Маңғыстау аудандық өрт сөндіру бөлімінің радиобайланысшысы, кіші сержант Айгүл Бисемағанбетованың жұмыс күні тынымсыз телефон қоңырауларына жауап берумен басталады. Бір қарағанда оңай іс көрінгенімен оның жауапкершілігі орасан. Себебі әрбір қоңыраудың арғы жағында біреудің өмірі тұр десек қателеспеспіз. Өрт сөндіру ісі — әлемдегі ең қауіпті, басқа мамандықтармен салыстыруға келмейтін мамандықтардың бірі, батылдық пен ерлікті тауып, кез-келген секундта өз өміріңді ойламай, өзгенің өміріне үлкен жауапкершілікпен қарау. Көптеген өрт сөндіруші қызметкерлер марапаттаулар мен алғыс хаттарға ие, бірақ, менің ойымша, олардың арасында мен мықтымын дегені жоқ, әрқайсысы жұмысқа келген уақытта өрт салдарынан адам өмірін сақтап қалу үшін бәріне дайын. 2005 жылы өрт сөндіру бөліміне радиобайланысшы болып қызметке орналасқан Айгүл Бисемағанбетова — бүгінде осы қызметтегі өз ісінің шебері, еңбек өтілі мен тәжірибесі мол, ісіне жауапты қызметкер. Әрине, өрт сөндіру бөлімінің радиобайланысшысы болу - жай ғана қарапайым, атқарар көп жұмысы жоқ қызмет болып көрінеді. Ал тереңірек қарар болсақ, бұл қызмет тиянақтылықты, жан-жақтылықты, психологиялық тұрғыда үнемі жинақы болуды талап етеді. Төтенше жағдай жайында түскен хабарды дереу жауапты қызметкерлерге жеткізіп, қоңырау арқылы қабылдаған мекенжайға тиісті бригаданы аттандырады. - Үздіксіз 14 жылдың көлемінде өртке қарсы қызмет бөлімінде жұмыс істеп келе жатқан Айгүл «Маман ретінде өз жолымды дұрыс таптым», - дейді. Оның айтуы бойынша өмірде әртүрлі адамдар кездеседі, өрт жағдайында хабарласқан адам аса сабырсыздықпен қоңырау шалады. Шарасыздықтан есі шығып хабарласқан адам, аты – жөнін сұраған қызметкерге ашуланып, жағымсыз сөздер айтады. Сондай жағдайда байсалдылық пен әдептілік таныта білу де міндетіміз, - дейді қызметкер. Айгүл 1979 жылы Жармыш ауылында дүниеге келген. Әкесі — шопан, ал анасы — 10 бала тәрбиелеп өсірген батыр ана. Мектепті тәмамдаған соң 2000 жылы Қожа руына келін болып түседі. Ол — өз қызметінде форма киіп, қаталдық танытатын қатардағы қызметкер болса, өз үйінде аяулы жар, қызғалдақтай 2 қыз тәрбиелеп отырған үлгілі ана. Оның осы тынымсыз тірлігі, жауапты қызметі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін 10 жыл» медалін алып берді. Ол тәуелсіздік мерекесіне орай қызметте белсенділік көрсетіп, өз ісіне жауапты еңбек атқарғаны үшін 2018 жылы алғыс хатпен марапатталады. ІІІ өрт сөндіру бөлімінің радиобайланысшысы, кіші сержант Бисемағанбетова Айгүл Аманғалиқызын алда келе жатырған 8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймыз. Деніңізге саулық, шаңырағыңызға шаттық, еңбегіңізге табыс тілейміз!
Ш.ШАКЕНОВА