©
Көктем мезгілінің көркем, ұлағаты мол мерекесі – Наурыз мейрамы. Халқымыздың ерте замандардан бастап дәстүріне енген бұл мереке еліміз тәуелсіздік туын көтергеннен кейін қайта жаңғырып, Қазақстан халқының ортақ мерейлі мерекесіне болып, кең көлемде тойланып келеді. Әз-Наурыз мейрамының басқа түркі тілдес елдері сияқты біздің елімізде де Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен белгіленген 21-23 наурыз күндері – Наурыз мейрамы деп аталып, тойланатыны баршаға аян. Бұл Наурыз мейрамының тарихы тым тереңнен тін тартады. «Навруз» сөзі - парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген ұғымды білдіреді дейді білетіндер. Наурыз мейрамы ерте дәуірлерде парсы патшасының бұйрығымен күн мен түннің теңескен сәті жаңа айдың тууымен байланыстырылып, мерекелене бастаған. Наурыздың шығу тарихы мен мерекеленуіне қатысты ортаазиялық ғұлама-ғалымдар мен тарихшылар – Әбу Әли Райхан Әл Бирунидің және Омар Хайямның жазбаларында бірнеше деректер келтіріліп, аңыздар мен хикаяттар айтылады. Ғұлама Омар Хайямның ерте дәуірлерде Наурыз мерекесінің Исламға дейінгі кезеңде Иран жұртында қалыптасуы мен сол замандағы қолданылған күнтізбе тарихы және оның жүзеге асуы турасында біршама аңыз әңгімелерді, Наурыздың тойлануын жазған «Наурызнамасының» маңызы айырықша. Омар Хайямның бұл қолжазбасының екі нұсқасы Англия мен Германияның мұрағаттарында сақталған. Қолжазба әр жылдарда әлемнің бірнеше тіліне аударылып, соның өзбек тіліне аударылған нұсқасын жазушы Д.Стамбеков аударған екен. Мен сол кітаптан деректер келтіргелі отырмын. Ертеде өткен ғұлама Омар Хайямның жазған «Наурызнамасында» (Өзбекшеден аударған Д.Стамбеков-К.Ә.) «...Тағы бір мысал делінеді: Изид тағала күннің нұры мен келтіретін пайдасы барлық нәрсеге тегін әрі тиесілі деп, күнге үнемі қозғалыста болуды бұйырады. Соған орай ол Амалдың басынан көрініп, зұлмат нұрдан айырылды. Күндіз-түні пайда болды. Бұл дүниенің тарихы осылайша басталды. Осыдан соң бір мың төрт жүз алпыс бір жыл өткесін күн әлгі алғаш көрінген жеріне сол күні сол минөтте қайтып оралды. Осы мерзім ішінде Муштари Зухалмен жетпіс үш рет бірікті. Мұны әдетте «кіші қырғын» деп атайды. Бұл бірігу әрбір жиырма жылда қайталанады. Күн өзінің бір айналып шығуын аяқтап, өз орнына қайтып оралғанда Зухал мен Муштари арасында Зухалдың қабат келген айында қосылады және бұл Мизан айына қарама-қарсы. Күннің бір айналып шығуы бірі анда, бірі мұнда демекші, біз ишара жасағандай және жұлдыздардың орналасар тұсы да біз көрсеткендей болады. Күн Амалдан шыққан мезгілде әрі Зухал да, Муштари де басқа жұлдыздармен бірге Изид тағаланың қалауынша тұрған сәтте дүние дидары өзгереді және жарық нәрселер пайда болды. Ажам патшалары дәл осы күнді айырықша атап өту үшін әрі екінің бірі бұл күнді оңайлықпен таба алмасын біліп, оны белгілеп, айдарлап қойды. Мұны баршаға мәлім «мейрам» деп жариялады...» депті. Бұл жерде біз Омар Хайямның ғұлама ғалым, философ, ақын, астроном, математик екенін естен шығармай оның тұжырымдап жазғанын түсіністікпен қабылдағанымыз абзал. Біз деректерін келтіріп отырған Омар Хайям заманында аспан әлемін зертеуді ниет еткен ғалымның бірі. Ол Мәлік шахтай патшаның пәрменімен салынған Расытханада (обсерваторияда-К.Ә.) жаңа «күнтізбесін» жасаған. Бұл күнтізбе қазіргі Григорий тізбесінен гөрі әлдеқайда дәл де анық болған. Оның күнтізбесінде жыл ұзақтығы 365,2424 күн, ол қазіргі өлшеммен салыстырғанда 0,0002 тәулікке қате екен. Ал Григорий күнтізбесінде 365 күн, 2425 күн, онда дәл өлшем бойынша 0,0003 тәулікке ауытқыған. Омар Хайям күнтізбесі Иран елінде 19 ғасырдың орта шеніне дейін қолданылып келіпті. Исфаһан обсерваториясы Мәлік шах қайтыс болғанға дейін жұмыс жасаған. Омар Хайям өзінің замандасы Жамалиддин ибн әл Кифтиге «Астрономия мен пәлсапада оған тең келер адам жоқ еді. Егер даһри (дүние өзгерістерін жаратылыс заңдылықтары деп түсінетіндер) болудан қорықпағанда ғылымда ол таңғажайып дүниелерді жүзеге асырған болар еді,» - деп баға берген екен. «...Кімде-кім – дейді Омар Хайям: - Наурыз мейрамдап құшуақ (шад-шадыман-К.Ә.) жүрсе, келесі Наурызға дейін тыныш, бейғам ғұмыр кешеді. Патшаларға бұл күнді ғалымдар белгілеп берген..Біз жоғарыда айтып өткендей, ол мейрам күнін белгіледі, оған «НАУРЫЗ» деп ат берді. (Бұл атты Жәмшид патша беріпті.) Әр жылы фарвардин келгенде адамдарға осы күнді «жыл басы» деп мейрамдауды бұйырды. Наурыз жайындағы ақиқат, міне, осы...», дейді Омар Хайям «Наурызнама» жазбасында. Жазбада Омар Хайямның «Амал» дегені-күннің жылдық айналым жолындағы он екі жұлдыздың бірі. Өзінің жылдық айналымында әрбір жұлдызды бір айда басып өтеді. Күннің Амал жұлдызына кіруі – көктемнің келгені» дейді. «Изид» деп отырғаны қадим заманда Ирандағы тәңір аттары. «Наурызнаманың» біраз жерінде мұсылманша Алла деп емес, исламнан бұрынғы аттарымен атаған. Ал «Ажам» дегені парсы елі екен. «Фарварин» ай аты. Бұл айда өсімдіктер жандана бастайды, яғни Амал айына қатысты сөз дейді аудармашы. Міне, Хадим заманғыдағы тарих осылай деп баяндайды. Осы тарихтың сүрлеуімен жеткен түсінік негізінде біздің еліміздің батыс аймағында көшпенді замандарда жұлдыз санап, мал бағып, күн көрген ата-бабаларымыз Амал жұлдызының туысына қарап, 14 наурызды көктемнің мезгілінің бастауы ретінде атаған. «Амал келді, жыл келді» деп қуанған ел қыстан басы-аман, малы түгел шыққанына мәз-мейрам болып тойлаған. Осы күні көптен көрмеген ағайын-туыс, жақын-жуық, құда-жекжатымен, көрші-көлеммен мәре-сәре болып, төс түйістіріп көрісетін «Көрісу» дәстүрін қалыптастырған. «Ас көп болсын, ақ мол болсын» деген ниетпен қонағына жеті түрлі дәннен наурыз көже пісіріп берген. Бұл ізгілік жолындағы игілікті салт-дәстүр мен әдеп-ғұрып ұлттық құндылықтар қазіргі таңда Қазақстан бойынша рухани жаңғыру үрдісінде жаңаша сипатпен кең ауқымда мерекеленіп жүр. Соңғы жылдары Амал мерекесі Маңғыстаудағы Қаратаудың биік шоқысында орналасқан «Отпантау» мәдени-тарихи кешенінде аталып келеді. Жылдан жылға бұл мерекеге еліміздің басқа аймақтарынан да қонақтар келіп, мерекенің мән-мазмұны мен маңызы арта түсуде. Міне, бұл - ортақ мүдде, бір мақсат жолында жүрген Қазақстан халқының бірлік пен татулыққа ұйыса түскенін аңғартады. Естуімізше, биылғы жылы бұл Амал мерекесіне көршілес Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және ноғай жұртынан қонақтар келіп, мерекенің сән-салтанатының кең ауқымды қамтитыны белгілі болып жатыр. Ең негізгі мереке елімізде 21-23 күндері тойланатын Наурыз мейрамы жалпы Қазақстан халқының ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан рухани құндылықтары, салт-дәстүрі дәріптеліп, мәдениетіндегі жаңғырудың жаңа нышандары көрініс табатын – Ұлыстың ұлы күні бұл. Әлқисса, Наурыз мейрамының 21-23 күндерге тойлануына байланысты тағы да тарихи деректерге жүгінсек, «Наурызнамада» жазылғандай, Мәлік шахтың пәрменімен Хорасанның Омар Хайям бастаған ғалымдары, астрономдар Абул Музаффар әл Исфари, Маймун ибн Наджиб әл Васити 1079 жылы жаңа күнтізбе жасап, кібісе жылдың табиғи қозғалысын қайта есептеген . Содан кейін Наурыз мейрамы 21 наурызға, яғни күн мен түннің теңелуі 21-нен 22-не қараған күнге белгіленеді. Бұрынғы күнтізбеге қарағанда жаңа күнтізбенің айырмашылығы 16 күнге көп болған. Міне, осылайша Наурыз мейрамының күнтізбедегі тұрақты орыны анықталған екен. Қазіргі кезде Әз-Наурыз мейрамы – Қазақстан деген қасиеті шаңырақтың астында жарқын болашаққа нық қадам басып келе жатқан әрбір қазақстандықтың бір-біріне достық пейілмен ыстық лебізін жеткізіп, ақсақалдар бата беріп, ақ тілегін ақтаратын күні. Бұл — ізгі ниеттегі әрбір жанашыр жанның мүжәлсіз жандарға қайырымдылық жасап, көмек беретін, мейірім шуағын төгіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін айырықша күн. Сондықтан да аталған мейрамның көптің көңілінен шығатындай деңгейде өтуіне баршамыз бір кісідей атсалысып, үлесімізді қосуымыз қажет-ақ, қадірлі халайық!К.БӨКЕНБАЙТЕГІ