Нәзік жандыларға қандай мақтау айтсаң да жарасымды. Себебі бұл мақтау – құр мадақ емес, қардай аппақ, судай мөлдір ақиқат. Аты нәзік болса да, заты мықты, түн ұйқысын төрт бөліп, перзентінің саулығы үшін ештеңеден тайсалмайтын ақ жаулықты аналар — асылдардың асылы екендігінің айғағы. "Мен 1973 жылы Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, одан кейін 1978 жылдан бастап Шайыр орта мектебінде оқыдым. Себебі анам мені нағашы әжемнің қолына берді. Содан кейінгі балалық, бойжеткен, келіндік, қазіргі әжелік шағымда осы Қаратаудың бойындағы Шайыр ауылында өтуде", - дейді Ә.Балғабайқызы. Өнер иесінің бойындағы қабілетін танып, жастайынан өнерге баулыған ұстаздары, әрі үлгі тұтқан өнер майталмандары Қыдырбай Тұрмағанбетұлы, Сағынғали Нұрғожаев, Әбіл Жұмағалиев болса, одан әрі ұстаздық тәлімді Алмажай Жарылғасов, Шархат Іздібаевадан алған. Ол ардақты ана, адал жар, тату абысын, көркем мінезді келін. Бала күтімімен біраз жылдар үйде отырған Әсима 2004 жылы маусым айынан өнер жолындағы жұмысын бастады. Ол кезінде осы ауылдың төл перзенті Қ.Тұрмағанбетов қорғап халық театры атағын алған, Шайыр мәдениет үйінің режиссеры қызметіне орналасады. Бұл саланың кәсіби маманы болмаса да, аянбай еткен еңбегінің арқасында жеткен жетістіктері де жоқ емес. Ол өзінің алдында жұмыс жасаған жандардың жетістігі мен абыройын төмен түсірмей, ілгері алып жүрді. Жастайынан әнге жаны құмар ол әлі күнге дейін сахнаның сәні. «Мәдениет қызығы да, қиындығы да бар сала. Қызығы сол концерт, қойылым дайындап, үнемі көтеріңкі көңіл күйде жүресің. Ал енді қиындығына келер болсам, дайын қойылым жоқтың қасы, сондықтан оны жазу керек. Көбіне сценариді өзіміз жазып, дайындаймыз. Дегенмен де жұмысымыздың жақсы нәтижесін көріп жатамыз», - дейді өнер иесі. Ә.Қойлыбаеваның сценариі бойынша жазылған «Оралу» қойылымы көрерменнің ыстық ықыласына бөленсе, 2015 жылы «Есірткісіз есті әлем» драмасы облыстан бас жүлдені жеңіп алды, ал 2016 жылы Шайыр халық театры «Адасқан тағдыр» қойылымын қойып ауданнан жүлделі 2 орынды иеленді. Халқымыз «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген. Осыдан 31 жыл бұрын Шайыр ауылына келін атанған Әсима, әйелдің бақыты - өмірлік жарымен бақытты ғұмыр кешіп, перзенттерін жақсылап тәрбилеу, олардың қызығын көру деп біледі. Ол 1988 жылы шаңырақ көтерген жолдасы Әділбай Боранбаев екеуі бүгінде қызғалдақтай 4 қыз бен алтын асықтай 3 ұл тәрбиелеп, немере мен жиен сүйіп отырған үлгілі отбасы. «Әрбір ана өз шаңырағында ақылшы, пана, биік тұлға деп ойлаймын. Мен де ұл-қыздарыма адами тұрғыдан жақсы тәрбие беріп отырамын «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, анасынан көрген тәрбиені қыз бала барған жерінде жалғастыратын болғандықтан, анасы жақсы тәрбие беру керек», - дейді ол. Бүгінде өмірдің заңдылығымен өз жұбын тапқан қыздары бір-бір үйдің абыройлы келіні болып отыр. Өзі де ене атанып отырған ол «Келініммен татумыз, өзімнің өмірден алғаным мен көргенімді үйретуге тырысамын. Мен де кезінде төрт жылдай енеммен бірге тұрдым, білгенімнен білмегенім көп болып, енемнен көп нәрсені үйрендім. Сол кезді қазір ене болып мен басымнан өткеріп жатырмын», - дейді. Бұл отбасының балалары да өнерден алыс емес, барлығы да ән айтады. Ұлдарының бәрі де ұйқасын келтіре қара өлең жазып, ақындық қырымен танылып жүрсе, шаңырақтың кенжесі Құрманғазы — болашақ күйші. Жақында Шайыр мәдениет үйінде «Өнер биігіндегі өнегелі ана» деген атаумен алтын құрсақты үлгілі ана, 15 жыл өмірін өнерге, соның ішінде театр қызметіне арнаған Әсима Қойлыбаеваның зейнетке шығуына орай отбасылық кеш өтті. Кеш барысында «Өрлеу» мекемесінің басшысы М.Дуланова, Жыңғылды мәдениет үйінен К.Есенова, Л.Сәдуова, Н.Сағынбай, сонымен қатар Т.Жалғасбайұлы атындағы Шайыр орта мектебінің директоры К.Серікбай құттықтап, лебіздерін білдірді. Шайыр халық театрының режиссерлік тізгінін Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-нде «Мәдени тынығу жұмысы» мамандығын тәмамдаған ортаншы ұлы Серікболсын Әділбайұлына тапсырды. "Биылғы 2019 жылды Елбасымыз жастар жылы деп жариялады. Әрине, жастар — біздің болашағымыз. Жастарға жарқын болашақ, жақсылық тілеймін! Білімді, патриот жастар көп. Солар еліне жастық күш-жігерін, еңбегін арнаса деймін", – деп тілегін білдірді Ә.Қойлыбаева.
Данагүл АЛИЕВА