Әлеуметтік кәсіпкерлікке жол ашатын «Жарқыра» жобасы Маңғыстау облысында да жүзеге аса бастады. Ақтаудағы «Ренессанс» мейманханасында жобаның қорытындысына арналған басқосу өтті. «Теңізшевройл» ЖШС қаржылық қолдауымен Орталық Азияның Еуразия Қоры (ОАЕҚ) жүзеге асыратын «Жарқыра» бағдарламасы аясында әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша үздік жобалар авторларына сертификаттар тапсыру салтанатында сөзінде «Теңізшевройл» ЖШС үкімет және жұртшылықпен байланыс бойынша бас менеджері Рзабек Артығалиев құттықтау сөз сөйледі. - Маңғыстау облысында келешек кеңею жобасы–Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы аясында жұммыстар жүргізіп жатқан «Теңізшевройл» ЖШС осы өңірде қысқа мерзімді әлеуметтік инвестициялар бағдарламасын жүзеге асыра бастады, - деді ол. - Атырау облысында сәтті жүзеге асырылып, 2016-2018 жылдары 21 әлеуметтік кәсіпкер сайыс жеңімпазы атанған «Жарқыра» жобасының нәтижелерін негізге ала отырып, жобаны Маңғыстау облысында бастап едік, қоырытынды қуантарлықтай болды. Сәтті жүзеге асқан бағдарлама облыстағы әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына үлес қосады деп сенеміз. Ал кәсіпкерлердің пайызсыз қайтарған қаржысы жобаның келесі жеңімпаздарына жұмсалады. Кез-келген кәсіпті жүргізіп алып кету басында оңай болмасы белгілі. Сол қиыншылықтардың алдын алу үшін жеңімпаздарымызды оқыттық, дайындадық. Байқауға 37 өтінім түсіп, оның 16-сы жартылай финалға жолдама алды. 26-27 ақпанда байқаудың жартылай финалшылары сарапшылар комитеті алдында әлеуметтік жобаларын қорғады. Оларға арнап қор маркетинг, қаржылар, стратегиялық жоспарлау және көпшілік алдында сөз сөйлеу дағдылары бойынша бизнес-тренингтер өткізді. Сонымен қатар қатысушылар бизнес-жоспар жазуда кеңес берушілердің көмегін алды. Алдағы уақытты ТМД елдерінде өтетін семинарларға қатыстырып, тәжірибе алмасуларына да жағдай жасаймыз. Сарапшылар 1 грант, 4 жылдық пайызсыз несие және 6 кәсіби тағылымдама түріндегі қаржылай қолдауға ие болатын 5 жобаны таңдап алды. «Жарқыра» бағдарламасының биылғы жалпы грант қоры 11 000 000 теңге болды. Ресейде 15 жылдай уақыттан бері табысты жүзеге асып келе жатқан әлеуметтік кәсіпкерлік елімізде екінші болып біздің өңірдің кәсіпкерлері қолға алды. Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау–бұл әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекетке көмек көрсету, ақылмен жасалған қайырымдылық десе де болады. Тұрғындардың осал топтарына қолдау көрсетіп, қоғамның өзекті мәселелерін шешуге көмектесетін бизнес түрін жүргізу грантын жеңіп алған 7 кәсіпкерге салтанатты түрде сертификаттар табысталды. «Балалар мен жасөспірімдерге STEM білім беру» жобасын ұсынған Нұрлан Жалғасбаев кәсіби тағылымдаманы ұтып алды. Нұрлан Ақтауда STEM (S-ғылым, T-технология, E-инженерия, M-математика) бағытындағы оқыту орталығын ашып жатыр. Оқыту 4 модульден—инженерия, бағдарламалау, робототехника және 3D модельдеуден тұрады. Ол басшылық ететін осындай орталық Жаңаөзен қаласында жұмыс істеп тұр. Ал Айшагүл Махамбетова «Ясин» медициналық орталығы жанындағы «Инсульт және жарақат алған науқастарды медициналық оңалту» жобасымен пайызсыз несие мен тағылымдамаға ие болды. Медициналық орталық мүмкіндігі шектеулі жандарды—инсульт, жарақат, инфаркт алған науқастар мен сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту үшін білікті медициналық көмек көрсетеді, сол арқылы олардың қоршаған әлеммен байланысын қалпыға келтірудегі физикалық және психологиялық кедергілерді жеңуіне көмектеседі. «Өркен» білім беру орталығының жанынан «Балалардың көру қабілетін оңалту кабинетін» ашу жобасы жеңіске жеткен Айбала Шалқарова кәсіби тағылымдама иеленді. Жоба көру қабілетін емдейтін және жаттықтыратын механикалық аппараттардың көмегімен балалардың көз ауруларының алдын алуға бағытталған. «Маңғыстау облысының капоэйра федерациясы» ҚБ жанынан «Балаларға арналған акробатикалық спорт түрлерін дамыту» жобасымен Ержан Сәрсенов пайызсыз несие мен тағылымдама ұтып алды. Ержанның жобасы дене күші әлсіз балалардың спортпен айналысуына мүмкіндік береді және облыс үшін акробатикалық спорт түрлерінің болашақ жаттықтырушыларын дайындайды. Әйелдерге әлеуметтік шұғыл жәрдем көрсететін «РАЙ» орталығы жанынан «Түшпара өндіру цехы» жобасымен пайызсыз несие мен тағылымдамаға ие болған Райхан Бекманова тұрмыстық зорлық зомбылыққа тап болған әйелдерге көмек көрсететін дағдарыс орталығында ұн өнімдерінің жартылай фабрикаттарын дайындайтын шағын цех ашады. Шағын цех әйелдерге қиын жағдайда жұмыс жасап, табыс табуға мүмкіндік береді. Сөйтіп, дағдарыс орталығының өз тәуелсіз қаржы көзі болады. Лаура Асырованың «Луара» қоғамдық орталығы жанынан «Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған инклюзивті демалыс (би терапиясы және жағажай)» жобасы байқау грантын және кәсіби тағылымдаманы ұтып алды. Лаура би-қозғалыс және теңіз терапиясы арқылы инклюзивті мәдени демалыс орталығын ашуды жоспарлап отыр. Мүгедек балалар мен жастар бейімделген жағажайда суда батпайтын арнайы креслоның арқасында теңізге түсе алады. «Балабақша жанынан қажеттіліктері ерекше балаларды оңалту кабинетін ашу» жобасымен Самал Ордабаева пайызсыз несиеге ие болды. Орталық Бейнеу ауданындағы Боранқұл ауылындағы жеке балабақшада ашылады. Балабақшада көрсетілген стандартты қызметтермен қатар балалардың жан-жақты дамуына, еркін ойлауына және тұлға ретінде қалыптасуына көңіл бөлінеді, логопед жұмыс жасайды, математика, ағылшын және орыс тілдерінен сабақтар жүргізіледі. Мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін қызмет көрсетіледі. Сертификат алған әлеуметтік кәсіпкерлердің барлығы жиналғандарды өз жобаларымен таныстырып, ұйымдастырушылар мен қолдау көрсеткендерге ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ салтанатты шараға қатысқан облыс әкімдігінің әлеуметтік бөлімдер басқармаларының, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының, «Даму» АҚ, Маңғыстау облысының Азаматтық альянсының және үкіметтік емес ұйымдардың, «Теңізшевройл» ЖШС және ОАЕҚ өкілдері «Жарқыра» жеңімпаздарына құтты болсын айтып, ізгі тілектерін жеткізді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="74731,74730,74733,74732"]