©
Бұл тұрғыда аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі қазіргі уақытта елдімекен ішінде иесіз бос жүретін жануарлар көбейіп отырғанына шара қолданылатынын тұрғындарға хабарлау мақсатында арнайы отырыс жасады. Түсіндірме жұмыстарына аталған мәселе бойынша Маңғыстау облыстық мәслихатының 2015 жылғы 10 желтоқсандағы № 29/443 «Түпқараған ауданының елді мекендерінің аумағында жануарларды асырау қағидалары туралы» шешімі таныстырылды. - Осы шешімнің 18-тармағы көшелерде, алаңдарда, саябақтарда, теміржол мен автокөлік жолдарына тиесілі аймақтарда және басқа да қоғамдық орындарда жануарларды жаюға, сондай-ақ қараушысыз бос жіберуге тыйым салынады. Жануарлар жергілікті атқарушы органдармен белгіленген жайылымдық жер телімдерінде жайылуы тиісті. Жануарларды жайғанда және айдап өткенде тұрғындардың қауіпсіздігіне жануарлардың иесі жауапты және 25-тармағында елдімекендердің санитарлық аймақтарында, көшелерде, алаңдарда, саябақтарда және көпшілік жиналатын қоғамдық орындарда қараушысыз бос жүрген жануарлар қараусыз жануарлар деп есептеледі және арнайы жабдықталған орындарға иесі табылғанға дейін қамауға жатады делінген. Ал 26-тармағы қараусыз жануарларды ұстау және иесіне қайтару Қазақстан Республикасы азаматтық кодексінің 246-бабына сәйкес жүргізілетінін келтіреді. 27-тармағы қараусыз ауыл шаруашылығы жануарларын арнайы жабдықталған орынға жеткізу, тасымалдау, күзету, ұстап, күту үшін шыққан шығындардың орнын қараусыз малды ұстауға жауапты кәсіпорын берген шоттарға сәйкес жануарлардың иелері өтейді делінген. Жоғарыда аталған заңдылықтарды басшылыққа ала отырып, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 505-бабы бойынша жеке тұлғаларға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатындығын тұрғындар білсе дейміз. Себебі иесіз бос жүрген жануарлар адамдардың жүріп, тұруына және елдімекен тазалығына кері әсерін тигізіп отыр, - деп мәлімдеді ауылшаруашылық және ветеринария бөлімінің маманы Т.Күзенбайұлы.Өз тілшімізден