©
Қазіргі таңда Маңғыстау облысының көлемінде көптеген қайырымдылық шаралары ұйымдастырылуда. Жомарт жандардың жасаған жақсылығы, әрине, көңіл қуантады. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен кейбір мекеме қызметкерлерінің қайырымдылық жасау барысында жағдайы төмен отбасыларына апарған азық-түліктерімен бірге балаларын тізіп қойып, суретке түсіріп, инстаграм, фейсбук желілеріне жүктеуді әдетке айналдырғаны қынжылтады. Бәлкім жоғарыдағы басшыларға осылай есеп беру ыңғайлы да болар. Алайда мұндай суреттердің «Бала болашағына кері әсері тимейді ме?», «Оның қатарластары сол үшін кемсітпейді ме?» деген әрбір адамға сұрақ келері анық. Жақында облыс басшысының қатысуымен өткен жиында осы мәселені қоғам белсенділері көтерген болатын. «Біздің аудан әкімдері мүжәлсіз отбасыларына азық-түлікпен көмек көрсетіп жүр. Көмек көрсеткені, әрине, жақсы. Бірақ апарған азық-түліктің қасына балаларымен бірге ата-анасын суретке түсіріп, оны желіге салады. Біздің ата-бабамыздың айтқан керемет өсиеті ба, «оң қолың бергенді сол қолың білмесін» деген. Біріншіден, қазіргі таңда кішкентай балалардың өзі интернетке кіреді. Ертеңгі күні бір-бірін танып қалса, басқа балалардың көзінше мазақтап, кемсітіп, дәрежесін түсірмейді ме?! Одан кейін ол баланың психикасына әсер етпей қоймайды. Сурет есеп беруге керек болар. Дегенмен мемлекеттік мекеме қызметкерлері түсірілген суреттерді желіге салудан қашығырақ жүрсе деген тілегім бар», – деді Қолғанат Нұржаубайұлы. Өз кезегінде облыс басшысы Е.Тоғжанов Қолғанат ағаның ұсынысын қолдап, қала, аудан әкімдеріне қаперге алуды тапсырды. «Өзін ғана ойлаған – жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған – адамдықтың белгісі» деген ата-бабамыздан қалған асыл сөздің мағынасын зерделей отыра, жоғарыда өз пікірін білдірген ел ағаларының айтқысы келген ойы: жасаған жақсылығымыздың бейнесін есеп беру құралы ретінде пайдалануға ұмтылмай, сол жағдайы төмен отбасында тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің көңілін көтеріп, қоғамға керек екенін сезіндіріп, қолдау көрсеткеніміз әсте дұрыс болар. Адамгершілікке арналған үш сауал болса, соның бірі – шөлге құдық қазу, екіншісі – өзенге көпір салу, үшіншісі – жолға ағаш егу деген екен көне көз қарияларымыз. Ендеше, сауап жинап жарысып, жақсылық жасауға асық болайық.Айгүл ОРЫНБАЕВА