көрісу амал отпан

Бүгін Қазақстанның батыс аймақтары, әсіресе, Маңғыстау өңірі Амал мерекесін тойлап жатыр. Батыс өңірімен қоса Сыр бойында, Қостанай, Торғай аймағында, ресейлік Астрахань, Саратов, Самар, Орынбор облыстарында тұратын қазақтар да кеңінен тойлайды. Ел арасында «Көрісу күні» деп аталатын бұл күні барша тұрғын таң сәріден бір-бірінің үйін аралап, құшақтасып, қол алысып көрісіп, төс түйістіріп амандасады. Бұл күні бір-біріне өкпелегендер татуласады, егер өкпесін қия алмағандар болса, «Самарқанның көк тасы еріген күні өкпеңді қия алмадың, көк тастан да қатты ма едің?!» деп жатады.

amal Амал мерекесі

Жыл басын Қазақстанның батыс аймақтары неге наурыздың 14-інен бастайды?

Амал мерекесінің қашан, қалай пайда болғаны туралы ғылыми нақты дерек болмағанымен, этнографтар түрлі жорамалдар айтады. Соның бірі — күнтізбемен байланысты.

Адам баласының жыл деп жүргені – жердің күнді айналуы (365 күн 5 сағат 48 минут), ай дегені – айдың жерді айналуы (29 тәулік 12 сағат 44 минут) және тәулік дегеніміз – жердің өз осінен айналуы (23 сағат 56 минут 4 секунд). Яғни, бір жылда нақты 365 күн болмайды.

Б.з.д. 45 жылы Рим императоры Юлий Цезарь «Юлиан күнтізбесін» енгізеді. Юлиан күнтізбесіндегі әрбір төрт жылдың үшеуі 365 күннен, біреуі 366 тәуліктен тұратын кібісе жылы деп бекітіледі. Бірақ Цезарь бір жыл 365,25 тәуліктен тұрады деп есептегендіктен, күнтізбе 128 жыл сайын бір тәулікке артта қалып отырған. Күнтізбенің қателігінен 16 ғасырдың соңына таман күн мен түн 11 наурызда теңескен.

Бұл егіншілер мен малшылардың шаруашылықты жоспарлауына кедергі жасап, Рим папасы Григорий XIII күн мен түннің теңесуін «орынына апарып қоятын» күнтізбе жасау керектігін түсінеді. Ол жылдың ұзақтығын 365 күнге, кібісе жылдарды 366 тәулікке теңдестіріп, айларды 28, 29, 30, 31 тәулікке бөліп, уақытты 10 күнге алға жылжытып, григорян күнтізбесін жасайды.

Осылайша, Римде 1582 жылы 4 қазанында ұйқыға жатқан италиялықтар келесі күні 15 қазанда оянады. Бірақ бұл жаңа күнтізбені бүкіл әлем бір мезгілде қабылдаған жоқ. Мәселен, Кеңес үкіметі күнтізбені қабылдаған уақытта алшақтық 13 күнге жетті. Сөйтіп ескі күнтізбені 1918 жылдың 31 қаңтарында жауып, келесі күнді 14 ақпаннан бастап санады. Алайда халық шатаспау үшін біраз уақытқа дейін күнтізбеде жақшаға ескі стиль бойынша уақыт та жазылып жүрді. Мәселен, 1 наурыз (14 наурыз). Бүкіл әлем Рождество мерекесін 25 желтоқсанда тойлағанда бұрынғы Кеңес үкіметінің елдері 7 қаңтарда тойлауы осы өзгеріске байланысты. Бұны 25 қазанда болған қазан көтерілісінің 7 қарашада атап өтуінен де көруге болады. Орыстардың қаңтардың 13-інен 14-іне қараған түні «ескі жаңа жыл» деп қарсы алуы да — күнтізбенің ауысуына байланысты.

Маңғыстаулықтардың 14 наурыздағы Амал мерекесі де осыған байланысты болуы мүмкін. Яғни жаңа жылды көктемнің алғашқы күні тойлап жүрген халық жаңа күнтізбеге сай енді 14 наурызда атап өтетін болған.

«14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді», — деп Ахат Шәкәрімұлы әкесі туралы естелігінде осыған ұқсас пікір келтіреді.

амал көрісу

Көрісу нені білдіреді?

Ал, көрісуге келсек, мен көрісудің неден шыққанын білмеймін, бұл дәстүр «міне, жаңа жылға да аман жеттік», – деп қуанып, көрісуінен шыққан болар. Жалпы, халықтың жыл сайын 14 наурызда (ескіше 1 наурызда) амал мерекесін тойлайтынына қарап, көрісіп, міндетті түрде қырық үйдің есігін ашуға тырысатынына қарап, бұл көрісу дәстүрі қазақта болған деп ойлаймын. Бәлкім, саясатқа, тағы да басқа жағдайларға байланысты амал мерекесін тойлау ұмытылып, тек батыс өңірлерінде сақтап қалған болар.

Ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Рахат Қосбармақ өзінің өлеңінде былай деп жырлайды:

Амал күні қазағым көріседі,
Көрісу, бұл – көненің желісі еді.
«Жасың құтты болсын!» деп жамырасып,
Ақ ниетпен адал қол беріседі.

Көріседі – «Көңілдер жібісін» деп,
Көріседі – «Тасысын ырысың!» деп.
Көріседі – «Көк мұз да жылысын» деп,
Көріседі – «Оң болсын Ұлысың!» деп.

Көріседі – қайғы-мұң кетіруге,
Көріседі – қайтадан жетілуге.
Алты ай қыстан арыған жанын демеп,
Көріседі – бел буып, бекінуге.

Маңғыстауда Амал мерекесі неге 14 наурызда тойланады?Отпан таудағы Амал мерекесі

Маңғыстаулықтар ондаған жылдан бері дәстүрлі түрде Амал мерекесін Отпан тауда атап өтіп келеді. Биылғы шара халықаралық деңгейде өтіп жатыр. Оған Каспий маңын мекендеген 5 елден арнайы делегат келді.

Күні кеше Елбасының «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласында айтып өткен атқа міну салтын жаңғыртқан маңғыстаулықтар атқа мініп, көш түзеп Отпанға бет алды.

Күні кеше Маңғыстаудың ең биік нүктесі – Отпан таудың етегінде бүкіл Алаш жұртының басы бірігіп, бірліктің оты жағылды. Биыл Ұран отын жағу кезегі Ақпан ата ұрпақтарына берілген. Келер жылы Бірлік отын Балықшы ұрпақтары жақпақ.

Бүгін қала тұрғындары мен қонақтарының «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде өтетін Амал мерекесіне баруы үшін автобустар қатынап жатыр.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз