Жыл бойы Маңғыстау жұртының асыға күткен Амал мерекесі биыл да өз сән-салтанатымен төрімізге енді. Жаңа жылымыздың бастауы болған бұл мереке дәстүрге сай кең көлемде тойланып, оған еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті алыс-жағын шет мемлекеттен де меймандар келіп жатты. «Жақсыны көрмекке» демекші, қазақ халқының ұлттық ойындары мен салт-дәстүрін ұштастыра білген ұлы тойды бүкіл ел көруге асықты. 13 наурыз күні Ақтау қаласынан басталып, облысымыздың ақсақалдары, ел ағалары, өнерпаз жастарының қатысумыен ұлы көш бой түзеп, ұлы жолға түсіп, Адай ата кесенесі орналасқан Отпан тауға бет алған болатын. Ата-бабамыздан қалған атқа міну дәстүрін жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған бұл керуен болашақ ұрпағымызға үлгі болып қала бермек. Осылайша қазақтың ұлттық киімдері киіліп, бұрынғы сал-серілерше серілік құрылып, құмай таз, қыран құспен бүркітшілер қосылып сән-салтанаты жарасқан көш Отпанға жетіп, сонда Ақпан батыр ұрпақтары бірлік отын жағып, Балықшы руына табыстады. Қуанышқа ортақтасып арнайы келген облыс әкімі Е.Тоғжанов бастаған бір топ ел ағалары Алаш жұртының басын қосқан ұлы күнде қазақ жұртына бірлік пен ынтымақ тілеп, осындай ауызбіршіліктен ажырамауға шақырды. Сол күні жиналған қауымға арналған мерекелік шаралар да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осылайша ұлан асыр-той келесі күні жалғасын тауып, қаз-қатар тігілген киіз үйлер Адай ата кесенесіне мән беріп, Отпанның сәнін келтіріп тұрды. Келген қонақтар маңғыстаулықтардың кең пейіліне куә болып, жайылған ақ дастарханнан дәм татып, төс қағыстырып, қол алысып, көрісіп жатты. Бұл күні – жер ананың көгеріп, табиғатқа жан бітіп, барлық тіршілік атаулының оянатын шағы, яғни қазағымның жаңа жылы дәл осы күні басталмақ. Ал қытымыр қыстың ызғарынан аман шыққан ел бұл күні - бір-біріне барып, аман-есендігін біліп, төстерін түйістіріп, көрісетін шағы. Осылай деген маңғыстаулық Әзірбай Бекеев Амал мерекесінде құнды ақпараттарымен бөліскен болатын. «Ата-бабамыз ежелден бері Наурыз айында жаңа жыл келді деп, ағайын-туыс, бауырдың басын біріктіріп, ұлан асыр той жасаған. Ал көпшілігіміздің «Көрісу күні» деп атап жүргеніміз осы жаңа жылда орындалатын шарттың бірі ғана. Біздің қазақ табиғатпен үндесіп өмір сүрген. Бүгін айдың тоғыз жаңасы. Бұл күндері адамның иығынан қолына дейін ай басқарып тұрады. Сонымен қатар бүгін ұлттық тағамдарымызда майдың қасиеті артатын болса, шөптің емдік қасиеті жапырағына келеді. 14-наурыз күні Алланың әмірімен аспаннан гуіл естіліп, сол гуіл арқылы жердегі жәндіктер, жан-жануарлардың барлығы ұйқыларынан оянады екен. Қазақтың тәмсілінде бірінші қой естиді деген де ұғым бар. Сондықтан табиғаттың заңы бойынша жаңа жылымыз бүгін, яғни, 14 наурыз күні басталады. Бұл күні адамдар араздасқан, ат құйрығын кесіскен ағайынды татуластырып, қайта достастырып, төс қағыстырып, қол алғызып, бір дастарханнан дәм татқызатын болған. Сондай-ақ жетім қалған балаларды жатқа кетпесін деп рулас, туысқан ағайындарының бауырына басып, немесе ұрлық-қарлық жасағандарды ақсақалдар алқасына салып, олардың уәдесін алған. Осы күні жасы келген қариялар ұрпағына өсиет айтып қалдыратын болған. Соның бір мысалы: ертеде бір қария ұрпағына өсиетке не айтарын білмей дал болады. Сөйтіп өсиетке ештеңе айта алмаған ақсақалды жазалаушылар жазалау үшін дарияға құлатпақ болыпты. Содан ол кісінің аузынан «Көп қорқытады, терең батырады» деген сөз шыққан екен. Бұл мәтел әлі күнгі дейін ел аузында айтылып келеді», - дейді Әзірбай аға. Амал мерекесінің мән-мағынасын тағы бір мәрте ашып берген ел ағаларының бірі жергілікті ғалым, дәрігер Сүлеймен Бердәулетов болды. Ол кісіні сөзге тартқанымзда былай деді. «Біз әуелден көшпелі халық болдық. Ол кезде бабаларымыз ауыл-ауыл болып шалғайда отырды. Бір-бірімен қыз берісіп, келін алысып құда-жекжат болды. Сөйтіп ауылдың алыстығынан қыс бойы бір-бірін көрмеген туысқандар көктем шығып, күн жылына бастағанда, 14 наурыз күні осы қыстан амалдап, аман шықтық-ау деп, сағынысып көрісіп, аман-саулығын сұрасып баратын болған. Міне, көрдіңіз бе, Амал мерекесінде үлкен мағына жатыр. Ең азы «Көрісу» деген сөздің әрбір әріпінің өзі үлкен мән береді. «К» – кешірімді бол, «ө» – өкпе-наз болмасын, «р» – ризашылықта бол, «і» – іні-бауыр бір-бірімен жақындасып, түсініссін, «с» – сыйлық сыйлау, «у» – уыстап қолдағыны жақындарыңмен бөлісу деген. Осындай ерекше күні қазағым жаңа жыл келді деп ұлан-асыр той жасаған. Бүгінде жыл сайын Адай ата кесенесіне жиналып, Алаш жұртының басы бірігіп, бабаларымыздың аттың жалында, түйенің қомында, жарты құрты аузында жүріп қанын, жанын беріп сақтаған кең-байтақ жерімізде бірлік отын жағып, ынтымағымызды мығымдап келеміз. Біз үшін бұл, әрине, қуаныш. Бірлігіміз арта берсін!» - деді көпті көрген Сүлеймен ақсақал. Шара барысында облысымыздың елге белгілі бүркітшісі Айшуақ Таймановты да бір топ шәкіртімен кездестірдік. Артына құмай тазысын ертіп, қолына қыран құсын ұстаған бүркітші жігіт баптап, қолға үйреткен құстарын Амал мерекесіне келген шет елдік қонақтар қазақтың осындай ұлттық құндылықтарының бар екенін біліп, көзбен көріп, танысын деп арнайы әкеліпті. Одан соң Орынбордан, Ираннан, Түрік елінен келген қандастарымызды да кездестірдік. Дүбірлі тойдың куәсі болған олар, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын көзбен көріп, таң тамаша болуда. «Руым – Тастемір Жары, Адаймын. Бұл мейрам бізде де бар. Бірақ үлкен көлемде тойланбайды. Тек жақындарымызбен көрісеміз. Ал сіздердің бұл мерекені осыншалықты жоғары деңгейде тойлап жатқандарыңызға таңырқаудамын. Біз Ресейде тұрғанымызбен, жүрегіміз қазақ деп соғады», - дейді Орынбордан келген Дария Сұбыханқұлова. «Маңғыстауға алғаш рет келуім. Наурыз мерекесінің осылай тойланғанын бірінші рет көріп тұрмын. Керемет тойдың куәсі болғаныма қуаныштымын. Біз де Иран елінің тарихы бойынша 1 наурызда көрісеміз», - дейді Иран елінен келген қандасымыз Дония Ескелді. «Мен бұл мейрамда бірінші рет болып тұрмын. Маған қатты ұнады. Мен қазақ халқының осындай салт-дәстүрін сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жіткізгеніне таң қалып отырмын. Бізде Наурыз - үлкен мейрам, алайда көріспейміз. Менің тілегім, тек қазақ халқы емес, бүкіл түркі әлемі Амал мерекесін тойлап, көрісіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді», - дейді түрік елінен келген ноғайлық компазитор Ислам Сатеров. Салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарымыздың ұлықталған күнінде елеміздің түкпір-түкпірінен журналистер де ағылып жатты. Олар керемет тойдың куәсі болып, осындай жақсылықтың жаршысы - Амал мерекесі туралы арнайы деректі фильм жасамақшы. Осылайша көгілдір экран арқылы бүкіл қазақ жұртына насихаттауды көздейді. «Амал мерекесіне байланысты деректі фильм жасауға арнайы Астанадан келдік. Мақсатымыз - бұл мейрамды тек Маңғыстаудың ғана емес, күллі қазақ елінің ортақ мейрамына айналдыру. Қазақ бұндай айтулы мерекені Еуропа халқы секілді бір күнде атап өтіп тастамаған. Ондай тойлау стандарты бізге жат. Мәселен, 31-желтоқсанда жаңа жылды бір сәтте тойлап алып, келесі күні өтіп кетті ме деп, өзіміз таң қалып жүреміз ғой. Наурыздағы өзіміздің төл жаңа жылымыз да осы форматқа кетіп қалды. Біз әгөлден отыз күн ойын, қырық күн той жасаған елміз. Сондықтан осы мерекені 14 наурыздан бастап 22 наурызға дейін әр күніне әртүрлі мәртебе беріп тойласақ, бұл мейрамның құны да артар еді. Осыдан 3-4 жыл бұрын ғана оңтүстік, орталы, шығыстағы жұрт көрісуге жатырқап, жақтырмай түр танытқан болатын. Себебі ол жақтарда кісісі қайтқан үйге көрісіп барады. Ал қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы адамдар бұл мейрамның жағымды образын қалыптастыруда. Қазір жоғары жақта «Қауышу» деген жаңа аты пайда болды. Керек десеңіз Шымкентіктер 14-22 наурызға дейін әр күнге мәртебе беріп тойлап бастап та кетті. Бұны күллі қазаққа ортақ мерекеге айналдырса, берері көп. Қыс мезгілінде табиғаттың қолайсыздығына байланысты басқа қалаларға бара алмасыңыз анық, ал көктем шыға осы күндері ел-жұрт бір-бірін аралап келіп, көрісуіне сылтау табылар еді», - дейді Еуразия арнасының журналисі Нұрбек Бекбау.
Айгүл ОРЫНБАЕВА, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="74965,74968,74964,74962,74967,74958,74966,74970,74960,74969,74961"]