Ана – үйдің берекесі, қыз баланың өнегесі, шаруаның несібесі. Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды. Қиын тағдырдың қаталдығына қарамастан балаларына бар мейірімі мен махаббатын аямайды. Ананың шуағымен жылынып, құшағында мейір алып жүрген біз алтын ананы мәңгі қастерлеп, баға жетпес асылға теңеп келеміз. Сондай асыл аналардың бірі Қанзия Сақауова — бүгінде 103 жасқа аяқ басқалы отыр. Әкесі руы Беріш Мәстек пен анасы Тосаштың тәлім-тәрбиесін алып, жастайынан таңның атысынан күннің батысына дейін ер азаматтарша белді бекем буып, шаруашылықтың қайнаған ортасында тәлім-тәрбие алды. Жас болса да елдегі ауыр еңбектің салмағын иығымен көтерген қария қазіргі бейбітшілік өмірге шүкір айтады. 1941 жылы соғыс басталып, ауыл азаматтарымен бірге жолдасы Ізмұрза да майдан алаңына аттанып кетеді. Азаматын соғысқа аттандырып, өзі елде шиіттей екі баламен қалған Қанзия анамыз ауыр кезеңде, әйел басымен барлық шаруаны өз мойнына алып қалды. Елде қалып, ерінің жолын тосқан ол азаматының қайтып оралмайтынына сенбеген де еді. Сұм соғыс 26 жасында жесір атандырып, жүрегіне мәңгі жара салды. Тағдырдың тәлкегіне ерте көндіккен ол енді екі баласы үшін өмір сүреді. Көзінің ағы мен қарасындай болған қос құлынын қайтсем тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай жеткіземін деп аянып қалмады. Қандай жұмыс болса да ауыр, жеңіліне қарамай білек сыбана кірісіп кетті. Олардың «Табанына кірген тікен менің маңдайыма қадалсын» деп жеткізген екі баласынан бүгінде 15 немере, 46 шөбере, 15 шөпшек сүйіп отыр. - Кей күндері шаршап, шалдыққан, әбден зорыққан кездеріміз де болды. Күннің ыстық-суығына қарамай, тыңбай еңбек еттік. Кешке үйге келгенде де тыным таппай, әскерге қажетті шұлық, қолғап тоқып, таңертең ерте тапсыратынбыз. Сондағы мақсатымыз — елін-жерін қорғауға кеткен әр ер азаматтың аман-есен елге оралғаны. Қазір Аллаға шүкір, ел аман, жұрт тыныш, не ішемін, не киемін деп уайымдамайсың. Бейбіт елімізде енді соғыс болмасын, ұрпағымыз қасірет тартпасын, Алладан не тілесеңдер де қабыл болсын, - деп ақ батасын береді ғазиз ана. Ғасырдан ұзақ ғұмыр кешкен ардақты әжемізді алда келе жатқан 8-наурыз халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтай отырып, отбасыңызға береке, немере, шөберелеріңіздің қызығын көре беруді тілейміз!
Ш.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ