2018 жылдың желтоқсан айында Маңғыстау облысы әкімдігінде «Маңғыстау – адалдық алаңы» кеңсесі ашылған болатын. Бұл жоба аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша барлық мүдделі тараптармен қоян-қолтық жұмыс атқарылып келеді. Адалдық алаңының міндеті – тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамытып, азамат- тар және бизнес үшін кедергісіз және қолайлы жағдайлар жасау. Өңір басшысы Ералы Тоғжановтың қатысуымен «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің атқарып жатқан жұмысы бойынша жиын өтті. «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің кураторы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев өз сөзінде: – Жоба шеңберінде тұрмыстық жемқорлықты азайту бойынша жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында жоспарлар бекітілді. Жоспарға сәйкес жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Атап айтқанда, облыс тұрғындарының тұрмыстық жемқорлық фактілері бойынша өтініштерін қабылдау және жобаның атқарып жатқан жұмыстары жөнінде ақпараттарды жариялау үшін әлеуметтік желілерде арнайы парақшалар ашылды. Олар: фейсбук, телеграм, инстаграм, ватцап желілері. Бүгінгі күнге дейін фейсбук әлеуметтік желісінде 20 өтініш, ватцапқа 15 өтініш келіп түсіп, осы мәселелер бойынша тиісті жауаптар берілді. Жалпы жоба аясында Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, тиімсіз шығындарды оңтайландыру бюджет қаражатын үнемдеу жұмыстарын жүргізу мақсатында, облыс бойынша барлық 141 мектепке мониторинг жасалды. Мониторинг нәтижесі бойынша 50 мектеп директорының кабинеттері сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында мемлекеттік нормативтерге сай келмеді. Сондықтан үлкен кабинеттер кіші кабинеттерге ауыстырылды. Босатылған кабинеттер мектеп мұғалімдеріне қосымша оқыту шараларын жүргізіп, оқушылардың жаттығу жасайтын орнына айналды, – деп атап өтті. Жоба жұмысы барысында бизнес көзіне айналған жалған медицина анықтама жасауды тоқтатып, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында 086, 083 үлгісіндегі медициналық анықтамаларды заңсыз алу үшін жасырын сатып алушы арқылы мониторинг шаралары ұйымдастырылды. Соның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындап, қызмет көрсетіп отырған Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Қарақия, Түпқараған, Маңғыстау аудандарындағы 21 емханаға мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде жоба мүшелері мен Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылындағы «Жоламан» емханасы, Ақтау қаласындағы «Сенім» медициналық орталығында заңсыз медициналық анықтама жасалғаны анықталды. Аталған мәселе бойынша, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысына медициналық орталықтарына қолданыстағы заңға сәйкес шаралар қолданып, анықтамаларды заңсыз алуды болдырмау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілген. «Маңғыстау – адалдық алаңы» кеңсесіне «Алия», «Бойтұмар», «Шәмші» тұрғын үй кешендерінің салымшылары өтініш білдіргенді. Жоба аясында Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов, Ақтау қаласы прокурорының орынбасары Б.Шелпековтың қатысуымен әкімдік тарапынан салымшыларға қолдау көрсетіліп, мәселеден шығу бойынша шаралар қабылданатындығын хабарлаған. Жаяу жүргінші мен көлік жүргізушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында облыс бойынша автомобиль жолдарында орналасқан жол ережелері бойынша мониторинг жүргізілуде. Қазіргі таңда жол белгілерінің қолайсыз жерде орналасуы, жаяу жүргінші жолағының үзік сызықтарының болмауы, қала тұрғындары тарапынан келіп түскен заң талаптарына сай тиісті шараларды қабылдау үшін ІІД-ге талаптары жолданды. Агенттік бастамасымен жас ұрпақтың бойында адалдық, шыншылдық сияқты қасиеттерді тәрбиелеу мақсатында өңіріміздің орта, кәсіби және жоғары оқу орындарында сатушысы жоқ «Адалдық дүкендері» кең көлемде ашылды. Сонымен бірге «Адалдық дүкенінің» тұсауы елімізде тұңғыш рет Ақтау халықаралық әуежайында да кесілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру бойынша ерекше атап өтетін жайт, өңірдегі мұсылмандар діни басқармасымен тығыз жұмыстар жасалуда. Атап айтқанда, өткен айдан бері қарай облыстағы мешіттерге әр жұма намазға жиналған 30 мыңға жуық жамағатқа парақорлықтың шариғаттағы үкімі, пара алу, пара беру және екі ортада дәнекер болудың күнә екендігі қарапайым тілмен түсіндіріліп келеді. Мемлекеттің экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі – елімізде қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру. Осы мақсатта агенттік тарапынан бизнес үшін әкімшілік кедергілерді төмендету және бизнес пен инвестиция саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, жою бағытында бір қатар жобалар іске асырылуда. Солардың бірі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы, «Kazakh Invest» ҰК АҚ, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлескен «Инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу» жобасы. Аталған жоба шеңберінде инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, ақпараттық көмек көрсету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау сияқты іс-шаралар қамтылған. Осы уақытқа дейін жалпы саны 34 шағым түсіп, 32 шағым бойынша кәсіпкерлердің өтініштері қанағаттандырылып, 2 өтініш қаралуда. – «Протектин бизнес энд инвестментс» жобасы аясында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында «Город мастеров ИП А.В. Битнер» жеке кәсіпкерінің жиhаз фабрикасына газ дәлізін жолға қою және визуалды жарнама баннерлерінің эскиздерін келісу мәселелері бойынша өңірлік фронт-офиске шағым түскен болатын. Жобалық кеңсенің шұғыл әрекет етуінің нәтижесінде кәсіпкердің шағымданған екі мәселесі де оң шешімін тапты. Сонымен бірге «Caspian Profit» ЖШС-дан мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және жер заңнамасының сақталуы бойынша өтініші түсті. Атап айтқанда, Ақтау қалалық жер қатынастары бөлімі тарапынан жерге орналастыру жобасын бекітуден себепсіз бас тартылған. Аумақтық департаменттің араласуымен, мәселе оң шешімін тауып, кәсіпкердің құқығы қорғалып, ал жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа, кәсіпкер Н.Сейдалиевадан Мұнайлы ауданы әкімдігі тарапынан жердің нысаналы мақсатын өзгерту барысында заң бұзушылықтарға жол берілгендігі туралы өтініші келіп түскен. Аумақтық департаментпен жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, кәсіпкердің құқығы толықтай қорғалды, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Н.Жанназарова. Аймақ басшысы Е.Тоғжанов облыстық басқарма басшыларына сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған ықпал ететін себептерді жоюға бағытталған жүйелі шаралар қабылдануын тапсырды.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ