amal Амал мерекесі

Қазақ елі үшін жаңа жылдың бастауы – Наурыз айы. Дәл осы айдың 14-і маңғыстаулықтардың асыға күтетін – Амал мерекесі. Есігімізден кіріп, төрімізге енген осынау айтулы мерекеде өкпе-ренішті ескі жылға тастап, бір-біріне құшақ ашып, мейірімділік пен адамгершіліктің үлгісін танытқан барша адамзат баласы жүздері нұрға, дастарханы аққа толып, асқан ізгілік пен ілтипаттың көрінісін дәріптеуде. Одан бөлек Елбасының «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласында айтып өткен атқа міну салтын жаңғыртып, насихаттау мақсатында дәл осы күні Алты алаштың айбынды ұлдары әп дегеннен атқа қонып, ұлы көш түзеп, киелі орын – Отпанға бет алды.

Алдымен Ақтау қаласында бастау алған салтанатты шарада көпшілік мерекелік бағдарлама тамашалап, атқа мінген серілерді ақ жол тілеп шығарып салуға жиналды. Онда аймақ басшысы Е.Тоғжанов арнайы қатысып, маңғыстаулықтарды мерекемен шын жүректен құттықтады.

«Амал мерекесі — ақтың молаятын, адамзат көңілінің жасарып, пейіл мен ниеттің жақсаратын ерекше шағы. Осынау алаш жұртының басын қосып, жақсылықтың жаршысы болған айтулы мейрамда қуанышымызды бөлісуге шет мемлекеттен арнайы қонақтар келді. Олай болса мереке құтты болсын! Тойымыз тойға ұлассын!» — деді Маңғыстау облысының әкімі.

Айта кету керек, «Амал» мерекесі биыл халықаралық деңгейде өтуде. Каспий маңын мекендеген 5 елден арнайы делегаттар келіп, маңғыстаулықтардың көрісу дәстүріне куә болмақ. Одан бөлек әртүрлі ұлттық спорт түрлері, ойындар, салт-дәстүрлер дәріптелмек.

«Бүгін Маңғыстаудың ең биік нүктесі – Отпан таудың етегінде бүкіл Алаш жұртының басы бірігіп, бірліктің оты жағылмақ. Бірліктің отын жағу үшін Ақтау қаласынан арнайы көш аттанады. Көштің ішінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасына сәйкес ұлы даланың ұлы тұлғалары, миф кейіпкерлері, сонымен бірге ел ақсақалдары, жастар, спортшылар, сал-серілер, өнерпаздар бар. Сонымен қатар Қыз Жібектің күймесі де көшпен бірге жүреді. Олар Ақтау қаласынан шығып, жолда Ақшұқыр ауылында арнайы қонақта болып, дастарханнан дәм татады. Бұл ұлы көштің негізгі мақсаты: атқа міну мәдениетін насихаттау және бірліктің отын жағу үшін бүкіл ел болып тәуелсіз еліміздің бірлігін, ынтымағын дәріптеу. Мереке қарсаңында жиналған халық әртүрлі спорттық жарыстар, суретшілер, қолөнершілердің көрмесі,  жыршылардың өнерін тамашалайды», — деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина.

Ұлы көште Маңғыстауға белгілі «Сөз бен саз» бағдарламасының жүргізушісі Бердіхан Әлмен де бар. Ол да өз тарапынан маңғыстаулықтарға ыстық ықыласын жеткізді.

«Көріседі көңілдер жібісін деп,
Көріседі тасысын ырысың деп,
Көріседі көк мұз да жібісін деп.
Көріседі оң болыс Ұлысың деп. Бүгін, міне, Отпан тауға ақсақалдарымыз бастап, біз-жастар қостап, аттың жалында өскен қазақтың тектілерінің ізін жалғап, ұлы көшпен аттанып барамыз. Бүкіл қазақ елін жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Көш көлікті болсын!» — деді.

Осылайша Ақтау қаласынан басталған мерекелік шара Ақшұқыр ауылында жалғасын тауып, ән, би, жырдан шашу шашылып, Қыдыр ата ақ батасын беріп, жиналғандар ақтан дәм татып, мәз-мейрам болып жатты.

Қуанышпен басталған салтанатты шара ендігі кезекте Адай ата кесенесінде жалғасын таппақ. Естеріңізге сала кетейік, жылдағы дәстүр бойынша биылғы жылы ұран отын Ақпан батыр ұрпақтары жағып, келесі кезекті Балықшы ұрпақтарына жолдайтын болады. Олай болса, күллі Алаш жұртының мерекесіне айналған Амал мерекесі тек жақсылығымен келсін!

Айгүл ОРЫНБАЕВА,
Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз