Қаңтар айының 30-31-күндері Щучье қаласында өткен XIV «Зерде» республикалық оқушылардың зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарының конкурсына осы жылы Маңғыстау облысынан 37 оқушы қатынасып қайтқан. Оның 8 оқушысы түпқарағандықтар. Түпқараған аудандық білім бөлімінің хабарлауынша, ауданнан барған 8 оқушының бесеуі – І орынмен, біреуі – ІІ орынмен және екеуі ІІІ орынмен оралған. Олардың ішінде «Маңғыстау жеріндегі Қаратау бұлақтарының ерекшеліктері» атты тақырыпты қорғаған Мырзахмет Кәусар мен Аида Жалқасова, «Цифрлы технология – болашақ, білімді ұрпақ» атты тақырыпты қорғаған Рамазан Мұхамбет, «Ауылымның цементті көк тастары» атты тақырыппен Рабия Сағидолла, «Тұз кристалдарынан алынған дәрумендер» тақырыбымен Байырхан Багитжан І орындарды иеленіп келген. Ал ІІ орынды иеленген Дария Жетібай «Менің әлемімдегі фантастика» тақырыбын қорғаған. Інжу Қалаубекқызы Қызылөзен ауылындағы З.Баймырзаев атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы. 10 жастағы ол осы «Зердеден» ІІІ дәрежелі дипломмен жүлделі келді. «Жалбыздың емдік қасиеті» деген тақырыпта өзінің жұмысын қорғаған оқушы жалбыздың адамға пайдалы қасиеттері мен түрлеріне ерекше тоқталған. – Мысалы, жалбыздан сабын, мазь, шәрбат, тіс пастасына қосуға болатынын көбіміз білеміз. Бірақ оның шәйін ішу салқын тигенді кетіруге көмектесіп, иммунды сергітіп, бас ауруын жазатынын білсек те мән бермей, бірінші кезекте аптекадағы дәрілерді пайдаланамыз. Зерттедік, кітаптардан, интернеттен қарап, слайд жасадық. Одан бөлек оның жөтелді азайтатын, тұмауды кетіретін, жүректің жұмысын жақсартатын, ең бастысы ұйқыны тыныштандыратын да қасиеттері бар екен. Ұстазым Айсұлу Өтегеннің көмегімен оның 101 ауруға ем екенін дәлелдеуге тырыстым. Сулы жерлерде өсетін жалбыз Маңғыстаудың табиғатына шыдамдылық таныта бермейді екен. 9 түрі бар, бірақ мен оның бұрышты, ақ, қара, көк, барқыт жапырақ, арық жалбыз деген түрлерін білемін. Үйде «бұрышты жалбыз» деген түрін өсіремін. Оның иісі қасына келгенде байқалады, бірақ емдік емес, - деді өз жұмысы жайында. Өскенде табиғатты зерттеуші мамандығын игерсем деген Інжуді осы байқаудағы балалардың басқа да тақырыптары қызықтырған екен. – Бұрын «Зерденің» облыстық деңгейдегі «Жазылым» бағытында математика, қазақ тілі пәндері бойынша қатысқанмын. «Айтылым» байқауына бірінші рет қатысуым. Өзге балалардың ғылыми жұмыстарымен де таныс болдық. Маған Түпқараған ауданынан барған Мәдина деген қыздың «Тәттілердің тәттісі – шоколад» деген жұмысы ұнады. Таза шоколадты тек тәттілік үшін қолдану емес, оның түрлі емдік қасиеті барын білдік. Маңғыстау облысынан барған бастауыш сыныптың бір оқушысы «Құйрық май мен жусаннан сабын жасау» технологиясын таныстырып, Гран-при жүлдесін ұтты. Мен үшін бұлар өте қызық тақырыптар болды. Осындай жақсы жаңалықтарды естіп, көптеген оқушылармен таныс, дос болып қайттық. Бос уақыттың барлығында қыдырып, табиғатқа саяхаттадық. Өзім іштей «Маңғыстаудан барған барлық бала орын алса екен» деп іштей тілеп жүрдім. Қорытындысында барлық 37 бала жүлделі келдік. Өте қуанышты сәт болды, - деген Інжу Қалаубекқызы болашақта басқа да тақырыптарда зерттеу жұмыстарын жүргізетінін айтып берді.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА