Ел басына күн туған қилы замандарда халқымызды сақтап қалған ынтымақ пен бірлік екені баршамызға белгілі. Адамзат тарихында болған зобалаң жылдарда елім, жерім деп өткен батыр бабаларымыз қайсарлықтың, шыдамдылықтың, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп, келер ұрпағына тәуелсіздікті тарту етті. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның басты байлығы да – көп ұлтты халқының татулығы. Берекені бетке ұстаған басы бір ел егемендік жылдарында шаңырағын тіктеп, барша халық татулық пен түсіністікке, тыныштық пен тұрақтылыққа ұйыды. Бейбітшіліктің киелі бесігі болған бірлігі бекем елімізде тарих толқынында тоғысқан түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында ынтымақтастықта тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. 1 наурыз – Алғыс айту күні. Еліміздің түкпір-түкпірінде әр түрлі мәдени рухани шаралар ұйымдастырылып, бұл күннің маңызына ерекше мән беріледі. Алғыс айту күні – Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Алғыс айту тұрақтылық пен татулықты, береке мен бірлікті нығайтады. – Мен, Құрбанәлі Ғазизбеков Маңғыстау өңіріне келгеніме 25 жылдың жүзі болды. Өзге ұлт өкілдері секілді, біздің де қазақ жұртына айтар алғысымыз мол. Өзім және бауырларым осында қызмет етіп жатырмыз. Тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін қазақ халқы құшақ жая қарсы алып, басқа түскен ауыртпашылықты бірге көтере білді. Сондықтан Алғыс айту күнін тарихқа тағзым ету деп түсінуге де болады. Бұл – тәуелсіз Қазақстанды құру жолында ерінбей еңбек етіп, маңдай терін төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні. Қырғыз халқын жатсынбай, қарсы алғаны үшін қазақ еліне қарыздармыз. Барлық мақсат-мүддеміз – елге қызмет ету. Ұлттық мерекелерге, тағылымды іс-шараларға белсене қатысуды, ұлттар арасындағы татулықты дәріптеуді міндет санаймын. Бір-біріміздің бойымыздан жақсылық іздейік. Жақсылық іздеген жақсылыққа жолығады. Барымызды бағалайық. Алғыс айтайық. Елбасы айтқандай, Алғыс айту күні игі дәстүрге айналып, халқымыздың ең сүйікті мерекелерінің бірі боларына сенемін. Бірлік, ынтымақ болса, жетістік те, жарқын болашақ та болады. Сондықтан бір-бірімізге, көршілерімізге, айналамыздағы жандарға алғыс айтсақ, бұл – біздің бір-бірімізді бағалағанымыз.
Құрбанәлі ҒАЗИЗБЕКОВ, «Ала ТОО» этномәдени бірлестігінің төрағасы