Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсанындағы №919 «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, елімізде ерікті қоныс аудару бағдарламасы соңғы жылдары қарқынды жүзеге асып келеді. Соның ішінде Маңғыстау өңірі де осы мемлекеттік бағдарламаны жергілікті халықтың игілігі үшін пайдаға асырып отырған аймақтардың бірі болып отыр.
Халықты тұрақты табыс көзі бар жұмысқа орналастырып, баспанамен қамтамасыз ету, бағдарламаға қатысушылар арасында кәсіпкерлікке ден қойып, өз ісін ашам деушілер болса, олардың өз кәсібін дөңгелетуіне қолдау білдіріп, жеңілдіктер жасауға мүмкіндік беру және ҚР көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Батырбек Ибрашов бастаған төрт облыстың өкілдері, атап айтқанда Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының 17 өкілі Бейнеудегі «Абыл» мәдениет үйінде бос жұмыс орын жәрмеңкесін өткізді. Бос жұмыс орын жәрмеңкесіне ауданымыздан мыңға жуық тұрғындар қатысты. Аталған бағдарлама бойынша қазіргі уақытқа дейін солтүстік өңірлерге ауданнан 15 адамы бар 5 отбасы қоныс аударған. Олар жұмыспен, тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, өздерінің алға қойған мақсаттарына бір табан жақындаған. Сонымен қатар бұл өткізілген жұмыс жәрмеңкесіне ауданымыздың 38 мекемесінен 98 бос жұмыс орындары ұсынылды. Олардың қатарында Бейнеу ауданының жеті ауылының мекемелері және көрші Атырау облысында орналасқан «Саян», «Тұрмыс қызмет», «Sunqar security» жауакершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Жәрмеңкеге келген өкілдер аудан тұрғындарына өз елді мекендеріндегі қазіргі уақытта қажет болып отырған әр түрлі саладағы бос жұмыс орындары туралы және сол ұсынылған жұмыстарға барам деушілерге қандай әлеуметтік жағдай жасалатындығы, қандай мөлшерде еңбек ақы төленетіндігі, сондай-ақ елді мекендерінің өмір тынысы туралы егжей-тегжейлі түсіндірді. - «Біз Шығыс Қазақстан облысы ауылшаруалық өндірісі жақсы дамыған өңірлердің біріміз. Біздің облысымызда ауылшаруашылық, соның ішінде егін, мал шаруашылығы өндіріс орындарына маман тапшы. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданына әр түрлі салаға жиырмаға жуық маман қажеттілігі болса, Ұлан ауданының өзіне педагог саласына 14 маман, денсаулық сақтау саласына 14 маман, ауылшаруашылық өндірісіне 19 кадр, өзге салаға 12 маман, барлығы 59 маманға сұраныс бар», - дейді Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы әкімдігінің «Жұмыспен қамту» орталығының директоры Оразбек Кеңшіліков. - «2018 жылдан бері қолға алынған жастарға арналған бірегей бағдарлама «Zhas Project» жобасы оқымайтын және жұмыс істемейтін жұмыссыз жастарға, жұмыс жасап, бірақ табысы төмен жастар үшін таптырмас ерекше мүмкіндік. Бұл жобаға 14 тен 29 жасқа дейінгі жастар қатысып, өз әлеуметтік жобасын ұсына алады. Жобасын қорғап, жұмыс жасаймын дейтін жастарға мемлекет тарапынан бір миллионға дейін грант беріліп, өз жобасы бойынша жұмыс жасауына мүмкіндігі бар», - дейді «Zhas Project» жобасының Бейнеу ауданындағы өкілі Алтынай Толыбаева. - «Мен бүгінгі өткізіліп жатырған жәрмеңкеге жұмыс іздеп келушілердің бірімін. 2017 жылы «Мектепке дейінгі тәрбиеші» мамандығы бойыншы колледж бітіріп, Сарға елді мекеніндегі балабақшада және Жаңаөзен қаласындағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші қызметін атқардым. Қазіргі таңда жұмыссызбын. Егер ата-анам рұқсат берсе, жұмыс күші тапшы өңірге барып жұмыс жасайтын ойым бар. Себебі өкілдердің ұсынылып отырған аудандарында мамандығым бойынша сұраныс бар және мемлекеттік қолдаулары өзіме ұнады», - дейді аудан жастарының бірі Айгерім Нұрымова. Айта кету керек, мемлекет тарапынан ерікті бағдарламаға қатысушыларға 35 айлық көрсеткіш бойынша, яғни отбасының әр мүшесіне 88 мың теңге төленеді. Бағдарламаға қатысушының отбасына 12 ай бойы тұрғын үйді жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарын өтеуге 37875 - 75750 теңге аралығында материалдық көмек беріледі. Қажет болған жайғайда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымына және қысқа мерзімді кәсіптік курстарға тегін оқытады. Балабақша, мектеп, аурухана мәселелерін де жергілікті билік өзі шешіп береді. Үй салып, жеке шаруашылық ашамын дейтін тұрғындарға ауылдық жерлерден тегін жер телімі беріледі. Яғни, тұрмысын жақсартам, еңбек етем деген адамға бұл таптырмас мүмкіндік. Жәрмеңкеде ұсынылған бос жұмыс орындарына екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастардың мына мүмкіндікті пайдаланып, еліміздің солтүстік және шығыс өңірлеріне қоныс аударып, барғаны дұрыс-ау деп ойлаймын.Үміт ҚАЗДАЕВА