©
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан еліне үндеу жариялады. Ол өз сөзінде Қазақ елінің болашағын айқындайтын өзекті мәселелердің бірі, қоғамдағы демократиялық, саяси оқиға - кезектен тыс президенттік сайлаудың уақытын айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мәлімдемесінде елімізде сайлаудың әділ және демократия принциптеріне сай өтетінін жеткізді. Қалай болғанда да, бұл сайлаудан бірінші кезекте ұтатын халық. Себебі халықтың тұрмысы түзеліп, әл-ауқатының жақсы болуы - биліктің тұрақтылығына байланысты.Ләззәт Досметова, "Қолдау-Қазақстан" КСКЕХ директоры
***
Сайлау өткізу туралы шешім - халықтың көкейіндегі сан сауалдың жауабын беретіні сөзсіз. Мерзімінен бұрын сайлау өткізу қазақстандық қоғамның кең ауқымда пәтуалы тірлік кешуі, халықтың бірлігі мен үндескен қимылы арқасында алға қойған мақсаттарға жетуі, Президент айтқан реформаларды өмірге мейлінше дендеп енгізу үшін қажет.Нұрсәуле Жайынбаева, "Агророст" ҚБ
***
Елімізде кезектен тыс сайлау өткізу, тұрақты президентті айқындау қажеттіліктен туындап отыр. Бірін-бірі аңдыған, аяқтан шалуды ойлайтын мына заманда Қазақстан секілді алып мемлекеттің тұтастығына кепіл болатын президент қажет. Осындай алмағайып заманда елдің тұтастығын, татулығын сақтауды тек бір азаматтың мойынына жүктемей, ел болып бірлігімізді сақтауымыз керек.Рысгүл Игілікова «Шаңырақ» қоғамдық қорының директоры