©
Адамзаттың әлеуметтік ортақ проблемаларының, қоғамдық дерттердің бірі – есірткіге тәуелділік. Жер бетінде миллиондаған жанның өмірін қиып жатқан бұл ауру – әлемдік трагедия, ал ауқымы жағынан дүниежүзілік соғыстармен тең екенін айтады білетіндер. Маңғыстау облыстық наркодиспансердің мәліметтеріне сүйенсек, биылғы ақпан айында өңірімізде есепте тұрған есірткі тұтынатындар саны – 1214. Диспансер мамандары 2010–2015 жылдарға қарағанда, есірткі қолданушылар азайғанын айтып отырғанымен, Ақтау қаласында есірткіге тәуелді 8 жасөспірім тіркелген. Олардың айтуынша, тіркелген азамат 5 жыл есепте тұрады да, осы уақыт ішінде есірткі пайдаланбаса, есептен шығарылады. Ал тіркелгеннен кейін 5 жыл ішінде қайта пайдаланса, сол күннен бастап 5 жылға қайта есепке алынады. Сондай-ақ нарколог дәрігерлерден облыста кең тараған есірткі түрі – каннабинойдтар екенін білдік. Алайда есірткінің қайсы түрі болмасын, денсаулыққа күллі зиян. Дегенмен есірткі заттарының арасында апиындар тобын бір шприц пен бірнеше рет қолданатындықтан гепатит, АИТВ инфекциясын жұқтыру қаупі зор. Апиынды көп мөлшерде пайдаланғанда өлімге апарып соқтыратын кездер аз емес көрінеді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» жергілікті филиалының медициналық қызмет көрсетудің сапасын бақылау бөлім басшысы Мадина Баспаеваның айтуынша, есірткі түрлерінің барлығы психикалық және физикалық тәуелділікке шалдықтырады, денсаулыққа бәрі де аса қауіпті. – Заңда есірткі түрлерінің атаулары көрсетілген, – дейді Мадина Таңатбергенқызы. – Есірткі тасы малдаған және қолданған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ең қауіптісі, есірткіге жай ғана қызыққан адам қалай тәуелді болып кеткенін байқамай қалады. Кейін бұл дерттен тек науқас емес, оның жақындары да қинала бастайды. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында мемлекет есірткіге тәуелді науқастарды емдеу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруда. Науқастарды Павлодар қаласындағы республикалық орталықта амбулаторлық және стационарлық жағдайда жан-жақты емдейді. Бұдан бөлек, анонимді емдеу, сот шешімімен еріксіз емдеу қарастырылған. Біздің облысымызда есірткіқұмарлық кеселіне тап болғандарға облыстық наркологиялық диспансерде әлеуметтік медициналық көмек көрсетіледі. Диспансер мектеп жасындағы жасөспірімдер мен олардың ата-анасына санитарлық, әрі түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізеді. Мұнда есірткі қолданған қолданбағанды тексеретін арнайы кабинет тәулік бойы жұмыс істейді. Ең дұрысы, бұл проблеманың шырмауында қалмау үшін есірткіге дер кезінде «ЖОҚ» деп, төтеп бере білу. Грек тілінде «ұйқы» мағынасын білдіретін «narke» сөзі ағылшын тілінде «narkotik» деген сөзге айналып, ұйықтату, жансыздандыру, сезімнен айыру деген мағынаны береді. Са- на-сезімі уланған адамның мінез құлқы да күрт өзгереді. Бұрын момын, тұйық, өтірік айтпайтын адам өзгеріп, өтірік айтады, төбелесуге дайын тұрады. Есірткіқұмарлықтың бір белгісі – қажетті дозасын қабылдаған күні мұрнынан су аға бастайды. Адам есірткінің дәмін алғаш татқанда ләззат алып, жақсы күй кешкендей болады. Содан кейін ағзасы тез тәуелді болып, есірткіні іздеумен болады. Қолданбаса, ұйқысы бұзылады, буын-буыны сырқырайды. Сөйтіп, бірте-бірте есірткіні тек ауырмау үшін іздейтін күйге жетеді. Мемлекеттік емес ұйымдардың жүргізген сауалнамасы бойынша, елімізде әрбір оныншы адам өмірінде бір рет болса да есірткі пайдаланған көрінеді. Ұрпақтың қамы, ел болашағы үшін әр адам алаңдап, әлемдік дертке қарсы арнайы мамандар ғана емес, әрбір азамат күрес жүргізіп, жан-жақты насихатты тоқтатпағаны абзал екенін айтады мамандар.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА