Маңғыстау өлкесінің дамуына көп үлес қосқан геологтар күніне арналған мерекелік жиынды Қазақстан геолог-мұнайшылар қоғамының басшысы Балтабек Қуандықов ашып: «Жыл сайын кәсіби мерекемізді осындай көлемде атап өтетінімізді өздеріңіз білесіздер. Биылғы жыл ерекше жыл! Қазақстан мұнайына - 120 жыл, қазақ мұнайының атасы - Сафи Өтебаевтың туғанына – 110 жыл! Өзен кенорнының ашылғанына – 55 жыл! Теңіз, Қарашығанақ кенорындарының ашылғанына – 40 жыл! Сондықтан жыл бойы мерекеміз жалғаса беретін болады», - деп, «Геолог күні» министрдің қатысуымен – Нұр-Сұлтан, Алматы қаласында өткелі отырғанын жеткізді. Мереке күні алыс-жақыннан бас қосқан ардагерлер Құрық поселкесіндегі жаңадан ашылған геолог-барлаушылар музейін аралап, ақсақалдар ғимараттың айналасына тал екті. Сонымен қатар, сол жердің өсіп-өркендеуіне негіз болып отырған теңіз портына, паром басына барып, жұмыстарымен танысты. Жиында сөз алған облыс әкімі Ералы Тоғжанов: «Маңғыстаудың бүгіні де, болашағы да мұнай саласына тікелей байланысты екенін жұртшылық біледі. Сондықтан төл мерекелеріңіз – геологтар күні құтты болсын! Экономикасы мықты елдің тәуелсіздігі де нығая түсетіні белгілі, Елбасымыз Құрық портын - Қытайға шығатын 2000 шақырым жолды бекер ашып отырған жоқ, бұл еліміздің өркендеуіне серпін беретін саяси-экономикалық маңызы зор жоба» деп, бірқатар еңбегі елге белгілі геологтардың атын атап, облыстың мұнай саласына қатысты алдағы жоспарларымен бөлісті. Мерекелік шара барысында ардагер геологтар Тергеу Айдарханов, Аманжан Өтесінов, Райымхан Халелұлы, Меңдеш Салихов, Алмагүл Келбет құттықтау сөз сөйлеп, барлаушылар жорығының көш басында 30 жылдай тұрған даңқты мұнайшы Халел Өзбекқалиевтің 90 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесері өтті. Кеш соңында жұмыс басында жүрген еңбек озаттарына мерекелік марапаттар тапсырылып, зейнет жасындағы ардагер геологтарға да сый-құрмет көрсетілді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ Cуреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="76973,76974,76980,76978,76976,76979,76981,76975,76977"]