден өтетін ғылыми жобалар конкурсының «Өлкетану» секциясының «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар саяхат маршруттары» бағытында топ мүшесі Бекжан Қосайұлы «Маңғыстау-тоғыз жолдың торабы» тақырыбында ғылыми жобасын республика бойынша қорғады. Өңірімізде балалар мен жасөспірімдер туризмінің кенже қалып жатқаны шындық. Ал оны дамыту үшін Гүлшат Тәуірханқызының ұсынар ұсыныстары бар. - Ауыл маңындағы «Тамшалыны», «Шүйлі» сайын туристік базаға айналдырсақ деймін, - дейді ол. - Оқушылардың көктемгі-жазғы демалыс кезіндегі және тоқсан аралық демалысының тиімді өтуіне жағдай жасап, жаяу экспедициялық пункттер мен веложолдарды орналастыру қажет. Сондай-ақ туристік лагерьлер ұйымдастырып, оларды барлық құрал-жабдықтармен жабдықтаса, жатақханасымен «Дарын» орталығы дайын тұр. Ал ауданда туризмді дамыту арқылы ауданның экономикалық дамуына көп үлес қосуға болады. Мысалы, туристік базаларға әр облыс-аудандардан келетін туристерге ақылы қызмет көрсетілсе, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тартып, қолөнер бұйымдарын кәдесый ретінде дайындатып, кәсіптерін өркендетуге, туристік және жәдігерлік өнім индустриясын құруға ықпал етуге болады деп ойлаймын. Жаңа жұмыс орындарын, мәселен, туризм орталығын ашып, бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік туар еді. Иә, жоспар да, арман да көп. Олардың өз кезегімен жүзеге асарына сенейік. Алайда бүгінгі педагогтар мен ата-аналарды қатты алаңдатып отырған басты мәселе — цифрлы ұрпақтың өсіп-жетілуі. Олардың таңнан кешке дейін таза ауада ойнап, топпен серуенге шығу сияқты ағзаға пайдалы істермен айналысудан қалып бара жатқаны шындық. Тілі шықпай жатып, смартфонға үңіліп, компьютер шұқылап қалған бала табиғат төсіне жорықтар жасаған кезде аз уақытқа болса да ұялы телефоннан қол үзеді, желілік байланыстарға шыға алмайды. - Осының өзі оқушы денсаулығы үшін қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті, - деп ағынан жарылды тәжірибелі ұстаз. - Әрі жаяу туризм — оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін ең тиімді шара. Дұрыс ұйымдастырылған және мәнді өткізілген саяхат адамның денсаулығын нығайтады, ынта-ықылас, батылдылық, қайсарлық қасиеттерін тудырады, жұмысқа қабілеттілігін арттырады. Саяхат кезінде адамның ұжыммен жұмыс істей білу қабілеті нығаяды, туристік ой-өрісі кеңейеді, табиғатты қорғауға үйренеді. Сондықтан балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда оқушыларды кабинетке отырғызып, интернет материалдарын жүктеп, онсыз да сансыз жаңалықтармен қаптап, шаршауға айналған санасын толтырғанша, таза ауада, табиғат аясында зерттеушілік қабілеттерін шығармашылықпен ұштастырып, туризм-өлкетану жұмыстарына деген қызығушылықты туған өлкеге, кіші Отанға деген сүйіспеншілікпен байланыстырған абзал.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Сурет сайттың архивінен