Қызылсай ауылында ардагерлер кеңесінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Мәжілісте Қызылсай ауылының 60 жылдық мерекесінің жоспары нақтыланып, осы ауылдың ардагерлер ұйымын басқарған Жақсылық Көңілімқосұлы денсаулығына байланысты өз еркімен демалысқа кететінін мәлімдеп, өтінішін қанағаттандыруды сұраған болатын. Ауыл ақсақалдары Жақсылық Көңілімқосұлы атқарып келген игілікті іс-шараларына, Қызылсай ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына, елді мекеннің көркеюіне тұрғындардың арыз-шағымдары, тыныс-тіршілігіне тікелей араласып, оң шешімін табуға атсалысып келгенін айтып, жұмысына ризашылықтарын білдірді. Ж.Көңілімқосұлы туған өлке тарихына көбірек үңіліп, ойына түйгендерін аудандық «Жаңа өмір», облыстық «Маңғыстау», қалалық «Жаңаөзен» газеттеріне үзбей жариялап келеді. «Бабанама - баршаға» деген бәйгеге үзбей қатысып, ата тарихы мен ру жіктерін, сондай-ақ Маңғыстауды мекендеген батыр тайпаның ержүрек батыр-баһадүрлері мен атымтай-жомарттары, мыңды айдаған қайырымды байлары жайлы көптеген деректі жинақтап, очерктері, мақалалары баспасөз беттеріне шығып тұрды. ҚР-ның Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы-қаламгер өмірден көрген-түйгендерін жас ұрпаққа аманат ретінде қалдыру мақсатында «Ұштаған құтты мекенім», «Бабалар баяны ұрпағына аманат», «Қарашаңырақ Қызылсай» атты кітаптардың авторы. Қазақ халқының салт-дәстүрі туралы мақалалары БАҚ құралдарында жарық көрді. Қала көлемінде өтетін жиналыстарда жастар мен мектеп оқушыларымен болатын кездесулерде айтатыны бар ақсақал. Оның еңбегі де еленбей қалған жоқ. 2018 жылы «Еңбектегі ерен еңбегі үшін» медалімен, қаншама марапат, Алғыс хат, медальдардың иегері. Жаңаөзен қаласы және Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы осы аталғандардың айғағы екені белгілі. Екінші мәселе - ауыл ардагерлер ұйымына жаңа төраға сайлау. Бұл орынға ұзақ жылдар Ж.Көңілімқосұлының орынбасары болған Бақытжан Өскінбаев сайланды. Осы ауылдың тұрғыны, №4 орта мектепте мектеп директорының орынбасары, жоғары білімді ұстаз. С.Төлетов келе жатқан Қызылсай ауылының 60 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтап, облыс көлеміндегі, аудан-қалалардағы ардагерлер ұйымдарында жаңалықтармен атқарылып жатқан игі іс-шаралардан хабарлама жасады. Сөзін қорытындылай келе төрағаны құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі. Ауыл ақсақалдарының пікір-сұраныстарын толықтай мақұлдап, кейбір қаражатқа тірелетін мәселелерді қала, облыс әкіміне хабарлап, оң шешімін табуға ықпалдасатынын мәлімдеді. Ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына толықтай жауап алды. Ж.Көңілімқосұлына облыстық ардагерлер ұйымының «Алғыс хатын» және қала әкімінің «Алғыс хатымен» шапанын иығына жауып, атқарып келген игі іс-шараларына алғысын айтып, тезірек айығып кетуіне тілектестігін білдірді.
А.ҚАРАБАСОВА, қалалық ардагерлер ұйымының іс жүргізушісі