Әйел – ең алдымен ана, отбасылық құндылықтардың тізгіні аналардың қолында. Сондықтан да халқымыз «Әйел - үйдің шырағы» деп аналарға ерекше құрмет жасайды. Аналардың еңбегін бәрінен үстем етеді. Көктемнің жарқын мерекесінің бірі - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Бейнеу әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 13 - ақпандағы №841 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Б.Әбілов аудандағы ардақты және көп балалы аналарға құрмет көрсетіп, аналарды мерекемен құттықтады. Салтанатты шарада алтынқұрсақты он төрт анаға «Алтын алқа» және он анаға «Күміс алқа» медальдарын тағып, куәліктерін табыс етті. Мемлекет басшысының осындай қамқорлығына бөленген аналардың қуанышында шек болған жоқ. Жүздері жайнап, көңілдері шад-шадыман болып, алғысын білдірді. Салтанатты шара соңында «Абыл» мәдениет үйінің қызметкерлері мемлекеттік наградаға ие болған аналарға мерекелік ән шашу тарту етті.
Үміт ҚАЗДАЕВА