©
Жылдың қай мезгілі болмасын өзіне тән әсемдігімен ерекшеленіп тұрады. Мәселен, қыс маусымы мамықтай жұмсақ аппақ қары, кіршіксіз таза ауасымен есте қалса, ал көктемде жер ана бусанып, тоңы жібіп, тіршілік атаулыға жан бітіп, мамыражай күйге енеді. Сонымен қатар көктем мезгілі мерекелерге толы кез. Наурыз айының алғашқы күні өзгелерден өзіндік өзгешелігі бар мейрам – Алғыс айту күні. Бұл күн елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Елбасының келісім мен бейбітшілік саясатының салтанатты күні. Көктемнің алғашқы мерекесі қарсаңында мектебіміздің білікті ұстазы, талай шәкірттің алғысын арқалаған жан, бар білгенін бала бойына сіңіруден еш аянбаған тұлға Қайыр Сейтмағанбетке алғыс айтқым келіп отыр. «Білім біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік сол білімді іске асыра білу дағдысы», - деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, білім қоғамның рухани өркендеуінің кепілі ғана емес, жалпы өмір дамуының өзекті сипаты. Елбасы халыққа арнаған әр Жолдауында әлемдегі алдыңғы қатарлы озық елдің қатарынан орын алу керектігін айтып отырады. Ондай биікке жету үшін халқымыздың әл-ауқатын арттырумен бірге білім жағынан мықты болуымыз керек. Мектеп жетістігі онда еңбек ететін ұстаздар белсенділігімен тікелей байланысты десем, артық айтқаным емес. Мұғалім-мектептің жүрегі дейтін болсақ, Жармыш орта мектебінде абзал ісімен өзгеге өнеге болып жүрген ұстаздар баршылық. Солардың бірі – осы мектеп қабырғасында ұзақ жылдан бері жемісті жұмыс жасап, ұрпақ тәрбиесіне ұлағатты үлесін қосып келе жатқан Қайыр Сейтмағанбет. Ол Қарағанды дене тәрбиесі институтын бітірген соң еңбек жолын Жармыш орта мектебінен бастап, бүгінгі таңда 38 жылға жуық еңбек өтілі бар ұстаз. Ел ертеңі - болашақ ұрпақты білім, білігімен қатар дені сау, шыныққан шымыр шәкірт тәрбиелеуде тынымсыз тер төгіп келе жатқан майталман мұғалім. Оның тәрбиесін көрген, тәлімін алған оқушылар бүгінде аудан мен облыстың чемпиондары. Олар, әсіресе қазақ күресі, дзюдо, самбодан, жеңіл атлетиканың бірнеше түрінен және волейбол, баскетбол ойындарының жеңімпаздары. Өткен жылы бір шәкірті Ер Қосай атындағы халықаралық турнирде дзюдодан чемпион атанса, енді бірі самбо күресінен Грузияға жолдама алды. Жуырда ғана 3 оқушы халықаралық, 1 оқушы республикалық жарыстарға кетті. Күрестен, тоғызқұмалақтан 20-ға жуық оқушысы республикалық жарысқа қатысып, жүлдегерлер сапынан көрінді.Сейтмағанбет Қайыр өз еңбек жолында тек дене тәрбиесі мұғалімімен шектелген жоқ. Ол 1990 жылы мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары қызметінде 15 жыл жасаса, 2 жыл мектеп психологі болды. Соңғы 10 жылда мектеп директорының оқыту жөніндегі орынбасары лауазымында жұмыс жасап келеді.
Жарты ғасырға жуық мұғалімдік қызметінің жемісін оның марапаттарынан көруге болады. Аудан, облыс, республика көлемінде іс-тәжірибесі таратылып, 1987-жылы Қазақ СССР-і оқу министрлігі мен «кәсіподақ» комитетінің Құрмет грамотасымен, 1982, 2012 жылдары аудан, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, ұзақ жылдардағы жемісі үшін 2016 жылы тамызда «Ыбрай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Қайыр тек мектепте ғана емес, ауылдың қоғамдық жұмыстарына да белсене араласады, ауылдың ардақты азаматы, ата-аналар алдында беделді зор ұстаз. Жұбайы екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасының тірегі. Ел келешегіне кемел етер білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында ерен еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаз Қайыр Сейтмағанбеттің шәкірт тәрбиелеу жолында еткен еңбегіне зор алғыс айтқым келеді.Байбол ОЗҒАНБАЕВ, Жармыш орта мектебінің физика пәні мұғалімі