©
Кімге ұқсатам білмеймін қандайымды, Мама, кеп бір иіскеші маңдайымды, Ақуызға толмаған таңдайымды, Толтырайын айтумен жағдайымды, Ана, енді сені табу қиындады, Ойласам көзден жасым тиылмады, Алатауым, жұпарым арман болып, Туған жерің, топырағың бұйырмады, — деген өлең жолдарынан жетімдіктің кермек дәмі мен қайғы-қасіретінің лебі есеп тұрғандай. Осындайда өмір есігін ашпай жатып, тағдыры талқыға түсіп, сынақтың ең ауырын арқалаған шақалақ сәбилердің қандай жазығы бар еді деп ойға қаласың. Ана деген атқа өзін лайық көрмегендер құрсағынан шыққан сәбиін көрінгеннің есігіне қалдырып, одан қалса қоқысқа тастап жатқанының есебінен соңғы кездері елімізде балалар үйінің саны азаймай отыр. Тұрғындары көп шоғырланған қалаларда ондай жағдайлардың күніне бірнешеуі болары сөзсіз. Бірақ қарапайым халықтың оның бірін біліп, бірін білмеуі заңдылық. Елімізде қанша облыс болса, бұл мәселе де соншалықты өзектілігін жойған жоқ. Осы орайда біздің өңірде бұл тақырыптың қаншалықты түйткілді екенін білу мақсатында Ақтау қаласында орналасқан облыстық мамандандырылған балалар үйіне бас сұққан едік. Дегенмен бұл жердегі ахуал аз да болса көңіл қуантарлық болып шықты. Тастанды сәбилер жоқтың қасы деуге болады. Мәселен бүгінде бұл ошақта 22 бүлдіршін тәрбиеленіп жатса, соның 19-ы уақытша тәрбиеленуде, яғни баспанасы жоқ, жағдайы төмен аналардың перзенттері. Осы орталықтың бас дәрігері Сару Ермұханованың айтуынша Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылы шығарған бұйрығы бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған жұмысы, үй-күйі жоқ ата-аналарға балаларын осында уақытша қалдыруға рұқсат берілген. Олардың әр аптаның демалыс күндері үйлеріне барып, ата-аналарымен қауышуына мүмкіндік те қарастырылмақ. «Барлық ауданға барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында жағдайы өте төмен жалғызбасты аналарды кездестірдік. Тіпті кейбірінің вагонда өмір сүріп жатқан жерінен кішкентай балаларын өзімізге орналастырып, оларға жұмыс жасауға мүмкіндік бердік. Осылайша үкіметтің қаржыландыруының арқасында жағдайы төмен отбасында өмірге келген сәбилерге көмек көрсетудеміз. Тағы бір айта кетерлігі, балалар үйіне баланың түсу саны азайды деуге негіз бар. Себебі қазіргі таңда біздегі балалардың бәрі бірдей тұл жетім емес. Олардың 19-ын уақытша деп есептесек, қалған 3-еуінің статусы анықталмады. Аналарын күтеміз. Егер белгілі бір уақыт аралығында келіп перзентін алып кетпесе, сот шешімімен ата-ана құқығынан айырамыз. Дегенмен бізде патронаттық ата-ана деген де ұғым бар. Бір сөзбен айтқанда, бала асырап алушы – ата-ана. Сәбидің анасына сот шешімі шығып, ата-аналық құқығынан айырып, баланың статусы анықталғанға дейін патронаттық ата-ана уақытша бағып, өз қамқорлығына алады. Бірақ үйлеріне алып кетуге рұқсат жоқ. Кейін жағдайға қарай сот шешімімен асырап алуға толық мүмкіндіктері болады. Ондай ата-аналар бізде бар», – дейді С.Ермұханова. Бір қуанарлығы аталған балалар үйіне перзентханадан тікелей түсетін сәбилер жоқ екен. Ал уақытша тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің басым көбі - Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданынан. Жалпы қоғамда неше отбасы болса, сонша тағдыр, өмір бар. Әйтсе де, өмірге келген әрбір сәби өз отбасында тәрбиеленіп, өсіп-өнсе, ешкімнен қорлық көрмей, жайлы өмір сүрсе, оның болашағы да жарқын болары сөзсіз. Жаңа туған нәресте, алдымен, өзін өмірге әкелген жанды іздейтінін ескерер болсақ, анасының ыстық құшағынан бір елі ажырамау керек емес пе?! Осы орайда балалар дәрігері Сару Ермұханова жас аналарға былай деп кеңес береді. «Баланы әр уақыт емізгенде көзіне қарап, еміреніп сөйлеп, еркелетуіміз керек. Егер анасы баласына дер кезінде осылай жақсы көретінін жеткізбесе бәрі де кеш болуы мүмкін. Оны не үшін айтып отырмын. Қазіргі таңда көп жағдайда ата-ана мен баланың арасында байланыс жоқ. Кезінде жаңа туған баласының көзіне қарамаған. Содан барып ер жеткен бала, бойжеткен қыз анасының, әкесінің айтқанын тыңдамайды. Түрлі тәртіпсіздікке барады. Соның салдарынан кейбір қыз балаларымыз үйде отырып аяғы ауырлап қалады. Содан жетім сәбилер көбейеді. Егер анасы кезінде баланың көзіне қарап емізетін болса, екі арада әсерлі байланыс орнар еді. Сосын баланың өсе келе не бүлдіріп келгенін көзінен тануға болады. Ал әке-шешесі қартайғанда балалары олардың көзіне қарап ауырып немесе қиналып отырғанын сезе алар еді. Көз – іштің айнасы. Көз ешқашан өтірік айтпайды. Міне, балаға берілетін алғашқы тәрбие – осы». Ал балалар үйіндегі сәбилердің тағдыры мүлде бөлек. Олардың ішінде отбасындағы ұрыс-жанжалдан қорқып, әкесінің маскүнемдігінен жасқанып қалған бүлдіршіндер де бар дейді бас дәрігер. Сол үшін оларға көңілді орта, жайлы орын керек. Сондықтан біз айтып отырған облыстық мамандандырылған балалар үйінің ішкі келбеті барынша әрленіп, сәнделіп жасалған екен. «Біз баланың бойындағы қорқынышты барынша кетіруге тырысудамыз. Сондықтан шағалалардың, итбалықтардың, аққулардың, теңіздің суреттерін салдық. Өйткені бізде ол нәрселердің бәрінің бар екенін бала білуі керек, сонымен қатар көңілі ауып, бойларындағы қорқыныштан арыла алады. Одан бөлек өлең айттырып, би билетеміз, далаға шығарып ойнатамыз. Сондай-ақ ұйықтайтын бөлмелерінің төбесіне ай, жұлдыз, бұлттардың да суреттерін салдық. Өйткені олар түнде оянып кетеді, анасын, үйін ойлайды, бір жағынан қорқады, ал сол төбеге салған бейнелерге көзі түссе көңілі ауып, басқаша әдемі нәрселер ойлауы мүмкін. Осылайша баланың назары түсетін барлық элементті қолдан келгенше жасаудамыз. Одан бөлек сырттан келген адамдарды да ішке кіргізіп, бүлдіршіндермен араластыруға тырысамыз. Өйткені ол бала ата-әже, аға-апа деген сөздерді естіп, көру керек. Оларды ашық территорияда тәрбиелеген дұрыс деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлігі біз әр жыл сайын арнайы шыбықтар алдырып, «Жетімдік жойылсын, осы бала өсіп-өніп, үбірлі-шүбірлі болып, ұрпағы кеңге жайылсын» деп тілегімізді айтып балалардың өздеріне ырымдап тал ектіреміз. Бұл да бір – жақсылықтың бастауы», – дейді Сару ханым. Не десек те жер бетіндегі барлық сәбидің бүтін бір әулеттің тәрбиесін көріп, алдыңғы буыннан үлгі алып, болашағына нық сеніммен қадам басқанына жетер не бар?! Елбасы Н.Назарбаевтың өзі «Жастар жылының» ашылу салтанатында «Отбасы» деген құнды сөзге аса зор мән беру керектігін баса айтқаны бәрімізге белгілі. Осындай қоғамдық мәселенің оң шешімін табу мақсатында барлық сала мамандарын, оның ішінде журналистер қауымын да атсалысуға шақырған еді. «Жастарды жаңа әлеуметтік рөлдері мен отбасылық өмірдің ыстық-суығына дайындау қажет. Отбасылардың ажырасу мәселесі бізді ерекше алаңдатады. Ғалымдар, қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдары бұған ерекше назар аударулары тиіс. Біздің әрқайсысымыз өз тағдырымызды өзіміз жасаймыз. Өмірлік табысқа жету үшін, бірінші кезекте, отбасылық игіліктерге қол жеткізуіміз керек», – деген еді Президент. Олай болса біз де өз тарапымыздан шағын мемлекеттің бастауы – әр отбасының керегесі сөгілмей, шаңырағы шайқалмай, сәбилері жыламай, ешқашан жетімдік көрмей өссе екен деп тілейміз.Шалқар АБЫЛОВА