"Әлди, әлди, балашым. Әлдилейді анашың. Бесігіңе жата ғой. Тәтті ұйқыға бата ғой... Міне, әннің төресі! Бұл – дүниеге келген әр сәбидің еститін алғашқы әні. Менің де ұзақ жылдар бойы талмай салған әнім, осы – ананың әлдиі. Дүниеге әкелген жеті сәбиімді әнмен өсірдім. Ботақанымды алпыс екі тамырымды иіп келген ақ сүтіме тойдырып, ақ бесікке бөлеп, әлди әнге саламын... Әйел бақыты деген – осы», – дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз батыр ана, жылу электр станциясының қызметкері Клара Сариева. Клара Қабылайқызы – соңғы жылдары кәсіпорындағы мерекелік шараларда ән салып, әсем дауысымен танылып, көрермен көзайымына айналып үлгерген қызметкерлеріміздің бірі. Үнемі көңілді жүретін ұжымдасымыздың көп балалы ана екенін де жақында білдік. «Батыр ана» дегенде көзімізге тұлғалы, етжеңді, егде жастағы, ақ жаулықты бәйбіше елестейді ғой. Ал мына талдырмаш денелі, «өзі сұлу, өзі жас» келіншекке қарап жеті баланы өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған, сегіз немере сүйген әже дегенге сенер-сенбесімізді білмедік. Сонымен әйелдер мейрамы қарсаңында осы бір ерекше жанмен жақынырақ танысып, біліскенді жөн көрдік. «Мен ерте тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болдым. Бұйырмыс солай болды. Шүкір, жолдасым Шалқар екеуміз бес қыз, екі ұл тәрбиелеп, өсірдік. Үлкеніміз 30 жаста, кенже қызым – 6-сыныптың үздік оқушысы. Үш қызды тұрмысқа ұзатып, үлкен ұлымды үйлендірдім. Келін алып, қолым ұзарды. Әкем өмірден ерте өткен соң, отбасымызда алты бала қалдық. Біздерді оқытуға жалғыз анамыздың мүмкіндігі болмады. Кейін жанұялы болған соң, оқуды ойлайтын шамам болған жоқ. Бірақ балаларымды оқыттым, әрқайсысы бір-бір мамандықтың иесі. 2015 жылы декреттік демалыста отырған қызымның орнына уақытша ЖЭС бөлімшесіне еден жуушы болып жұмысқа кірдім. Кейін өзіме де орын табылды. Ол үшін ұжым басшылығына өте ризамын. Қазір қызым Бану екеуміз осы жердің тазалығы үшін еңбек етіп жүрміз. Банудың мамандығы – химик-лаборант. Қызымның мамандық бойынша жұмыс таба алмай жүргенін уайымдаймын. Бірақ қазірде талай жастардың дипломы сандықта жатыр ғой. Менен таныстарым МАЭК-те қандай жұмыс істейсің? деп сұрайды. «Хоккеиспін» деймін қалжыңдап. Мен өз жұмысым үшін намыстанған емеспін. Бастысы, балаларым адал ас ішсе екен деймін», – дейді ол. Иә, олар – бірін-бірі бағып, жетектесіп жетіліп, алды азамат болған балалары бар қарапайым ғана отбасы, қарапайым отағасы мен отанасы. «Барына қанағат, жоғына сабыр» дегендей, қалғанын құдай жеткізеді. Тек ерінбей, еңбек етіңдер, адал болыңдар»... Бұл – осы үйдің дастархан басында әке мен шешенің жиі айтатын әңгімесі. Үлкен өмірге аяқ басып, өздері де ұл-қыз өсіріп отырған балаларының отбасында да бұл тәлім-тәрбие жалғасын табуда. Клара ес білгелі ән салады, сахнаға шықсам, көрермендердің қошеметіне бөленсем деген арманы да бар еді... Бірақ өмір ағысы басқаша бағытқа бұрылды. Тағдыр оны отбасы бақытына ертерек бөледі, жан жары Шалқармен шаңырақ көтеріп, ұрпақ жалғастырды. Тек кенже қызы мектепке барып, есейгеннен кейін ғана ән әлеміне қайта оралып, жаңа әндер жаттап, таспаға жазғызып, кішігірім сахналарға шыға бас- тады. Облыс орталығында өткен «Қазақстан дауысы» жобасының іріктеу кезеңдеріне қатысып, бағын сынап көрді. Әділқазылар даусына жақсы баға бергенімен, орыс және ағылшын тілінде ән айта білу керек деген талаптар қойыпты. Арасында өзінің балалары оқитын мектептердегі шараларда басшылығының сұрауымен кішігірім концерт қойып береді. МАЭК-ке жұмысқа кіргелі осында өткізілетін мәдени іс-шаралардың барлығына белсенді қатысып келеді. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК ұйымдастыруымен өткізілген «Талантыңмен таныл» байқауына қатысып, елімізге белгілі әншілердің өзі туралы жақсы пікірлерін тыңдады. Комбинаттың жарты ғасырлық мерейтойы кезінде теңіз жағасындағы үлкен сахнада ән шырқап, қала тұрғындары мен қонақтарының қошеметіне бөленді. «Ел іші – өнер кеніші» деген – осы. Талантымен талайды таңғалдырғанмен, елдің үлкен сахналарынан көрінбей жүрген қанша өнерлі жандар бар десеңші! «Көп балалы болғаннан кейін жағдайымыздың бәрі керемет деп те айта алмаймын. Оның үстіне қазір нарыққа байланған кез болды ғой. Тегін ештеңе жоқ. Айта берсең, баспанадан бастап бәрі керек. Үкімет те біз секілді аналардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында комиссия құрып, жұмыс жүргізіп жатыр екен. Оған қуанып отырмыз. Қолдау мен қамқорлық көбірек болады деп үміттенеміз. Тек балаларымыз бейбітшілікте өмір сүріп, еліміз тыныш, болашағы жарқын болсын! Кәсіпорнымыздың да табысы көтеріліп, абыройы биіктей берсін!» – дейді батыр ана Клара Сариева.
Гүлбаршын БАЙНАЗАРОВА