Еліміздегі билік пен құзырлы органдар жергілікті халықпен тығыз байланыс орнатып, азаматтардың күнделікті талап-тілектері мен ұсыныстарына құлақ асып, өтініштерін шешуді жеделдету - бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр. Осы мақсатта ішкі істер министрінің арнайы тапсырмасымен Бейнеу аудандық полиция бөлімі 5 сәуір күні «Жолда қабылдау» акциясын ұйымдастырды. Акцияға «Nur Otаn» партиясының аудандық филиалы, жастар ресурстық орталығы мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Аудан орталығында Д.Тәжиев көшесі басталатын тұста, сұлтан Бейбарыс көшесінің бойындағы жүргіншілер көп жүретін орында ұйымдастырылған акцияға келіп, құқықтық түсінік пен көмек алуды қалаушылардың қарасы мол болды. Олардың көпшілігі жеке өз басына ғана қатысты емес, сондай-ақ көпшілікке ортақ мәселелерді ортаға қойды. Негізінен көлік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолда жүру ережелерін түсіндіру, аудан орталығының көшелерінде, «Бейнеу-Сайөтес», «Бейнеу-Боранқұл», «Бейнеу-Тәжен» тас жолдарында жол-көлік оқиғаларының алдын алуды жүзеге асыруды көздеген акция барысында халық өкілдері қозғалыс қауіпсіздігінің тұрақты сақталмайтыны, анық көрінбейтін немесе түсініксіз жол белгілері, кейбір жүргізушілердің жүргіншілер жолағы мен бағдаршамды елемейтіндіктері жайлы мәселелерді көбірек қозғады. Акцияға келушілердің сұрақтарына аудандық полиция бөлімі бастығы, полиция полковнигі Б.Б.Жұмағали, АПБ бастығының орынбасары Д.Азимов, осы бөлімнің ЖПХ бөлімшесінің басшысы, полиция майоры А.Мұсаев, ӘПБ бөлімшесі басшысы, полиция майоры Қ.Джаймуханов, ӘПБ бөлімшесінің инспекторы, полиция капитаны А.Қабақбаева, «Nur Оtan» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі Е.Бектілеуов жауап беріп, заң талаптары бойынша кең түрде түсінік берді.
Қ.НАЗАРҰЛЫ