Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қоғамның даму барысын өмірде нәзік, көңілде биік, ал істе мығым әйелдер қауымынсыз елестету мүмкін емес» деп әйелдердің әлеуметтік жағдайына баса көңіл аударып келеді. Қазіргі қоғамда әйел - тек отбасындағы тұлға ғана емес, еліміздің саяси өміріне белсене араласып, стратегиялық міндеттерді шешуге үлес қосуға атсалысып отырған қоғамның мүшесі. Мұны Жаңаөзен қаласының күнделікті саяси және қоғамдық өмірінен айқын аңғаруға болады. Мысалы, бүгінгі таңда мұнайлы шаһарда 4380 көп балалы, 896 алтын алқалы, 1130 күміс алқалы ана мен мемлекеттік марапат иесі тұрып жатыр. Сонымен қатар кеңес одағы кезеңінде «Батыр ана» атанған, яғни он және оннан да көп бала тапқан 218 ардақты ана бар. Кәсіпкерлік салада 3500 нәзік жандылар еңбек етсе, мемлекеттік әкімшілік қызметтегілердің 70%-ын, медицина, білім беру салаларының 87%-ын осы қыз-келіншектер құрайды. «Кез келген мемлекеттің жеткен биігі, мәдениеті оның әйелге деген көзқарасымен өлшенеді» деген мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде әлеуметтік қолдау саласына айырықша тоқталып, басты басымдықты азаматтардың жағдайын жақсартуға, еліміздің әлеуметтік бағдарламаларының әлеуетін арттырып, мемлекет ретінде дамыту қажеттігін нығарлап айтып, әлеуметтік қолдаудың жаңа шараларын жариялады. 2019 жылғы 1 шілдеден бастап бюджеттік салалардағы аз жалақы алатын жұмысшылардың айлығын 30%-ға дейін, аз қамтылған көп балалы отбасылардың өрісін кеңейту үшін әрбір баласына 21 000 теңгеден төленетін болды. Дәл осы төлемді Президент жылдың ортасын күтіп отырмастан 1 сәуірден бастап төлеуді ҚР Премьер Министрі Асқар Мамин мен оның орынбасары Гүлшара Әбдіхалықоваға қайтадан тапсырды. Сондай-ақ үйлерінде мүгедек балаларды бағып отырғандарға, қамқоршыларға және олардың отбасыларына берілетін жәрдемақының көлемі 30%-ға көбейтілетін болды. Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаевтың айтуына қарағанда аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың халықпен кездесуінде жағдайы төмен көпбалалы отбасыларға 100 мың теңгеден қаржылай көмек пен көпбалалы аналардың қоғамдық көліктерде тегін жүрулеріне жасаған бастамалары көпшіліктің көңілінен шығып жатқан көрінеді. Соған байланысты жасақталған кестеге сәйкес Жаңаөзенде де көпбалалы әйелдерді қоғамдық көліктерде тегін тасымалдау шараларын жасап жатыр екен. Облыс әкімі бұл бойынша нақты тапсырма беріп, тікелей өзі бақылауында ұстап отыр деді. Сол сияқты өңір басшысының тапсырмасымен 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай қаладағы 500-дей отбасыға кәсіпкерлер мен еріктілер дайындаған азық-түліктермен қамтамасыз етілген. Бұл шара осы наурыз айындағы «Амал» және «Наурыз мерекелерінде» жалғаса береді деді қала әкімі. Әділбек Дауылбаев бұлардың бәрін өткен сәрсенбі күні «Мұнайшы» мәдениет сарайында халықаралық әйелдер мерекесінің басталуында залға жиналған бүкіл нәзікжандыларды салтанатты жиындағы құттықтауында мәлімдеді. Басталуында дегеніміздің себебі, қаладағы барлық мекеме, еңбек ұжымдары мен салалық кәсіпорындар да, оқу орындары мен мектеп, балабақшаларда аналар күніне бағышталған мерекелік шаралар келесі күні өтті. «Мұнайшы» мәдениет сарайында болған алғашқы шарада жаңаөзендік ақ жаулықты аналар мен апа-қарындас, қыз-келіндерді облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов құттықтады. Сарайға жиналған жұртшылық өздерін 1,5 сағаттық ән-жырымен, әзіл-қалжыңдарымен күлкіге кенелткен «Күлкістан» әзіл-сықақ театрының әртістері мен басқа да әншілерінің өнерлеріне сүйсіне қол соқты. Әсіресе, көрермендер театрдағы актриса Алма Салықова, театрдың көркемдік жетекшісі Серік Төлепов, әртіс Дархан Пірназаров, Дінмұхамұмед Әбжаппаров пен әнші, сазгер Әл-Фараби, қытайдан келген Мунира, домбырамен ән салған Ажар Сейітовалардың өнерлеріне тәнті болып, дуылдата қол соғып, алғыстарын білдіріп жатты. Біз күнделікті «көкжәшіктен», яғни Қазақстанның бүкіл республикалық телеарналарын жаулап алып, әр сенбі-жексенбі сайын көрермендерді мезі қылатын 5-6 театрдың қатарында көрінбейтін «Күлкістанның» қайдан шығып, қайдан пайда болғандығына қызықтық. - Біздің қызылордалық жігіттерді қазіргі театрымыздың директоры Мағауия Қозыбағаров 2005 жылы Қызылорда қаласында «Сыр отауы» атанып жүргенде көріп, бізді Алматыға алып кетті, - дейді театрдың сценаристі әрі әртісі Дінмұхамед Әбжаппаров. - Сол жақта «Күлкі керуені» әзіл-сықақ театрымен біраз жұмыс жасасып, 2008 жылы өз алдымызға бөлініп шықтық. Театрымыздың атын марқұм Құдайберген Сұлтанбаев ағамыздың ұсынысымен «Күлкістан» деп атадық. Негізінде театрда 5 адамбыз. Әзіл-сықақ ұжымы болғандықтан бұдан көп адамды алып жүру оңай емес әрі ыңғайсыз. Қазір біз бір ғана көлікке сыйысып, облыстарды аралауға ыңғайлы әрі шағын болғанды қалап, артық адам алмадық. Өткен жылы театрдың 10 жылдығын атап өтуге мүмкіндігіміз болмады. Өйткені, әрқайсысымыз әртүрлі шаруалармен әр жақтарда жүріп қалдық. Дегенмен игіліктің ерте-кеші жоқ. Қызылорда – Қазақстандағы он бірінші аймақ. Сондықтан соған байланысты 17 наурызда он бір жылдығымызды Алматыда белгілеп, үлкен концерттік бағдарлама жасауды жоспарлап отырмыз. Соның алдында Маңғыстауды аралап, киелі мекеннің маңғаз халқының батасын алуды ұйғардық. Осы мақсатпен 1 наурыз күні Ақтауға келдік. Аймақтың Түпқараған, Бейнеу аудандарында болып, көрермендерге өзіміздің осы концерттік бағдарламамызды ұсындық. Міне, бүгін Жаңаөзен шәһарына келіп, әжелеріміз бен апа-қарындастарымызды көктем мерекесімен құттықтап, әзіл-қалжыңдарымызбен, ән-күйлерімізбен музыкалық шашу шаштық.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН