Дүнген ұлты десе, әр қазақтың тіліне аты өлмеген атақты сазгер Шәмші Қалдаяқовтың «Дүнген қызы» әні орала кететіні бар. Шәмші ән арнаған сол ару әлі сол қалпында сияқтанады да тұрады. Ал тереңге бойлай көз жіберсек, әнге арқау болған бір сұлу арқылы бүкіл бір халыққа деген құрмет көрініп тұр. Кейбір мәліметтерге сенсек, елімізде мекендеп қалған елу алты мыңнан астам дүнгеннің жүзден астамы Маңғыстау өңірінде ұрпақ өрбітіп, тыныш өмір сүріп жатыр. Қазақстанның өркендеп-өсуіне бұл диаспораның да өзіндік үлесі бар. Жақында облыс орталығындағы Ассамблея үйінде дүнген мәдени күнінің ашылуы болды. «Бір шаңырақ астында» тақырыбы аясында ұйымдастырылған салтанатты шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялық және инжиниринг университеті Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының оқытушылары мен студенттері, облыстың барлық этникалық бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Маңғыстау облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина дүнген этносы өкілдерін құттықтап, елімізде дүнгендердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерін сақтай отырып, қазақ халқының және өзге ұлттар дәстүрлерін де бойларына сіңіріп келе жатқанын атап өтті. Салтанатты шараға қатысқан қонақтар мен этномәдени бірлестіктер өкілдері де құтты болсын айтып, игі тілектерін жеткізді. Мереке құрметіне ұйымдастырылған концерт дүнген халық биімен ашылды. Қазақтың әндері мен күйлері, киелі топырақты мекен еткен басқа ұлттар мен ұлыстардың әдемі саздары да шалқыды. Салтанатты шараға қатысушылардың барлығы мереке соңында дүнген халқының ұлттық тағамдарынан дәм татты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="74452,74453,74451,74454"]