Әуелі, жеті деген киелі санға құралған. Оның үстіне Наурыз көже жеті түрлі дәмнен жасалады. Қазақ о бастан киелілікке, ырымшылдыққа аса мән берген. Бірінші көжеге су қосқаны – өмір-өзен, ұрпақ – өріс судай асып-тасысын дегені болар. Тұз қосқаны – қазақ қашаннан сөзді қастерлеген халық. Сондықтан ешқашан дәмсіз сөз сөйлемеген. "Тұз – астың дәмін келтірер, ал мақал – сөздің мәнін келтірер" деп мағыналы мақал айтқан. Сүт немесе ақ құйғаны – сүттей ұйып отырайық, ақ мол болса денсаулыққа да кепіл дегені. Көңіліміз де ақ болсын деген таза ниет. «Ағы бардың – бағы бар» деп түсінетін қазақ халқы сүт тағамын бақыт несібесі деп білген. Құрт қосатын себебі – құрт күшті ас. Әсіресе, жазда пайдасы мол. Әлсіз, аурушаң адамдарға күш, қуат береді. Бұл асты – қуаттың көзі болсын, ел қуаты нығайсын, денсаулығы берік болсын деген ырымға негіздесе керек. Қазақтың ең жақсы көретін, негізгі ас дәмдерінің бірі – ет қосылады. Себебі қазақтың табиғаты малмен біте қайнасқан болса, ет – қазақтың төл асы. Қазан толсын, асар мол болсын деген мақсатта «ұзынсарыға» сақтаған сүрі етті тұтастай Наурыз көжеге салып қайнатады. Көжеге алтыншы дәм – бидай, арпа, жүгері қосады. Бұлар - дәрілік ем. Мысалы, білетіндердің айтуынша, арпаны жиі пайдаланатындардың қаны бұзылмайды екен. Ирак тәуіптері бұл дәнді «ғажап құтты дән» деп атаған. Көптеген ауруларға шипалы. Зерттеушілер: «Арпа ай тұтылғанда себілетін болса, кейін одан пісірілген нан есі ауысқандарға шипа болады. Егер арпа егіліп жатқан кезде ай дөңгелектеніп Зухар жұлдызына қарама-қарсы тұрса, арық-тұрақ мал оңалып, қоң жинайды. Жылдың жақсы немесе жаман келуі арпаға қарап анықталады. Біздің данышпан бабаларымыз осыны арқау еткен. Жаратушы Алла: «Нандардың ішіндегі ең жақсы нан – арпа наны. Кім оған қанағат қылса, ол оны тойдырады. Себебі ол – менің наным, барша пайғамбардың наны» деген екен. Жетінші дәм – күріш. Күріш те денсаулыққа шипа, ішкі құрылысты тазартатын табиғи элементтерге бай дәнді дақыл. Жалпы Наурыз көжеге дәнді-дақыл пайдаланатыны – бір тамырдан өсіп-өнген күріштей ұрпағымыз көп болсын деген тілек болса керек. Наурызда берілетін бата нышаны осы Наурыз көжеде сайрап тұр. Қорыта айтсақ, «Наурыз көже» Тәңірден жақсылық тілеп, ырымдап жасайтын ас болған. Иә, Наурыз пайдалы да құтты, ырысты болсын, өскін мол болсын деген қазақ тілегінің, ырымының басты көзі – Наурыз көже екені айдай анық. Наурыз мейрамында Наурыз көжеден дәм татып, келер жылға да аман-есен жете берейік. Ұлыстың Ұлы күні баршамызға құт болғай!
Ж.ЕРТАЙҚЫЗЫ