Маңғыстау облысының тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының 2018 жылғы №6521 хатына сәйкес Өмірзақ ауылына қарасты елді мекендердің көшелерінің идеологиялық тұрғыда ескірген атаулар мен қайталанатын атауларды өзгерту туралы жұмыс тобы құрылды. Топтың құрамында қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, Өмірзақ ауылының жергілікті қауымдастық мүшелері мен облысымыздың жер-су атауларын зерттеумен айналысатын «Маңғыстау облыстық тарихи- мәдени қорығы» мекемесінің мамандары болды. Өмірзақ ауылына қарасты Приморский, Приозерный елді мекендерінің атауына және Приморский мен Рауан тұрғын үй массивтерінің көшелеріне жаңадан атау беру үшін аталған жұмысшы топтың үш отырысы өткізілді. Ол атаулардың айтуға жеңіл, сонымен бірге идеологиялық тұрғыдан мағыналарының дұрыс болуы басты назарда болды. 2019 жылдың ақпан айындағы өткізілген отырыста жаңа атаулар ардагерлер кеңесінің, мәслихат депутаттарының, Өмірзақ ауылының жергілікті қауымдастық мүшелерінің ұсыныстары ескеріле отырып, Өмірзақ ауылы жергілікті қауымдастығының талқысына ұсынылды. Сондай-ақ қауымдастық жиыны өтетіні жөнінде Ақтау қалалық әкімдігінің ресми сайтында (Aktau.gov) жарияланды. Жиналысқа 88 адам қатысып, өз пікірлерін білдіріп, елді мекеннің жаңа атауларына қатысты бұл ұсынысқа жиналғандардың басым бөлігі қолдау білдірді. Сонымен қатар елді мекен атаулары мен көшелерін ауыстыру бойынша тұрғындардан ешқандай шығын шықпайды. Себебі қолданыстағы заң талаптарына сәйкес тұрғындардың жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттарын бүгінгі таңда ауыстыру міндеттелмейді және ешқандай мемлекеттік органдар тарапынан талап етілмейді. Бұл өз кезегінде құжаттарды басқа негіздер бойынша ауыстыру қажеттілігі туындаған жағдайда (сату-сатып алу және тағы басқа) белгіленген тәртіппен автоматты түрде ауыстырылады. Осы бойынша аты аталған елді мекенде тұратын тұрғындардың да пікірі бір жерден шықты. «Мен өзім Приморскийде тұрамын. Онда Самал деген екі көше бар. Ол бізге такси, жедел-жәрдем шақырғанда қиынға соғады. Олар көшелерден шатасып, басқа мекенжайға түсіп кетеді. Сол үшін осы ұқсас көшелердің атауларын өзгерту бойынша ұсынысымыз да қаралып жатыр. Сонымен қатар ауылымыздың атауы «Ақжелкен» болып өзгеруін қуана қабылдап жатырмыз. Бұрынғы атау орысша болатын, ал қазіргі атауы қазақы, мағынасы бар, құлаққа да жағымды естіледі», – дейді Приморский тұрғыны Фарида Молдабекова. «Мен де бұл атауды қолдаймын. Тұратын көшеміздің аты – Ақбидай, енді ауылымыздың атын «Ақжелкен» деп өзгертсе нұр үстіне нұр болар еді. Әдемі, қазақы атау болғаны барлығымызды қуантып жатыр. Біздің ұсыныстарымызды жерге тастамай, елеп-ескеріп жатқан басшыларға алғысымыз шексіз», – дейді ауыл тұрғыны Ыбырайым Қызылқұл. Айта кету керек, алдағы уақытта Приморский – Ақжелкен, Приозерный – Оймашы атауымен өзгеруін тұрғындар бір ауыздан қолдап отыр.
Айгүл ОРЫНБАЕВА