Көктем мерекесі қарсаңында алтын ұясынан сан қыранды ұшырған Мұнайлы ауданындағы №2 орта мектептің құрылғанына 35 жыл толды. Мерейлі мерекені мектеп ұжымы түрлі шараларымен дүркірете өткізді. №2 мектеп 1984 жылы №18 Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп болып ашылған болатын. Ол кезде 960 орындық мектеп болса, 2004 жылы 720 орындық қосымша құрылыс нысаны салынды. Осы жылдар ішінде 35 рет соңғы қоңырау соғылып, болашаққа беттеген бойжеткендер мен бозбалаларды үлкен сапарға аттандырған еді. Қазіргі таңда №2 орта мектеп болып аталып, тәжірибелі 154 оқытушы жұмыс жасауда. Олар өздерінің аға әріптестерінің дәстүрін жалғастырып келеді. 35 жыл ішінде білім ошағын Сисен Боқыбаев, Ғабдолла Жұмабаев, Мақсым Төлеген, Ерғали Құрашев, Якуб Аталиков, Есен Овезов, Қаршагүл Әділбе ковалар басқарса, қазір Өмірхан Тағаниязов басшылық қызметте жүйелі жұмыс жасап, балалардың жанжақты дамуына жол ашуда. Мектеп тарихында жағымды жаңалықтар, жеңісті күндер, біліктілі бағалар алып, «Алтын белгі» иегерлері жетерлік. Бүгінде олардың бәрі бір-бір мекеменің бетке ұстар білікті қызметкері атанған азаматтар. Дүбірлі тойға мектептің алғашқы түлектері де өз үлестерін қосты. 1984 жылы алғаш рет соңғы қоңырауын соққан жас түлектер мектепке кездесуге келді. Бір кездері арман қуып кеткен мектеп түлектері бүгінде бір-бір үйдің иесі, жол сілтейтін, үлгілі ата менен енесі болып отырған азаматтар мен азаматшалар. Ақ бантик таққан кездерін еске алып мектеп қабырғасына жиналды. Мектеп партасында отырып, оқушы кездегі қызықты сәттерімен бөлісті. Білім нәрімен сусындатқан ұстаздарын және өмірден өткен қатарлас достарын сағынышпен еске алды. Достары мен ұстаздарының суреттерінен слайд жасап, естелікке айналған бейнесіне қарап көздеріне жас алды. 35 жылдық кездесу кешіне мектептің алғашқы директоры Сисен Боқыбаев, қазіргі директоры Өмірхан Тағаниязов та қатысып, кеш қонақтарына ақжарма тілектерін арнады. Кездесуге келген мектептің алғашқы түлектері түлеп ұшқан алтын ұясына арнайы сыйлықтарын ұсынды. Ал мектеп ұжымы мерекелік көңіл күй мен әдемі кеш сыйлады. 35 жылдық тарихы бар мектептен елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері мен дара тұлғалар жетерлік. Айтыс өнерін биікке самғатып, айтыстың ақтаңгері атанып жүрген Мелс Қосымбаев та осы білім ошағының түлегі. Мектеп оқушылары өздері оқып жүрген оқу ордасында осындай дүлдүл ақын оқығанын біліп жүрсін, жақын танып білсін деген мақсатта ақынмен кездесу өткізді. Оқушылармен қуана кездескен ақын мектеп қабырғасындағы естеліктерімен бөлісті. Өмірлік тәлім-тәрбиесін айтып, ашық сұхбат өткізді. Балалар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ақынмен емінеркін сөйлесті. Ақындыққа жаны құмар оқушылар Мэлс ағаларына арнаған өлеңдерін оқып, домбыра шертетін дарындылар жыртермелерін орындап берді. Алтын ұясына арнайы келген айтыскер ақын мектебіне жыршумағын арнап, құлақ құрышын қандыра әуендетіп кетті. Жер-Анаға тіршілік нәрін сыйлаған көктем қарсаңында мерейтойын атап өткен білім ордасындағы нәзік жандыларды 8-наурыз мерекесімен құттықтап, балаға сапалы білім мен саналы тәлімтәрбие беру істеріне әрдайым жемісті еңбек тілейміз.
Гүлнара ТАСБОЛАТОВА