Көктемнің жылы шуағымен бірге жан сергітер көңілді күндерін ала келген наурыз айының көне де көрікті мейрамы - Амал тойы Отпан тауындағы бірлік отын жағудан басталып, облыс аймағындағы түрлі шаралармен жалғасын тапты. Амал мерекесін ұжымдастар арасында атап өтуді жөн көрген «Маңғыстау-Медиа» мекемесінің жаңадан тағайындалған басшысы Айсұлу Қабышқызының ұйымдастыруымен облыстық қос газеттің журналистері мен қызметкерлері теңіз жағасындағы «Айдын» мейрамханасында ардагер журналистерге дастархан жайып, құрмет көрсетті. Мерекелік шараны облыстық «Маңғыстау» газетінің бас редакторы, ақын Ғалым Әріп ашып, баршаны ұлттық мерекеміз – Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Осынау тағылымды отырысты жедел қолға алған медиа-директор А.Дүтбаеваны көпшілікке таныстырды. Айсұлу Қабышқызы өзінің жүрекжарды сөзін аға буынға арнап, әке көрген, шеше көрген, жөн-жосық білетін тәрбиелі де әдепті жан екенін аңғартты. Облыстық «Маңғыстау» және «Огни Мангистау» газеттерінің бұрынғы қызметкерлері, бүгінгі еңбек ардагерлері жиылып баспасөз саласындағы ұзақ жылдар бойғы қиын да күрделі жұмысы туралы қызғылықты естеліктерін айтып, бір-біріне жылы лебіздерін білдірді. Отырыстың сәнін келтіріп, мейрамхана төрін ән мен жырға бөлеген Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Рухия Батыршиева мен Бауыржан Сатыбалдиевтің өнерімен сусындап, ән шырқап, би билеп көңіл көтерді. Ардагерлерге көрісіп, Амал күнімен құттықтау үшін мерекелік шараға арнайы қатысқан облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Жансая Бердімұратқызы жиылғандарға игі тілегін білдіріп, оның орынбасары Мұхтар Ибраимов домбырамен тағылымды терме, әсерлі ән орындап, жазарман қауымның қошеметіне бөленді. Киікбай Мырзағұлов, Аманқос Сүйеров, Әнуар Жәнібек, Әбілқайыр Спан, Рза Оңғарбай, Ғалия Кеңесбаева, Гүлнәр Науырша, Еркеш Нәрембаева, тағы басқа ардагер журналистер жаңа басшыға ризашылықтарын білдіріп, «жаңа қызметіңнің жемісін көр, журналистердің әлеуметтік жағдайын жаса» деген бағытта өз бата-тілектерін арнады. Ал ақын-журналист Анар Шамшадинова өзінің көктем, махаббат туралы өлеңдерін оқып,ізгі әсер қалдырды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ, Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН